Вернуться к списку статей

“Ертіс” – 2016 жылғы ел чемпионатының қола жүлдегері

Футбол
1K
Бүгін Қазақстан премьер-лигасында 2016 жылғы ел чемпионаты тәмамдалды. «Ертіс» соңғы турда «Астанамен» тең түсіп, қола жүлдегер атанды.

«Ертіс» өз алаңында осыдан үш күн бұрын үшінші жыл қатарынан ел чемпионы болған «Астананы» қабылдаған. Елорда клубы басты мақсаттарына жетіп, алтынмен апталған соң, соңғы турда алаңға жартылай қосалқы құрамын шығарды.

Жарақатынан енді айыққан Максимович, Еуропа лигасындағы «Олимиакос» клубымен өтетін ойында алаңға шыға алмайтын Каньяс, негізгі құрамда алаңға көп шықпайтын Малый мен Деспотович – төртеуі ғана Павлодарда жастармен бірге алаңға шықты.

Алайда «Астананың» жастары «Ертіс» футболшыларына дес берген жоқ. Алаң иелерінің шабуылдарына төтеп берді. Тіпті бір ойыншысы алаңнан қуылып (Абай Жүнісов), матчтың соңғы сегіз минутын кем құрамда өткізді.

Ал «Ертіске» тең ойында жетіп жатыр еді. Бір ұпай еншілеп, «Ордабасы» жете алмастай алға озып, үшінші орынға ие болды. Маусымды өте тамаша бастап, ел біріншілігінің екінші кезеңінде бірнеше рет сүрінсе де, көмбеге жақындағанда еңселерін тіктей алды.

Ел чемпионатының көмбесіне 32 ойыннан 49 еншілеп жетті. Бірінші орынды 73 ұпаймен «Астана» “меншіктесе”, «Қайрат» 71 ұпаймен күміс жүлдеге ие болды. Ал «Ордабасы» «Ертіске» жете алмай, төртінші орынды қанағат тұтты.   

«Ертіс» – «Астана» – 0:0

85-минутта Жүнісов алаңнан қуылды (екінші ескерту)

«Ертіс»: Цирин, Ахметов, Керла, Фрейдгеймас, Дәуітов, Сартаков, Гетериев, Аяғанов (Эррера, 75), Григалашвили, Мұртазаев (Ли, 90+3), Фонсека

«Астана»: Мокин, Жүнісов, Күлбеков, Малый, Наджарян, Каньяс, Максимович (Нөсербаев, 46), Жақыпбаев (Шитов, 74), Калабаев, Алиев, Деспотович.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика