– Ертеңгі ойын жайлы не ойлайсыз? Пирейдегідей оңай жеңіске жетеміз деп ойлайсыз ба?
– Әлбетте, біз Астанаға тек жеңіс үшін келдік. Ойын оңай бола ма, жоқ па, оны ертең көреміз. Дегенмен, қарсыласымыз да қарап қалмайды деп ойлаймыз. Өйткені, «Астанаға» да тек жеңіс керек. Бұл олардың топтық кезеңнен шығатын соңғы мүмкіндіктері. Сондықтан, ертең бізді өте ауыр ойын күтіп тұр.
– «Астана» өз алаңында соңғы 10 ойында әлі бірде-бір жеңіліп көрмеген. Мұнда тіпті, «Атлетико», «Бенфика», «Галатасарай» сынды командалар да келіп, тең нәтижеге қанағат білдіріп қайтқан. Бенту мырза Қазақстан астанасынан ар кетсе бір ғана ұпай алып кете алатынын біледі ме?
– Иә, біз «Астананың» мұндай жетістіктерінен хабардармыз. Мұнда Еуропаның алпауыттарының өзі бір ұпай ғана алып кете алған. Біздің мақсатымыз, бірінші кезекте жақсы ойнау, екінші ретте жеңіске жету. «Астананың» өз алаңында жеңілмейтіні бізге екі есе мотивация береді.
– Жақында «Олимпиакос» – «Панатинайкос» дербиі. Барлық билеттер өтіп кеткен. Футболшылар ертеңгі ойыннан кейін «Панатинайкосқа» қаншалықты дайын болады?
– Дербиге барлық билеттердің сатылып кететінін алдын ала болжағанбыз. Бұл үшін жанкүйерлерге алғысымыз шексіз. Дегенмен, бізге бірінші ретте ертеңгі ойын маңызды. Одан кейін жексенбідегі ішкі чемпионаттың ойынына дайындаламыз.
– Жалпы, «Олимпиакостың» осы маусымда Еуропа лигасында алдарына қойған мақсаты қандай?
– Біз Еуропа лигасына тыңғылықты дайындалдық. Мақсатымыз, осы маусымның көктемгі маусымына жолдама алу. Топтан бірінші орынмен шығуды көздейміз.
– Ең бірінші кездесуді «Янг Бойзбен» өткізген едіңіздер. Содан бері «Олимпиакос» ойыны қаншалықты өзгерді?
– Бірден ештеңе өзгеріп кетпейді ғой. Дегенмен, бәрі өз кезегімен. Ақырындап ойынымыз жақсарып келеді.