Вернуться к списку статей

Алғашқы алтылық – Қай клубтан үстем түсті және қайсысына есесі кетті

Футбол
1K
Чемпион тағдыры
Футболдан ХХV Қазақстан чемпионатының премьер-лигадағы додасы тәмамдалып, оның қорытындылары шығарылып жатыр. Осы ретте, біз де кейбір деректерге көңіл бөлсек деп едік.

Бүгін біз Қазақстан премьер-лигасында әр клубтың қай командадан үстем түсіп, қайсысына есе жіберіп алғанына тоқталып өткенді жөн көрдік. Әрі 11 команданың қайсысымен “итжығыс” түскеніне де көңіл аудардық. Әуелі бірінші алтылықты сүзіп шығайық:



«Астана»

Елорда клубы төрт рет жеңген командалар саны – екеу («Ордабасы» және «Ақтөбе»). Ақтөбеліктерден төрт ойында 5:1 (1:0, 1:0, 2:1, 1:0) есебімен басым түсіпті. Ал «Ақжайықтан» екі матчта 7:1 (2:0, 5:1) есебімен үстем түскен. Жалпы, екінші алтылықтағы төрт команданы екі ойында да жеңді.

Есе жіберіп алған командасы – «Қайрат» қана. Алматы клубынан үш рет ұтылды. Бір рет тіпті ірі есеппен ойсырай ұтылды. Басқа ешқандай командадан екі рет те ұтылған жоқ. Ал «Атырау» мен «Шахтерден» (бір реттен) түзде жеңіліп қалды.

Бірінші айналымда Қарағанды клубын жеңгенімен, доп айырмасы жағынан есесі кетті деуге де болады (2:1, 0:2). Әйтсе де, екінші алтылықтағы командалармен өткен матчтарда алты ұпай ғана жоғалтты.

«Қайрат»

«Қайрат» та екі команданы төрт мәрте тізе бүктірді («Ақтөбе» және «Ертіс»). Павлодар клубынан 9:4 (1:0, 3:2, 2:1, 3:1) есебімен басым түсті. Бір қызығы, «Қайраттың» биыл ең көп гол соққан командасы – «Оқжетпес. Көкше клубын 15:2 (1:1, 6:0, 3:1, 5:0) есебімен тас-талқан қылды. Бірақ бірінші айналымда тең түсіп, екі ұпай жоғалтқан болатын.

Азуы батпай қойғаны, төрт мәрте кездессе де, бірде-бір рет жеңе алмай, пұшайман болғаны – «Ордабасы». Ол, ол ма... Сондай-ақ алғашқы алтылыққа іліге алмаған төрт (!) командамен өткен ойындарда 10 ұпай жоғалтты.

Атап айтқанда, екі командадан жеңілді – «Тараз» (1:2, 3:1) және «Ақжайық» (1:2, 3:2). Енді екеуімен тең түсті – «Шахтер» (0:0, 5:0) және «Жетісу» (2:0, 1:1).

«Ертіс»

Павлодар клубы биыл ешбір команданы төрт рет ұта алмады. «Оқжетпесті» ғана үш рет ұтты. Бірақ «Ақтөбенің» қақпасына допты қарша боратты – 10:4 (1:1, 4:1, 0:1, 5:1). «Қайраттан» ғана төрт рет ұтылды. «Астанамен» үш рет тең түсті (2:2, 1:1, 0:3, 0:0).

«Ертіс» те «Қайрат» сияқты екінші алтылықтағы командалармен өткен ойындарда 10 ұпай жоғалтты. Олар – «Тобыл» (3:1, 2:3), «Тараз» (2:1, 0:0), «Шахтер» (2:0, 0:0) және «Ақжайық» (3:0, 0:0).

«Ордабасы»

«Ордабасы» ешбір команданы төрт рет тұрмақ, үш мәрте ұта алмады. Екі қайта тізе бүктірген командаларының өздері – саусақпен санап аларлықтай. Есесіне, соның бірі – «Қайрат». Сондай-ақ «Ақтөбе» клубынан да сегіз ұпай алды – 9:6 (3:1, 0:0, 4:4, 2:1). «Ертіспен» өткен төрт ойыннан жеті ұпай еншіледі (0:2, 2:0, 2:1, 3:3).

Тек «Астанадан» төрт рет ұтылды. «Оқжетпеске» де есесі кетті (0:2, 2:2, 1:0, 0:3). Екінші алтылықтағы командалардің біреуін ғана (!) екі рет жеңді. «Ақжайықты» үйде де, түзде де 1:0 есебімен ұтты. Болды! Қалған бесеуінен өткен ойындарда 15 ұпайдан қағылды – «Тобыл» (2:2, 0:1), «Тараз» (2:1, 0:3), «Жетісу» (2:1, 0:1), «Атырау» (2:2, 2:1), «Шахтер» (2:0, 0:0).

 «Оқжетпес»

Көкше командасы да бірінші алтылықтағы командалардың ешқайсысын төрт немесе үш рет ұта алған жоқ. Десек те, ойыншыларының деңгейі жоғары «Ордабасы» клубын екі рет ома қаптырғандығын жетістікке балауға болады.

Есесіне, екінші алтылықтағы үш команданы екі реттен ұтты. Олар – «Жетісу» (4:1, 2:0), «Шахтер» (1:0, 3:0) және «Ақжайық» (2:0, 4:2). Енді екеуінен төрт ұпайдан алды – «Тобыл» (1:1, 1:0), «Тараз» (3:1, 0:0). Ал «Атыраумен» ұпай бөлісті – 2:0 және 1:2.

Сонда, екінші алтылықтағы ешбір командаға есе жіберген жоқ. Бар болғаны жеті ұпай ғана жоғалтты. Бұл жағынан тек «Астанадан» аса алмай (6 ұпай), «Қайрат» (10), «Ертіс» (10) және «Ордабасы» (15) клубтарынан асып түсті.

«Ақтөбе»

«Ақтөбеге» де алғашқы алтылықтағы командалардың бірінен төрт немесе үш рет басым түсу бұйырмады. Әйтсе де, Қазақстан премьер-лигасының қорытындысында өзінен жоғары орналасқан «Оқжетпесті» екі рет тізе бүктіріп, енді бір ойында тең түсті.

Ал екінші алтылықтағы «Шахтердан» ғана екі басым түсті – 2:0, 2:0. Үшеуінен төрт қпайдан олжалады – «Атырау» (2:1, 0:0), «Жетісу» (3:2, 1:1), «Ақжайық» (0:0, 1:0). Екеуімен “итжығыс” түсті. Бірақ «Тобылдан» үш (2:1, 0:1), ал «Тараздан» екі (1:1, 2:2) ұпай алды.

«Ақтөбе» биыл «Астана» (0:1, 0:1, 1:2, 0:1) мен «Қайраттан» төрт рет ұтылды. «Ертістен» екі рет жеңіліп қалып, бір ойында басым түсті (1:1, 1:4, 1:0, 1:5). «Ордабасыдан» да екі мәрте ұтылып қалып, екі кездесуде тең түсті (1:3, 0:0, 4:4, 1:2).

(Жалғасы бар. Екінші алтылықтың кестесі алдағы уақытта жарияланады)

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика