Вернуться к списку статей

Еуро-2018: Жеребесі тартылды – бір жолдамасы Қазақстанда сарапқа салынады

Футбол
2K
Қазақстан құрамасы алтыншы топқа түсті. Фото: uefa.com
Ньонда футзалдан 2018 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі жеребесі тартылды. Қазақстан құрамасы құрлық біріншілігінің іріктеу додасына екінші електік сатыдан бастап қосылады.

Алғаш рет – 48 құрама

Келесі Еуропа чемпионаты 2018 жылы 30 қаңтардан 11 ақпанға дейін Словения астанасы Люблянеде өтеді. Финалдық кезеңінде 12 құрама бақ сынайды. Ал іріктеу ойындары 2017 жылдың басында басталады.

«Еуро-2018» додасына 48 елдің ұлттық құрамасы қатысады. Бұл – рекордты көрсеткіш. Осы ретте айта кетейік, Германия және Косово футзалшылары құрлық біріншілігіне тұңғыш рет қатысқалы отыр.

Бұлардың ішінде тек чемпионат қожайындары, ауызекі тілмен айтқанда, алаң иелері, яғни Словения құрамасы ғана финалдық додаға қатысу құқығына бірден ие болды. Қалған 47 құрама екі-үш сатылы електік сыннан өтулері керек.

Алғашқы електік саты

Бірінші іріктеу сатысында 26 құрама додаға түседі. Олар бүгін жеті топқа бөлінді. Осы жеті топтағы доп додасы 2017 жылғы 23 қаңтардан 1 ақпанға дейінгі аралықта өтеді.

«A» тобы: Грузия*, Швейцария, Израиль, Шотландия;

«B» тобы: Грекия, Молдова, Уэльс*, Сан-Марино;

«C» тобы: Латвия*, Армения, Эстония, Германия;

«D» тобы: Англия, Болгария*, Албания, Мальта;

«E» тобы: Норвегия, Дания, Кипр*, Косово;

«F» тобы: Франция, Андорра, Литва*;

«G» тобы: Швеция, Қаратау (Crna Gora), Гибралтар*.

Ескерту: * – әр топтың ойындарын (додасын) өткізетін елдер.

Осы жеті топтың жеңімпаздары, яғни тек бірінші орынды жеңіп алғандандары келесі кезеңге өтеді.

Екінші електік саты

Екінші електік кезеңде әлгі (алғашқы електен екшеліп шыққан) жеті командаға рейтингтері жоғары 21 құрама қосылады. Барлығы – 28. Олар жеті топқа тең бөлінген. Бұл кезеңдегі іріктеу ойындары 2017 жылғы 3-12 сәуір аралығында өтеді.

1-топ: Италия, Нидерланды, Беларусь*, бірінші електік сатыдағы «А» тобының жеңімпазы;

2-топ: Әзірбайжан*, Венгрия, Босния және Герцеговина, «D» тобының жеңімпазы;

3-топ: Украина*, Хорватия, Бельгия, «G» тобының жеңімпазы;

4-топ: Португалия, Румыния*, Финляндия, «C» тобының жеңімпазы;

5-топ: Испания, Сербия, Польша*, «B» тобының жеңімпазы;

6-топ: Қазақстан*, Чехия, Македония, «E» тобының жеңімпазы;

7-топ: Ресей, Словакия, Түркия*, «F» тобының жеңімпазы.  

Осы жеті топтың жеңімпаздары Еуропа чемпионатының финалдық долдасына тікелей шығады. Ал екінші орын алған жеті құрама мен үшінші орын алғандардың ішіндегі техникалық көрсеткіштері ең жоғарысы (сонда барлығы – сегіз құрама) үшінші електік сатыда додаға түседі.

Нақтырақ айтқанда, осы сегіз құрама қосымша төрт жолдаманы сарапқа салады. 2017 жылғы 10-13 және 24-27 қыркүйек күндері Еуропа чемпионатында бақ сынайтын қалған төрт құрама анықталады.   

Ескерту: * – әр топтың ойындарын (додасын) өткізетін елдер.

Өздеріңіз де байқап отырған боларсыздар, 6-топтың ойындары Қазақстанда өтетін болады. Нақты қай қалада және қай жерде өтетіндігі алдағы уақыттарда шешіліп қалар...

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика