Вернуться к списку статей

Какау Бразилия құрамасының бас бапкері бола ма?

Футбол
1K
Қазақстан құрамасының әлем чемпионаты жолдамасын жеңіп алған сәті
Соңғы жылдары футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтырған, «Қайрат» клубының бас бапкері Какаудың Бразилия құрамасының тізгінін ұстауы мүмкін де сияқты...

Бірақ қашан? Ол белгісіз. Ал отандық және шетелдік басылымдар таратқан ақпараттарға сенсек, Бразилия құрамасы қазірдің өзінде-ақ ұлттық құрамаларының тізгінін Какауға сеніп тапсыруға мүдделі сияқты.

Өздеріңіз білесіздер, жақында ғана Колумбияда аяқталған әлем чемионатында Бразилия құрамасы өз мүмкіндігінен әлдеқайда төмен өнер көрсетті. Әлемнің бес дүркін чемпионы болып табылатын бразилиялықтар 1/8-финалында Иран футзалшыларынан ұтылып қалып, тұңғыш рет бүкіләлемдік додадан жүлдесіз қайтты.

Жақында Бразилия футзал конфедерациясы әлем чемпионатында бақ сынаған құрамаларының бас бапкері Сержиньо Шоичетті және барлық жаттықтырушылар құрамын отставкаға жіберіпті. Енді бас бапкер іздеп жүрген көрінеді.

Бұл ретте, негізінен талантты жас бапкерлерінің біріне сенім артпақ ойлары бар секілді. Сол тізімдерінің ішінде Алматының «Қайратының» бас бапкері Какау да бар сияқты. Бірақ әзірше, ешқандай ресми мәлімдеме жасалған жоқ.

Ал Какау әлем чемпионаты аяқталған бетте, енді Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтырғанын қойып, тек «Қайрат» клубындағы жұмысымен шектелетіндігін мәлімдеген болатын. Осыны ескерсек, дәл қазір Қазақстан құрамасы да – бас бапкерсіз....

Сонымен, Какау Бразилия құрамасына бас бапкер бола ма, жоқ па? Әзірше белгісіз. Біріншіден, оған ресми түрде ұсыныс жасалғанын естіген жоқпыз. Бразилияда басқа да таланты жас бапкерлер көп (Фернандо Ферреччи, Маркиньос Шавьер және т.б.).

Бразилия футзал конфедерациясының таңдауы солардың қайсысына түседі, оны да дөп басып айта алмаймыз. Әрі қазан айының басында «Қайрат» футзал клубының жалпы жиналысы өтіп, алдағы маусымдағы мақсаттары талқыланып, бекітілген.

Иә, Какау әзірше – «Қайратта». Келісім-шарт мерзімі бітпей, кете қоймас. Өзінің бағын ашқан клубты тастап кетпейтіндігін бірнеше рет шегелеп тұрып айтқан. Қалай десек те, клуб басшыларының келісімін алмай, кетіп қалатын адам емес. Бірақ қашан болсын, түбі Бразилия құрамасына бас бапкер болса, таң қалмаймыз...

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика