Вернуться к списку статей

Қазақстан-U17 құрамасы Грекия бозбалаларынан ұтылды

Футбол
1K
Еліміздің 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы құрамасы. Фото: kff.kz
Еліміздің 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы құрамасы 2017 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасы аясындағы алғашқы ойынын өткізіп, Грекия бозбалаларына есе жіберіп алды.

Қазақстан-U17 құрамасы 2017 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасында екінші топқа түскен болатын. Қарсыластары – Ирландия, Грекия және Андорра бозбалалары. Бұл топтың ойындары Андоррада өтіп жатыр.

Бүгін еліміздің осы жас шамасындағы құрамасының жаттықтырушысы, атап айтқанда, Александр Кузнецовтің туған күні болатын. Өкінішке қарай, бозбалаларымыз ұстаздарын көңілге қонымды нәтижемен қуанта алмады.

Бұл ойында Еркебұлан Сейдахмет-U17 құрамасының қорғаушыларын тыным берген жоқ десек те болады. Мәди Жақыпбаев та оған көмектесіп отырды. Бірақ гол соғудың сәті түспеді.

Ал гректердің шабуылдары өте жиі және аса қауіпті болды. Оның бірнешеуін қақпашымыз Данил Устименко тойтарды. Бірақ екінші таймның басында, доп ойынға бұрыштан қосылғанда, ол да, қорғаушыларымыз да, сан соғып қалды. Грекия бозбалалары гол соғып кетті.

Бұдан кейін Қазақстан-U17 құрамасы есепті теңестіруге қанша тырысса да, бақтары жанбады. Бір рет тіпті теңбіл доп қақпа маңдайшасына тиді... Сөйтіп, Александр Кузнецовтің шәкірттері де жеңілістің кермек дәмін татты.

Ал 2017 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасындағы екінші іріктеу тобының басқа ойынында Ирландия-U17 құрамасы алаң иелері Андорра бозбалаларын 5:1 есебімен ойсырата жеңді. Дүйсенбі күні біздің жігіттер осы жеңіске жеткен командамен кездеседі.

Қазақстан U-17 – Грекия U-17 – 0:1

Гол: Цириготис, 55.

Қазақстан U-17: Устименко, Әйтім, Қашкен, Ілиясов, Совет, Сағынаев, Махан, Қайыркенов (Ульшин, 57), Жакыпбаев, Краноперов, Сейдахмет.

Грекия U-17: Никополидис, Пападопулос, Лиратцис, Цаусис, Малиопулос, Кацукис (Скедерай, 63), Андзулас, Зубулидис, Войлис, Гайтанидис (Эмманулидис, 54), Гаргаладзидис (Цириготис, 54).

Бас төреші: Денис Щербаков (Беларусь).

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 8 – 26

Тура соққы: 2 – 8

Қиыс кеткені: 5 – 13

Тойтарылғаны: 1 – 5

Қақпа маңдайшасы: 1 – 0

Бұрыштама соққылар: 5 – 6

Офсайдтар: 2 – 0

Ескерту (сары қағаз): 2 – 1

Ереже бұзу: 15 – 8

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика