Вернуться к списку статей

Қазақстан-U17 құрамасы – Төреші пенальти бергенде қол шапалақтау... не үрдіс?

Футбол
2K
Ирландия U-17 – Қазақстан U-17 – 3:1. Фото: kff.kz
Бүгін Қазақстан-U17 құрамасы 2017 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасы аясындағы екінші ойынын өткізіп, Ирландия бозбалаларынан 1:3 есебімен ұтылып қалды.

Бұл 2017 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы дода болатын. Бұл сында еліміздің 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы құрамасы екінші електік топқа түскен-ді. Бұған дейін жазғанымыздай, бұл топтың ойындары Андоррада өтіп жатыр.

Осыдан екі күн бұрын Қазақстан бозбалалары Грекия-U17 құрамасымен кездесіп, 0:1 есебімен есе жіберіп алған болатын. Ал Ирландия құрамасы алаң иелері, яғни Андорра жеткіншектерін 5:1 есебімен ойсырата ұтқан-ды.

Бүгінгі ойынды біздің жеткіншектеріміз тәп-тәуір бастады. Бірінші таймда Ирландия-U17 құрамасының шабуылдарына төтеп берді. Әрі өздері де қарсы шабуылдар ұйымдастырып отырды. Бірақ теңбіл допты қақпа ішінде тулататын бірлі-жарым мүмкіндіктер болса да, гол соғудың сәті түспеді.

Ал екінші таймның басында Ирландия бозбалалары қарқындарын үдетіп, екі гол соқты. Іле-шала біздің футболшыларымыз есепті қысқартты. Бірақ... Көп ұзамай, бір ойыншымыз (Санжар Әйтім) екінші рет ескерту алып, алаңнан қуылды. Бұдан кейін жеңіс тұрмақ, тең ойын туралы ойлаудың өзі артық еді...

Әйтсе де, біздің бозбалаларымыз жанкештілік танытты. Атойлап алға шапты. Тіпті таразы басын теңестіруге тырысып, шабуылды күшейтті. Ирландия-U17 құрамасының айып алаңында Еркебұлан Сейдахмет екі рет құлады. Бірақ төреші “ойын ережесі бұзылды” деп есептемеді.

Ал ойынның негізгі уақытына қосылған қосымша минуттарда Ирландияның бір ойыншысы біздің айып алаңымызда құлап, төреші пенальти берді. Бұған наразы болған Қазақстан-U17 құрамасының кейбір ойыншылары төрешінің шешіміне қол шапалақтап, ашуын келтірді. Люксембург төрешісі Ален Дюрьо екі қорғаушымызға (Совет пен Қашкен) сары қағаз көрсетті.

Команда капитаны Дінмұхамед Қашкеннің бұл екінші ескертуі болғандықтан, ол да алаңнан қуылды. Ал Адам-Айда Юч 11-метрлік айып соққысын мүлт жіберген жоқ. Гол. Есеп – 1:3.

Енді Қазақстан бозбалалары 20 қазан күні Андорра жеткіншектерімен кездеседі. Алаң иелері бүгін кешке Грекия U-17 құрамасымен осы іріктеу турниріндегі екінші матчын өткізеді.

Ирландия U-17 – Қазақстан U-17 – 3:1

Алаңнан қуылғандар: Әйтім, 59. Қашкен, 80+3.

Голдар: Коннели, 49 (1:0). Юч, 54 (2:0). Қайыркенов, 55 (2:1). Юч, 80+3 (3:1).

Ирландия U-17: Маер, Л.О'Конор, Пеппер, Ледвидж, Коллинз, Болджер, Бреннан (Ковентри, 73), Роуч, Нолан (Томпсон, 67), Коннели, Юч.

Қазақстан U-17: Устименко, Әйтім, Қашкен, Ілиясов, Совет, Сағынаев, Кеңесов (Қайыркенов, 50), Махан (Шәмші, 62), Жакыпбаев, Красноперов (Усачев, 53), Сейдахмет.

Бас төреші: Ален Дюрьо (Люксембург).

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 10 – 8

Тура соққы: 6 – 6

Қиыс кеткені: 3 – 1

Тойтарылғаны: 1 – 1

Бұрыштама соққылар: 8 – 3

Офсайдтар: 4 – 0

Ескерту (сары қағаз): 2 – 6

Алаңнан аластату (қызыл қағаз): 0 – 2

Ереже бұзу: 15 – 23

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика