Вернуться к списку статей

“Астананың” үшінші жыл қатарынан чемпион болуына бір-ақ ұпай жетпей тұр

Футбол
2K
«Астана» – «Ақтөбе» – 1:0. Фото: fca.kz
Бүгін Қазақстан премьер-лигасында ХХХІ турдың қалған үш ойыны өтіп, «Астана» өз алаңында «Ақтөбені» бір доп айырмасымен ұтты.

«Астана» ел чемпионатында «Қайраттан», ал Еуропа лигасында «Олимпиакостан» ұтылып, жанкүйерлерін жабырқап жүрген. Әрі елорда клубына енді ұтылуға болмайды. Енді сүрінсе, уысындағы алтыннан да, қолына “қонған” бағынан да айырылады.

Сондықтан бүгінгі матчқа тек жеңіс үшін шықты. Әрі ойын басында гол соғып, жанкүйерлерін желпіндірді. Серікжан Мұжықов айып соққысын орындап, допты сол қанатқа қарай ойысқан Логвиненкоға бере қойды. Ал Юра ортаға қарай бағыттап, Деспотович қақпаға тура тепті. Ала доп қақпашыға тиіп барып, қақпа ішіне “сүңгіді”.

Алаң иелері бұдан кейін де тіщгін тартпай шабуылдап, «Ақтөбенің» қақпасына қауіп төндірумен болды. Бірақ жылдамдықтары аса жоғары болмады. Сондықтан болар, қонақтардың қорғаушылары алданып қалса да, қайтадан кері қайтуға үлгеріп отырды...

Екінші таймда да «Астана» үнемі шабуылдаумен болды. Бірақ гол соға алмай, бірнеше мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алды. Ал «Ақтөбенің» қарсы шабуылдары соншалықты қауіпті болған жоқ.

Ауызекі тілмен айтқанда, «Астана» ойыншыларының деңгейлері біршама жоғары екендігі байқалып тұрды. Бірақ елордалықтар «асықпаған арбамен қоян алады» дегендей, аспай-сапай жүріп алды. Жеңіске жететіндеріне сенімді болды ма, әйтеуір жылдамдықтарын үдете түспеді...

Қорғаныста сақ ойнап, гол соға алмаған сәттеріне соншалықты өкінбей, жеңісті есепті матч соңына дейін сенімді түрде ұстап қалды. Қонақтарын тықсырып, ойын ережесін жиі бұзуға мәжбүрледі.

«Ақтөбенің» орталық қорғаушысы Егор Сорокин екінші таймның аяғында, 11 минуттың ішінде екі рет ескерту алып, алаңнан қуылды. Бір Твумасидің өзін бірнеше рет шалып жықты. Деспотовичті де сұлатып салды. Ақыры ойыннан қуылып тынды.

Сөйтіп, «Астана» жеңіске жетті. Енді қалған екі ойында бір ұпай алса да, чемпион болады. Келесі ойынын алдағы сәрсенбіде, 26 қазан күні өткізеді. Түзде «Оқжетпеспен» кездеседі. Кім біледі, бәлкім, сәрсенбінің сәтінде үшінші жыл қатарынан чемпион болып қалар... Саф алтынға бір-ақ ұпай қалды...    

«Астана» – «Ақтөбе» – 1:0

Гол: Деспотович, 12.

89-минутта Сорокин алаңнан қуылды (екінші ескерту).

«Астана»: Эрич, Шитов (Бейсебеков, 52), Логвиненко, Аничич, Шомко, Тағыберген (Максимович, 54) Каньяс, Мұжықов, Твумаси, Деспотович, Кабананга (Нөсербаев, 79).

«Ақтөбе»: Трофимец, Қайыров, Куаджа (Николич, 61), Сорокин, Цвейба, Ситдиков, Бойчук (Шестаков, 46), Давлатов, Крюков, Бочаров, Жалмұқан (Кәкімов, 77). 

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика