Вернуться к списку статей

Станимир Стойлов – "Олимпиакосқа" қарсы ойынға 10-ақ футболшым қалды

Футбол
2K
Станимир Стойлов -
Еуропа лигасының топтық кезеңі аясында өтетін "Астана" – "Олимпиакос" кездесуінің қарсаңында елордалықтардың бас бапкері Станимир Стойлов журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізіп, біраз қызықты мәселелерді көтерді.

– «Олимпиакос» – біздің топтың ең мықты командалардың бірі. Дегенмен, ертең біз жеңіс үшін ойнаймыз. Пирейде жіберген есені қайтарғымыз келеді. Мұны футболшылар да жақсы түсінеді деп ойлаймын. Матч қаншалықты ауыр болса, жеңіс те соншалықты тәтті болмақ.

– «Астана» сапында жарақат алған ойыншылар көп деп естиміз. Жалпы, ертеңгі ойында кімдер командаға көмектесе алмайды?

– Өкінішке қарай, шынымен де командада жарақат алған ойыншылар көп. Марин Аничичтен бөлек, Игорь Шитовтың да жарақаты бар. Иә, Шитов ел чемпионатының соңғы турында алаңға кішкене шыққан. Бірақ, жағдайы қалай екенін білмей отырмын. Аничич те солай. Оның да жағдайы бүгінгі жаттығудан кейін белгілі болады. Жартылай қорғаушымыз Асқат Тағыберген де алаңға шыға алмайды. Роджер Каньяс өткен матчта алаңнан қуылған. Бүгін маған клуб дәрігері Таңат Нөсербаевтың да өзін нашар сезініп тұрғанын айтты. Бұлардың қатарына Азат Нұрғалиевті де қосыңыз. Осылайша менің қарамағымда бар болғаны 10 ғана ойыншы қалды.

– Орталық жартылай қорғаушылардың бірі Роджер Каньяс қызыл қағазға байланысты алаңға шыға алмайды. Ал Асқат Тағыбергеннің жарақаты бар. Яғни сізде бұл шепте тек Неманья Максимович қана қалды. Ертең Неманьямен бірге кім жұп құрайды?

– Басында менде мынадай ой болған. Егер Аничичтің жағдайы жақсы болса, онда төрт қорғаушымен ойнап, Абзал Бейсебековті орталық шепке қоямыз деп ойлағанмын. Немесе, Шотландиядағы ойындағыдай Серікжан Мужиковті төмен түсіретін идея болған. Бірақ соңғы жарақаттар тағы да тактикалық жүйелеріме өзгеріс енгізіп жіберді. Енді қалай ойнасақ дұрыс болатыны жөнінде тағы бас қатыратын болдым. Бүгін және ертең бапкерлер алқасымен бір шешімге келеміз деп ойлаймын.

– Ел чемпионатының соңғы екі турында сіз Астана футбол мектебінің жас түлектерін ақырындап алаңға шығарып көрген едіңіз. Жақын болашақта солардың ішінде Еуропа лигасында ойнай алатындары бар ма? Ертең де сол жастарды алаңға шығарып, тәуекелге бел буғыңыз келмей ме?

– Жергілікті жастарының жайын жақсы түсінемін. Өйткені, «Астана» футбол клубының деңгейі көтеріліп кеткеннен кейін негізгі құрамға кіру де қиындап кетті. Егер «Астана» сапында ойнағың келсе, онда сен де соның деңгейіне лайық болуың қажет. Иә, соңғы екі матчта жастар жақсы ойнады. Алаңда барын салды. Алайда, оларды әлі ұзақ жол күтіп тұр. Әр жаттығуда жанын салып, өздерінің шын мықты екендіктерін дәлелдесе, өздеріне де негізгі құрамнан орын алуға оңай болады. Негізі «Астана» сияқты командада бір жас ойыншыны алаңға шығарып тұруға болады. Оның қателігін қасындағы тәжірибелі әріптестері білдірмей тастайды. Бірақ, ең бастысы, жас футболшының да көзінен от жанып тұру қажет.

– Станимир, ел чемпионы атанып, «Астана» басты мақсатын орындап қойды. Еуропа лигасында да міндетті түрде топтан шығу керек деген мақсат жоқ. Осыған сәйкес, ертеңгі ойында футболшыларымыздан ашық ойын көре аламыз ба?

– «Астана» ешқашан жабық футболды ойнамайды. Біз әрдайым қорғаныс пен шабуылға қатар көңіл бөліп, жанкүйерлер үшін алаңға шығамыз. Тек қана қорғаныс немесе тек шабуыл деп ойнасаң, одан пайда таппайсың. Ертең біз жеңіс үшін ойнаймыз.

– Биыл «Астана» неліктен топтан шығу жайлы мақсат қойып отырған жоқ?

– Иә, біз де әр ойында жеңіске жетіп, Еуропада атой салғымыз келеді. Бірақ, шынымен де, бізге Еуропа лигасының топтық кезеңінен оза шығу жайлы мақсат қоюға әлі ерте. Ол үшін тек біз емес, Қазақстанның барлық клубтары қатар дамуы қажет. Инфрақұрылым дамып, стадиондар салынуы тиіс. Әйтпесе, бүгін бар, ертең жоқ командалардың бірі болып қала береміз. Бір кездері Еуропа лигасында көсіле шапқан «Шахтердің» қазір қайда екенін баршаңыз жақсы білесіздер. Тұрақтылық қажет. Сондай-ақ, әр аймақта өзінің халықаралық стандарттарға сай стадиондары болып, алаңы жайлы, киім ауыстыру бөлмесі ыңғайлы болса, онда Қазақстан футболы да дамиды. Клубтар дамыса, жергілікті футболшылардың да деңгейі өседі және ұлттық құраманың да көрсеткіштері жақсарады.

– Инфрақұрылым жайын ары қарай жалғастырсақ. Қыста «Астана-Арена» стадионының жасанды желегін алмастырып, орнына табиғи желек төсейді деген әңгімелер бар. Сіз бұл бастаманы қолдайсыз ба?

– Біздің әлемде жабық шатырлы стадионға табиғи желек төсей алатын адам бар деп ойламаймын. Бұл нонсенс. Егер бәрінен ақылдымыз деп ойласа, онда іске сәт. Бұл тұрғыда «Астана-Арена» бірінші болмақ. Өз басым, алты ай шатыры ашылмайтын стадионға табиғи алаң төсепті дегенді еш жерден естімеппін. Егер шынымен де, біреудің басына осындай идея келген болса, бізге бүкіл әлем күлетін шығар. Тым болмаса, 20-30 пайызы жасанды шөп болып, қалғаны табиғи болса, түсінер едім.

– «Астанада» келесі жылға да қаласыз ба, әлде басқа да ұсыныстарды қарастырасыз ба?

– Менің «Астанамен» әлі бір жыл келісімшартым бар. Егер клуб басшылығы менің жұмысыма риза болса, мен командада қалуға дайынмын. Өйткені, клубты дамытып, осы арқылы Қазақстан футболының дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Шыны керек, Стойлов кетеді деген әңгімелер былтыр да болған. Жасырмаймын, өткен жылы маған көптеген командалардан ұсыныстар түсті. Тіпті, жалақымды еселеп өсіргісі келген клубтар да болды. Алайда, мен бастаған ісімді аяқсыз қалдырғым келмейді.

– Соңғы бес матчта «Астана» екі-ақ гол соғыпты. Шабуыл шебіндегі мәселені қалай шешпексіздер?

– Шынымен де биыл бұл біз үшін үлкен проблемалардың бірі. Көп ойындарды 1:0, 2:0 есептерімен ғана жеңдік. Ертең шабуылшыларымыз жанкүйерлерді голдармен қуантады деп үміттенемін.

– Станимир, биылғы маусымға қарағанда «Астана» өткен жылы еурокубокта жақсырақ ойнады дегенмен келісесіз бе?

– Келісемін. Былтыр біз шабуылға көп иек артып, өзімізге сенімдірек ойнадық. Жалынды матчтарымыз көп болды. Дегенмен, биыл да әлі уақыт бар. Өткен маусымда да осылай бастағанбыз. Алғашқы үш матчтан кейін бір матчта тең түсіп, екеуінде жеңілгенбіз. Биыл да солай болып тұр. Алда әлі үш кездесуіміз бар. Сондықтан, осы ойындарда барынша ұпай жинауға тырысамыз.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика