Вернуться к списку статей

Бозбалаларымыздың шамасы Андорраға ғана жетті

Футбол
1K
Андорра U17 – Қазақстан U17 – 0:2. Фото: kff.kz
Қазақстан-U17 құрамасы 2017 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасын тәмәмдады. Екінші топтағы соңғы ойынын Андорра бозбалаларымен өткізіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Екі құрама да бұған дейінгі ойындарында ұтылып қалған болатын. Қазақстан бозбалалары Грекия және Ирландия жас таланттарынан 0:1 және 1:3 есебімен ұтылып қалса, Андорра жеткіншектері 0:3 және 1:5 есебімен екі ойында да ірі есеппен ұтылып қалған.

Ал екі аутсайдер арасындағы Андорра-ла-Вельяда өткен кездесуде Қазақстан-U17 құрамасы басым түсті. Бірінші таймның ортасында екі гол соғып, дәңгейлерінің сәл-пәл жоғары екендігін дәлелдеді.

Екі гол да Еркебұлан Сейдахметтің арқасында соғылды. Әуелі оған қарсы Андорра қорғаушысы Рауль Сомоса ойын ережесін бұзып, төреші пенальти берді. 11-метрлік айып соққысын Мәди Жақыпбаев мүлтіксіз орындады.

Андорра жеткіншектері есепті теңестірмек болып, алға ұмтылған. Алайда, көп ұзамай біздің бозбалалардың қарсы шабуылдарының бірі сәтті аяқталып, Еркебұлан есепті еселей түсті.

Осыдан кейін Андорра құрамасының бапкерлері әлгі Сомосаны басқа ойыншыға ауыстыруға мәжбүр болды. Ал алаң иелерінің қорғанысы бұдан кейін өрескел қателік жіберген жоқ.

Екінші таймда да біздің құраманың шабуылдары қауіптілеу болды. Ал Андорра бозбалалары қарсы шабуыл ұйымдастырып отырғандарымен, Қазақстан-U17 құрамасы қорғанысын бұза алмады.   

Жалпы, екінші таймда гол соғылған жоқ. Оған себеп, Андорра жеткіншектері де қорғаныста мейілінше мұқият ойнауға тырысты. Олар тек бір-ақ рет дәрменсіз күй кешіп, тұрып қалды.

Сұлтан Сағынаев айып соққысын орындап, допты қақпаға доғаша иіп теуіп еді, қақпашы ышқына секіріп тойтарды. Ойынның екінші жартысындағы ең қауіпті сәт осы болды.

Сонымен бұл ойында Қазақстан-U17 құрамасы жеңіске жетіп, 2017 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турниріндегі екінші електік топта үшінші орынмен шектелді. Ал осы топтағы екінші матчта Ирландия бозбалалары Грекия жеткіншектерін 1:0 есебімен жеңді.


Фото: faf.ad

Андорра U17 – Қазақстан U17 – 0:2

Голдар: Жақыпбаев, 16-пенальтиден. Сейдахмет, 24.

Қазақстан U17: Устименко, Ілиясов, Совет, Шәмші, Сағынаев, Махан (Ульшин, 40+4), Усачев (Мұқашов, 60), Сидоров, Қайыркенов (Красноперов, 40+4), Жақыпбаев, Сейдахмет.

Бас төреші: Денис Щербаков (Беларусь).

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 2 – 17

Тура соққы: 1 – 9

Қиыс кеткені: 1 – 8

Қақпа бағанасы: 0 – 1

Бұрыштама соққылар: 1 – 7

Офсайдтар: 5 – 1

Ескерту (сары қағаз): 4 – 2

Ереже бұзу: 25 – 17


2017 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі. Екінші електік топ

Қазақстан – Грекия – 0:1

Ирландия – Андорра – 5:1

*  *  *

Қазақстан – Ирландия – 1:3

Грекия – Андорра – 3:0

*  *  *

Қазақстан – Андорра – 2:0

Ирландия – Грекия – 1:0



Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика