– Біріншіден, «Астана» клубының барлық жанкүйерлерін, қарамағымдағы футболшыларды, бапкерлер құрамын, клуб басшылығын, дәрігерлеріміздің және бізге тілеулес болғандардың бәрін құттықтағым келеді.
Біз үшінші жыл қатарынан чемпион болып отырмыз. Бұл оңай емес. Шүмектетіп көп тер төктік. Өз елдерінің намысын қорғайтын футболшыларымыз әрбір үш күн сайын алаңға шығып отырды деуге болады. Чемпионат соңында футболшыларымыздың сапы селдіреп қалды. Жарақат алып қалғандар саны арта түсті. Тіпті бүгін де ойыншыларымыздың бәрін алаңға шығара алмадық. Деспотовичті тек ойынның аяғында шығарғанымыз да, содан. Алаңға тың күш қоса алмадық.
Негізгі мақсатымыз, чемпиондық атақты жеңіп алу болатын. Міне, біз сол мақсатымызға қол жеткіздік. Өте қуаныштымыз. Енді келесі жылы да Чемпиондар лигасында бақ сынайтын боламыз.
– Бүгінгі ойын туралы не айтасыз?
– Бүгінгі алаңда футбол ойнау өте қиын болды. Біз сәл басымдық таныттық деп ойлаймын. Бірақ бүгінгі ойыннан «Оқжетпес» те, біз де, ешқандай ләззат алған жоқпыз. Матч өте қолайсыз жағдайда өтті. Федерациядағы осыған жауапты тұлғалар футболшылардың денсаулықтары туралы ойлаулары керек деп есептеймін.
– Қалған ойындарда не істейсіздер? Қайсысына басымдық беріледі?
– Ендігі біздің басты мақсатымыз – Еуропа лигасында өрнекті ойын үлгісін көрсету. Ең бастысы, УЕФА кестесіндегі рейтингімізді көтеру үшін – ұпай еншілеу. Бұл – өте маңызды.
Келесі жылы Чемпиондар лигасында бақ сынаймыз, сонда бастапқы електік сатыларда жеребе тартқанда, бірінші қоржырға түсуге тырысуымыз қажет. Жалпы, біз Еурокубок додаларында, екі жарым жылдың ішінде 32 ойын өткіздік. Бұл – ерен жетістік!
Енді, яғни биылғы маусым аяғында, барлық күш-жігерімізді Еуропа кубогына саламыз. «Олимпиакоспен» кездескенше бірнеше ойыншымызды тынықтырып аламыз. Ел чемпионатының соңғы турында Неманья Максимович пен Таңат Нөсербаевты алаңға шығаратын шығармаз. Себебі олар жарақаттарына байланысты біраз ойындарды жіберді. Жарақаты жеңіл болса, Джордже Деспотович те ойнайды.
Ал Қазақстан кубогы аясындағы қарымта матчта жастарға мүмкіндік береміз. Барлық күш-қайратымызды Еуропа кубогының қалған ойындарына жұмылдырамыз. Бізге ұпай ауадай қажет: біреу – жақсы, екеу – өте жақсы, үшеу –тамаша, ал одан көп – бас айналарлықтай нәтиже! Еурододадағы матчтарда да жанкүйерлерімізді қуантуға тырысамыз.
Менің ойыншыларым – нағыз ердің ерлері. Олар наурыз айынан желтоқсанға дейінгі ауыртпалығы мен жауапкершілігі мол қиындыққа төзді, төтеп берді. Үш бағыттағы додада ойнады. Сондай-ақ көбісі өз елдерінің ұлттық құрамалары сапында да өнер көрсетті.
– Үшінші рет чемпион болып отырсыздар. Айтыңызшы, қайсысы ауыр-қиындау болды.
– Ешқайсысына да оңайшылықпен қол жеткізген жоқпыз. Десек те, былтырғы чемпиондық атағымызды ерекше атап өткім келеді. Маусым соңында, «Қайратты» Алматыда жеңіп, бірінші орынға шықтық. Биыл кейбір матчтарда, үйдегі де, түздегі де қателік жіберіп алып, «Қайратты» өзімізге тым жақындатып алдық. Бірақ біз жыл сайын чемпиондық тәжге сенімді түрде қол жеткізіп келеміз.