Вернуться к списку статей

Премьер-лиганың екінші жолдамасына "Алтай" мен "Қызыл-Жардың" қайсысы лайық?

Футбол
1K
Премьер-лиганың екінші жолдамасына
Бірінші лиганың аяқталуына бір-ақ апта қалды. Жеңімпаз о баста анықталып қойған. Қазір екінші орын үшін талас қызып тұр. Соңғы турдың алдында Премьер-лиганың електік матчында ойнауға мүмкіндік беретін жолдамадан екі команда үмітті.

Соның бірі – «Қызыл-Жар». Солтүстік қазақстандықтар бұл турда өз алаңында Қызылорданың «Қайсарын» қабылдаған. Ал Сыр командасының ұпайы түгел. Олардың бар ойы келесі маусымда. Сондықтан, түзде «Қызыл-Жарға» қарсы аса күш салмас деп ойлағанбыз. Бірақ Сұлтан Әбілдаев шәкірттері Петропавлға ұпай сыйлау үшін бармапты. Бірден қарқынды бастап, алаң иелерінің әбден ығырын шығарды. Үзіліске дейін гол соға алмағанымен екінші таймда «Қызыл-Жар» қорғаушысы Владимир Седельниковқа өз қақпасына гол соғуға мәжбүрледі. Дегенмен, алаң иелері ақыры өз дегендеріне жетіп, Бошко Ступич соққан голдың арқасында таразы басын теңестіріп кетті.

«Қызыл-Жардың» басты бәсекелесі – «Алтай». Өткен турда өз алаңында петропавлдықтардан жеңіліп қалған шығыстықтарға енді ұпай жоғалтуға болмайды. Өздері жеңіп қана қоймай, бәсекелесінің де сүрінгенін тілеу қажет. Оны футболшылары да жақсы түсінеді. «Қызыл-Жардан» жеңіліп қалғаннан кейін команда капитаны Андрей Карповичтің жанкүйерлерден кешірім сұрағанын да білеміз. Сол жеңілістің кесірі тиіп, бас бапкері Сергей Тимофеев те қызметінен кеткен деседі. Бұл турда олар Жетісайға қонаққа барған. Ойынның 2-ші минутында-ақ Алексей Шакин есеп ашып, «Алтайды» алға шығарды. Бірақ жылдам гол өздеріне сор болды. Босаңсып қалса керек, үзіліске дейін «Мақтааралға» есепті теңестіріп қана қоймай, алға шығуына мүмкіндік беріп қойды. Дегенмен, үзіліс кезінде бас бапкерінен біраз «жылы сөздер» естіген қонақтар екі гол соғып, жеңісті жұлып алды.

Қазір «Қызыл-Жар» мен «Алтайдың» арасын бір-ақ ұпай бөліп тұр. Алайда, шығыстықтарға қиындау. Олар соңғы турды Қызылордада біріншіліктің көшбасшысы «Қайсарға» қарсы өткізеді. Мақсаттарына жетіп қойғанымен Сұлтан Әбілдаев шәкірттері оңайлықпен ұпай сыйлай қоймас. Бір жағынан маусымдағы соңғы ойын, оның үстіне өз жанкүйерлерінің алдында жер шұқығылары келмейтіні түсінікті. Сондай-ақ, «Қайсар» футболшылары соңғы турдан кейін жанкүйерлермен бас қосып, маусымды қорытындыламақ жоспары да бар. Ал «Қызыл-Жар» Ақтауға қонаққа барады. «Каспийге» қазір бәрібір. Соңғы турда ұтса да, ұтылса да 4-орында қалады.

Айтпақшы, «Каспий» демекші, теңіз жағалауының командасы бүгін Екібастұзда алаң иелерін 2:1 есебімен тізе бүктірді.

БІРІНШІ ЛИГА (ХХVІ ТУР)

«Қызыл-Жар» (Петропавл) – «Қайсар» (Қызылорда) 1:1 (0:0)

Голдар: Седельников, 53-өз қақпасына (0:1). Ступич, 73 (1:1).

Ескертулер: Мульдинов 15 – Кейлер 11, Марочкин 36, Кенесбек 77, Алтынбеков 83

"Қызыл-Жар»: Зәкіров, Сұлтанов, Перцух, Аитов, Алиев (к), Бурцев, Мульдинов (Гридин 63), Ступич, Струков, Седельников, Видич

Резерв: Калмыков, Голубничий, Попадинец, Серғалиев, Соколенко, Волков

«Қайсар»: Рушинас, Кейлер, Қалмұратов (Нүсіп 63), Кеңесбек, Керімжанов, Нәрзілдаев (Павинич 85), Марочкин, Сахалбаев (к) (Молтусинов 75), Граф, Марушко, Хромцов (Алтынбеков 65)

Резерв: Исламқұлов, Сейтханов, Вяткин, Алтаев, Күнов

Төрешілер: Чеховский (Астана), Жүнісов (Алматы), Конивец (Қарағанды)

Петропавл. «Қарасай» стадионы. 2 000 көрермен.

«Мақтаарал» (ОҚО) – «Алтай» (ШҚО) 2:3 (2:1)

Голдар: Шакин, 2 (0:1). Махамбетов, 23 (1:1). Әбутов, 33 (2:1). Шафф, 49 (2:2). Шакин, 69 (2:3).

Ескертулер: Қамбил 28, Мыңбаев 40, Ілиясов 90+3 – Құлахметов 43, Е.Шмидт 86

«Мақтаарал»: Хамытбеков, Рыбалко, Ілімов (Ілиясов 67), Қамбил, Әбутов (Орынбеков 74), Әліпбеков (Задорожный 60), Аллашүкіров, Ыбраев (к), Махамбетов (Алекперзаде 82), Мыңбаев, Зверев

Резерв: Кувшинов, Бақтияров, Мәжитов, Әріпов, Иманов

«Алтай»: Колбунцов, Умашев, Құлахметов (Мұқанов 90+1), Д.Шмидт, Шафф (Жағыппар 85), Шакин (Щеткин 90+2), Сәкенов, Нұрғалиев (Е.Шмидт 81), Ерсәлімов, Карпович (к), Димов

Резерв: Котляр

Төрешілер: Бөкенов (Павлодар), Ахметов, Қожабеков (екеуі де – Қызылорда)

Атакент кенті. «Алпамыс Батыр» стадионы. 500 көрермен.

«Екібастұз» – «Каспий» (Ақтау) 1:2 (0:1)

Голдар: Елтаев, 7 (0:1). Головешкин, 57-өз қақпасына (0:2). Джамаришвили, 66 (1:2).

Ескертулер: Жұмкенов 43.

«Екібастұз»: Сотник, Жарынбетов, Червов (Павленок 41), Чифин, Айменов, Бралин (к), Жұмкенов, Головешкин, Қуанышев (Саденко 71), Аллаяров (Зейноллин 72), Джамаришвили

Резерв: Айдарғалиев, Нарымбаев, Омаров, Әнуарбеков, Әубакіров

«Каспий»: Аязбаев, Елтаев (Озғанов 90+3), Таңжарықов, Қабылан (Алқамбеков 84), Нәбиханов, Пасеченко, Коне, Шевченко, Қайраллиев, Сердюков, Арменов (к) (Жақыпов 88)

Резерв: Овчинников, Утробин

Төрешілер: Бильдинов (Қарағанды), Кольев, Белоградов (екеуі де – Павлодар),

Екібастұз. «Шахтер» стадионы. 1 200 көрермен. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика