Вернуться к списку статей

Әміржан Мұқанов Қырғызстан футзалын дамытатын болды

Футбол
1K
Әміржан Мұқанов Қырғызстанда футзалды дамыту жөніндегі техникалық директор болып бекітілді
Еліміздің білікті маманы Әміржан Мұқанов Қырғызстан футбол федерациясының футзалды дамыту жөніндегі техникалық директоры болып тағайындалды.

Бұл ақпаратты ресми түрде Қырғызстан футбол федерациясының ресми сайты таратты. Қазақ елі маманы бауырлас көрші мемлекеттің футзалды дамыту жөніндегі техникалық директоры болып бекітіліпті.

Әрі ffkr.kg сайты Әміржан Мұқановты “өте тәжірибелі маман” деп айрықша атап өтіп, жерлесіміздің футзалдағы жетістіктерін жіпке тізіп шығыпты. Атап айтқанда, 2008 жылдың аяғында Қазақстан жастар құрамасымен Еуропа чемпионатының (U-21) финалдық додасына шыққандығынан бастаған.

2009 жылы ақпан айында Қазақстан ұлттық құрамасымен 2010 жылғы Еуропа чемпионатының келесі іріктеу сатысына шыққандығына да тоқталып өткен. Сондай-ақ Мұқановтың 2009-2011 жылдары еліміздің ұлттық құрамасын жаттықтырғаны да қалыс қалмаған.

Аталмыш маманның 2001 жылдан бері «Тұлпар» (Қарағанды) клубының бас бапкері болып, кеншілер командасымен Қазақстаның бірнеше дүркін жүлдегері атанғаны да баяндалып, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы екендігімен түйінделген.

Қосарымыз, Әміржан Мұқанов төрт рет еліміздің ең үздік бапкері атанған (2008/2009, 2009/2010, 2011/2012, 2012/2013 жылдар маусымында). Бұл тұрғыда, Қазақстанда екі рет теңдессіз атанған Какау да оған әлі жеткен жоқ...

Біз Әміржан ағаны лауазымды жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтаймыз. Әрі жаңа қызметінде соны жетістіктерге қол жеткізуіне тілектеспіз.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика