Вернуться к списку статей

Қазақстан жастар құрамасы “Реалдың” 17 жастағы дүлдүлін тұсаулап ұстай алмады

Футбол
2K
17 жастағы Мартин Эдегорды тоқтату мүмкін болмады. Фото: vk.com/ofc_aktobe
Қазақстан жастар құрамасы Ақтөбеде 2017 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасы аясындағы соңғы кездесуін өткізіп, Норвегия U-21 құрамасынан 0:3 есебімен ұтылып қалды.

Бұл ойынды Қазақстан жастары тәп-тәуір бастаған еді. Бірінші таймда Норвегия U-21 құрамасының шабуылдарына төтеп берді. Қақпашы Павлов та бірнеше рет қонақтардың қауіпті шабуылдарын тойтарып, соққыларын дарытпады. Қорғаушыларымыз да сауатты ойнай білді. Тек қарсы шабуылдарымыз пәрменсіз болды.

Өкінішке қарай, екінші таймда Норвегия жастары өз дегендеріне жетіп тынды. Қазақтың «ізденген жетер мұратқа» деген мәтелі дәл осы құрама жайлы айтылғандай екен. Олар қаншама шабуылдары аяқсыз қалып, қанша рет гол соға алмаса да, алға ұмтыла берді. 

Сөйтіп, табандылықтарының арқасында жеңіске жетті. Бір емес үш гол соқты. Үшеуі де 2015 жылдың басында «Реал» (Мадрид) клубы сатып алған, Норвегияның 17 жастағы дүлдүлі Мартин Эдегордың шеберлігінің арқасында соғылды. Ол екеуін өзі соғып, енді біреуінде Гайяс Захидке пас берді. Ал бұл шабуылшы осы елдің жасөспірімдер арасындағы құрамаларының бәрінде гол соққан ойыншы екен...

Осылай, Қазақстан U-21 құрамасы 2017 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасын көңілге қонымды нәтижемен тәмамдай алмай, ірі есеппен ұтылып қалды. Әйтсе де, 9-електік топта төрт ұпаймен 4-орынға ие болды. Соңғы орында – екі ұпаймен Босния және Герцеговина жастары. Олар бүгін түзде Англияның жас таланттарынан 0:5 есебімен оңбай ұтылды.

Ал Норвегия U-21 құрамасы болса, 9-топта екінші орынға ие болып, 2017 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу турнирінің плей-офф сатысына шықты. Соңғы екі ойында жеңіске жетіп, осыдан бірер күн бұрын ғана мүмкін еместей болып көрінген армандарына қол жеткізді. Енді Австрия, Испания және Сербия жастарының бірімен кездесіп, соңғы екі жолдаманың біреуін сарапқа салады.

Сонымен не керек, Қазақстан ұлттық құрамасының Подгорицада Қаратау (Crna Gora) футболшыларынан 0:5 есебімен, Қазақстан U-19 құрамасының Бельгияда ресейлік құрдастарынан тура осындай есеппен (0:5), ал 17 жасқа дейінгі қыздарымыздың Шотландияда Франция бойжеткендерінен 0:17 есебімен тас-талқан болып ұтылған жеңілістерін еліміздің жастар құрамасы Ақтөбеде жалғастырды...

Қазақстан U-21 – Норвегия U-21 – 0:3

Голдар: Эдегор, 53. Захид, 68. Эдегор, 85.

Қазақстан U-21: Павлов, Шайыхов, Рудосельский, Сартаков, Соколенко, Сапаров (Федин, 65), Тулиев, Вороговский, Сүлей (Эльмурзаев, 89), Тұңғышбаев, Айымбетов (Антипов, 76).

Норвегия U-21: Россбах, Харальдсейд, У.Йенссен, Греннер, Грогор, Троннсен (Торсбю, 88), Фоссум, Меллер-Дели (Глеснес, 78), Эльюнусси, Захид (Эурснес, 89), Эдегор.

Бас төреші: Ненад Джокич (Сербия)

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 8 – 19

Тура соққы: 4 – 10

Қиыс кеткені: 2 – 6

Тойтарылғаны: 2 – 3

Бұрыштама соққылар: 3 – 5

Ескерту (сары қағаз): 1 – 1

Ереже бұзу: 11 – 9

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика