Вернуться к списку статей

Қола жүлде тағдырын пенальтилер кейінге шегерді – “Ертіс” пен “Ордабасы” тең түсті

Футбол
2K
«Ордабасы» – «Ертіс» – 3:3. Фото: fcordabasy.kz
Бүгін Қазақстан премьер-лигасында ХХХ турдың ойындары өтіп, Шымкентте «Ордабасы» мен «Ертіс» кездесіп, 3:3 есебімен тең түсті.

Бұл ойын өте тартысты өтті. Әуелі қонақтар өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, екі гол соқты. Екеуі де Карлос Фонсеканың арқасында соғылды. Біріншісінде, Португалия футболшысына қарсы ойын ережесі бұзылып, пенальти берілді. Оны қалай теп десе де, Роман Мұртазаев мүлтіксіз орындады... Екіншісін Карлостың өзі соқты.

Бірақ алаң иелері таң қалдырды. Бірінші таймның негізгі уақытына қосылған қосымша минуттарда таразы басын теңестірді. Әуелі – пенальтиден. Александр Гейнрих те 11-метрлік айып добын орындауға машық екендігін көрсете білді. Ал Абдулай Диакате ойынға бұрыштан қосылған допты қақпа ішіне дөп түсіріп, көрермендерді дүр сілкіндірді.

Екінші таймда гол екі есе аз соғылғанымен, дода көрігі шектен тыс шиеленісті болды. Айта кетерлігі, алаң иелері екі бірдей ойыншысын алмастырды. Олар ойынның екінші жартысында бірден алаңға шықты. Тура бірінші таймдағыдай ойнаса, Фонсеканы тұсаулап ұстау мүмкін емес екендігінен қауіптенгендей...

Әйтсе де, «Ертіс» тағы да алға шығып, жиі-жиі шабуылдап, жанкештілік таныта білді. Тіпті бір доп соғып, тағы да алға шықты. Содан кейін де гол соғатын бірнеше мүмкіндіктері болды. Бірақ дәл осы ойында жеңіс бұйырмайын деді ме, әлде бақтары жанбады ма, кесіп айту қиын... Әйтеуір тағы бір гол соғып, «Ордабасы» ойыншыларын "етпетінен" түсіре алмады.

Алаң иелері де қайтпады. Көрермендерінің “қамшылауымен” алға шығып отырды. Өз жанкүйерлері алдында жеңіліп қалмауға тырысты. Бақтары жанып, тағы бір пенальти ұру мүмкіндігіне ие болды. Доп қонақтардың ойыншысының қолына тиген екен... Гейнрих тағы да пенальти орындауға бапандай екендігін дәлелдеп шығып, есепті теңестірді.

Сонымен, бұл ойында қола жүлде тағыдыры шешілмеді. Бәрі де соңғы турларда анықталатын болды. Бір қызығы, бұл екі команда биыл ел чемпионаты аясында төртінші рет кездесті. Төрт матчта да пенальти берілді. Бүгін тіпті біреу де емес, екеу де емес, үш рет 11-метрлік айып соққысын тебуге тура келді...

«Ордабасы» – «Ертіс» – 3:3

Голдар: Муртазаев, 22-пенальтиден (0:1). Фонсека, 27 (0:2). Гейнрих, 45+1-пенальтиден (1:2). Диакате, 45+2 (2:2). Ахметов, 58 (2:3). Гейнрих, 88-пенальтиден (3:3).

Ескертулер: Трайкович, 4. Гогуа, 18. Абдулин, 57. Қожабаев, 72. Диакате, 79. Смаков, (матч аяқталғанда) – Алиев, 24. Керла, 45+1. Ахметов, 68.

Матч аяқталған бетте Керла алаңнан қуылды (екінші ескерту)

«Ордабасы»: Бекбаев, Төлебек (Мұхтаров, 88), Трайкович, Абдулин, Адырбеков (Қожабаев, 46), Диакате, Чатто (Марцваладзе 46), Симчевич, Смаков, Гогуа, Гейнрих.

«Ертіс»: Цирин, Ахметов, Фрейдгеймас, Керла, Дәуітов, Сартаков, Алиев, Гетериев (Аяғанов, 88), Фонсека, Григалашвили, Мұртазаев (Ли, 82).

Төрешілер: Кучин (Қарағанды), Ходин, Лабашов (екеуі де – Атырау)

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика