Вернуться к списку статей

Футзалдан УЕФА кубогының дегдар додасы Алматыда өтеді

Футбол
2K
Футзалдан УЕФА кубогының элиталық кезеңінде додаға түсетін командалар сапы толықтай анықталды. Жұма күні жеребе тартылып, 16 таңдаулы клуб төрт топқа тең бөлінеді.

УЕФА кубогының іріктеу сатылары

Қазақстан чемпионы, яғни Алматының «Қайраты» УЕФА кубогындағы рейтингісі аса жоғары болғандықтан, електік және негізгі кезеңдердегі іріктеу додаларына қатысқан жоқ. Элиталық кезеңге тікелей шықты.

Жалпы, УЕФА кубогының биылғы додасы да електік кезеңнен басталды. Алғашқы іріктеу сатысында 32 команда сегіз топқа бөлініп, додаға түсті. Өз топтарында бірінші орынға ие болған командалар негізгі кезеңдегі сынға жолдама алды.

Негізгі кезеңдегі додада 24 клуб алты топқа бөлініп бақ сынады. Әр топта бірінші және екінші орын алған 12 команда элиталық кезеңге шықты. Оларға рейтингтері жоғары төрт клуб қосылады.

Рейтингтері жоғары төрт клубқа тоқталар болсақ, бұл тізімде бірінші Ресейдің «Югра» клубы тұр. Себебі олар биыл, яғни 2015/2016 жылдар маусымында УЕФА кубогын жеңіп алған болатын.

Негізі, дәл қазір рейтингісі ең жоғары клуб – соңғы төрт жылда екі рет осы кубокты жеңіп алған Алматының «Қайраты». Одан кейінгі орындарда – «Интер» (Испания) және «Динамо» (Ресей) клубтары.

Сонымен, элиталық кезеңнің ойындары 22-27 қараша күндері өтіп, төрт топта бірінші орынға ие болғандар финалдық кезеңге жолдама алады. Бұл дода “Төртеу финалы” деп те аталады.

16 клуб үш қоржында

Жұма күні тартылатын жеребе кезінде барлық командалар үш қоржынға бөлінеді. Бірінші қоржында элиталық кезеңге тікелей шыққан, яғни рейтингтері жоғары төрт команда болады.

Екінші қоржынға негізгі кезеңдегі топтық ойындардың жеңімпаздары салынады. Ал үшінші себетке дәл осы топтық кезеңнен екінші орынмен шыққан клубтар орналастырылады.

Элиталық кезеңнің әр тобын рейтингтері жоғары төрт команда бастайды. Екі топта негізгі кезеңнің екі жеңімпазы және бір екінші орын алған командасы болады. Қалған екі топта – керісінше, негізгі кезеңнің бір жеңімпазі мен екі екінші орынмен шыққан командалары. Тек бұған дейін бір топта ойнағандар енді бірге түспейді.

Сонымен дәл қазір үш қоржын төмендегідей болып жіктеліп тұр.

Рейтингтері жоғары, элиталық кезеңге тікелей шыққандар:

"Югра" (RUS, чемпион-2016), "Қайрат" (KAZ), "Интер" (ESP), "Динамо" (RUS).

Негізгі кезеңдегі өз топтарының жеңімпаздары:

"Дьер" (HUN, 1-топ), "Араз" (AZE, 2-топ), "Никарс" (LVA, 3-топ), "Экономац" (SRB, 4-топ), "Спортинг" (POR, 5-топ), "Хрудим" (CZE, 6-топ).

Негізгі кезеңде өз топтарында екінші орынға ие болғандар:

"Брезье" (SVN, 1-топ), "Феникс" (KOS, 2-топ), "Гамбург Пантерс" (GER, 3-топ), "Национал" (CRO, 4-топ), "Реал Риети" (ITA, 5-топ), "Тыргу-Муреш" (ROU, 6-топ).

Элиталық кезеңдегі төрт топтың ойындары өтетін қалалар

Элиталық кезең төрт топта өтеді дедік. Қалыптасқан тәртіп бойынша, осы төрт топтың командалары төрт қалады додаға түседі. Оны анықтайтын да, бекітетін де – УЕФА.

Жақында УЕФА элиталық кезеңдегі төрт топтың қай командалардың алаңында өтетіндігін жариялады. Атап айтқанда, «Қайрат», «Спортинг», «Национал» және «Брезье» клубтары келесі кезеңдегі додаларды Алматы, Лиссабон, Загреб және Марибор қалаларында өткізетін болды.

Яғни бұл төртеуі төрт топта болады. Яғни элиталық кезеңнің бір топтағы додасы Алатау бөктерінде өтеді. «Қайрат» футзал клубы тіпті бұл доданың қай жерде өтетіндігін де жариялап үлгерді. Ол – жаңадан салынған «Халық-Арена» стадионы.

Ендеше, іске сәт, «Қайрат»! Алматы клубының 2013 және 2015 жылдары УЕФА кубогын жеңіп алғандығын ескерсек, финалдық додасы 2017 жылдың көктемінде өтетін биылғы маусымдағы додасында да бағы жанып, жеңімпаз болуын тілейміз. 

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика