Вернуться к списку статей

“Тобыл” – жетінші орынмен егіз бе едің...

Футбол
1K
Бүгін Қазақстан премьер-лигасында ХХХІ турдың үш ойыны өтіп, екінші алтылықтағы командалар кездесті. Көш соңындағы бәсекелестік қыза түсіп, үш кездесуде 12 гол соғылды.

“Тобыл” биыл да 7-орынға ие болды

«Тараз» өз алаңында «Тобылды» қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл ойындағы үш голд да легионерлер соқты. Бірінші таймда Мане (Сенегал) және Мера (Румыния) алаң иелерін алға шығарса, ойынның екінші жартысында Деак (Румыния) есепті қысқарты.

Бұл ойында екі команданың да ұпайы түгел болды десек те, қателеспейтін сияқтымыз. «Тараз» жеңіп, үш ұпай еншіледі. Премьер-лигадан түсіп қалмас үшін жанталасып жатқан командаға соңғы ойындарда жеңіске жету – өте маңызды.

Ал «Тобыл» жеңілсе де, биылғы ел чемпионатын 7-орынмен аяқтады. Енді екінші алтылықтағы ешбір команда Қостанай клубын қуып жете алмайды.

Өкшесін басқан «Атырау» осы турда сүрінді. Бір қызығы, «Тобыл» осымен төртінші жыл қатарынан (2013 жылдан бері) жетінші орынға ие болды.

«Тараз» – «Тобыл» – 2:1

Голдар: Мане, 20 (1:0). Мера, 23 (2:0). Деак, 88 (2:1).

«Тараз»: Григоренко (Короткевич, 34), Киров (Яковлев, 65), Григорьев, Мера, Данилюк, Д.Евстигнеев, Эргашев, Пищур (Таубай, 54), Сүлей, Тәжімбетов, Мане.

«Тобыл»: Логиновский, Мирошниченко, Аслан, Дмитренко, Гурман, Главина, Мухутдинов, Деак, Джалилов (Эльмурзаев, 70), Асильдаров, Хижниченко.


“Жетісу” көш соңына түсіп қалды... 

«Шахтер» өз алаңында «Жетісуды» ойсырата ұтып, 9-орынға орналасты. Әрі көш соңындағы үш командадан “құйрық” үзді. 10-12 орындағы ұжымдар кеншілер клубын енді қуып жете алмайды. Яғни қарағандылықтар премьер-лигада қалады, енді тиыш ұйықтай берулеріне болады.

Ал «Жетісу» жағдайын тығырыққа тіреп алды. Осы матчтың алдында ғана 10-орында тұрған Талдықорған клубы 12-орынға бір-ақ түсті. Себебі, бүгін көш соңындағы екі команда да жеңіске жетті.

Енді «Жетісуға» соңғы турда қамшыны басу керек. Талдықорғандықтар үшін ыңғайлысы және көңілге медеу тұтарлығы, олар ХХХІІ турда өз алаңында «Ақжайықты» қабылдайды. Бар мәселе осы ойында шешілетін шығар. Өйткені, «Тараз» өз алаңында енді 9-орыннан төмен түспейтін «Шахтерді» қабылдайды. 

«Шахтер» – «Жетісу» – 4:1

Голдар: Сзоке, 12 (1:0). Байжанов, 43 (2:0). Уббинк, 69 (3:0). Байжанов, 88 (4:0). Азовский, 90+1 (4:1).

«Шахтер»: Шацкий, Пикалкин (Габышев, 11), Василевич, Садовничий, Тарасов, Сзоке, Скорых, Зошак (Нұрыбеков 56), Уббинк, Байжанов, Симоновски (Горячий, 71).

«Жетісу»: Шабанов, Әмірсейітов, Клайн, Джалович, Шайыхов, Сағындықов (Жаңғылышбай, 46; Азовский 72), Касьянов, Шабаев, Калинин (Боровский, 46), Бегларян, Джерманович.


Жайық дербиінде “Ақжайық” басым түсті 

«Ақжайық» өз алаңында көршілерін ұтып, 11-орынға көтерілді. Бірақ көш соңында әлі ештеңе шешілген жоқ. Бәрі де соңғы турда белгілі болады. Орал командасына енді ұтылуға болмайды.

Ал «Атырау» ел чемпионатында ештеңеге алаңдамайды. Тек соңғы турда «Шахтермен» 8-орын үшін таласпаса... Бірақ «Атыраудың» көздегені – әріде. Ел кубогы додасында барын салуы керек. 5 қараша күні «Қайратты» қабылдайды. Жартылай финалдық қос кездесудің – қарымта матчы. Финалға шығуға тырысулары керек.

«Ақжайық» – «Атырау» – 3:1

Голдар: Дудченко, 16 (1:0). Ортиз, 37 (2:0). Шарпар, 60 (2:1). Ортиз, 70 (3:1).

«Ақжайық»: Төлебаев, Әбдірахманов, Одибе, Сапанов, Розыбакиев, Ортиз, Говедарица, Сергиенко, Рубио (Омаров, 83), Валиуллин (Шурыгин, 71), Дудченко (Шахметов, 90).

«Атырау»: Нарзикулов, Сапаров, Мулдаров, Ламанж, Эсатов, Эссаме, Федин, Куртеян (Макась 46), Аржанов, Шарпар, Трытко (Шабалин, 14).



Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика