Вернуться к списку статей

Румыния құрамасының бас бапкері Кристоф Даум – Қазақстанды 5:0 есебімен жеңе алмаймыз

Футбол
1K
Румыния ұлттық құрамасының бас бапкері Кристоф Даум
Түзде Арменияны 5:0 есебімен жеңген румындар Қазақстанды да жеңетіндіктеріне тым сенімді секілді. Матч қарсаңында «Астана-Аренада» баспасөз мәслихатын өткізген Румыния бас бапкері Кристоф Даум Байсуфиновтың да командасын ұтуға келгендерін жасырмай айтты.

– Қазақстан құрамасын да 5:0 есебімен жеңесіздер ме?

– Жоқ.

– Одан да ірі есеппен бе?

– Қазақстан кең-байтақ, әсем ел екен. Мұнда келіп, Астананың әсемдігін көріп, дамып кеткендеріңізге қайран қалып отырмыз. Бірақ сіздерді соншалықты әзілқой деп ойламаппын.

– Армениямен болатын ойынмен салыстырғанда ертеңгі матчта команда құрамында қандай өзгерістер болады?

– Негізі футболшылардың бәрі бабында. Медициналық тексерістен өткізгенбіз. Сырқаттанған ешкім жоқ. Дегенмен, синтетикалық алаң өзе дегенін жасауы мүмкін. Сондықтан, жағдайларына қарай ертең бірнеше футболшылар алаңға шықпауы мүмкін. Олар, 7, 8, 9 және 11-ші нөмірдегі ойыншылар.

– Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншыларын жіктеп-талдап тастаған шығарсыздар. Арасынан кімді бөле-жара атап өтер едіңіз?

– Иә, зерттедік. Ойыншыларының әлеуеттері маған жақсы таныс. Бірақ ешқайсысын бөле-жара айта алмаймын. Мен үшін олардың 11-і де бір деңгейдегі футболшылар.

– Арменияны 5:0 есебімен ұттыңыздар. Енді ертең Қазақстанды да қалпақпен қайырып алуды көздейтін шығарсыз?

– Бұл жолы ондай оңай болмайды. Өйткені, Армениямен болған матчта алғашқы минутта-ақ алаң иелерінің бір ойыншысы алаңнан қуылып, жағдайымыз жеңілдеген. Ал ертең біз 11 ойыншыға қарсы шығамыз. Оның үстіне, Қазақстан құрамасы түзде Қаратаудан жеңіліп қалғанымен деңгейі жоғары команда. Олар өз жанкүйерлерінің алдында намысқа тырысып, түздегі масқараны жуып-шаюға тырысады. Оның үстіне, егер біздің ойыншылар Қазақстанды да Армения ұлттық құрамасын жеңгендей оңай ұтамыз деп ойласа, қатты қателескендіктері.

– «Астана-Аренаның» синтетикалық алаңында жаттығу жасап үлгердіңіздер. Көңілден шықты ма?

– Футболшылардың ішінде майып болған ешқайсысы жоқ. Демек, бәрі дұрыс.

– Ереванда күн жылы, ал Астанада қазір суық. Футболшылар жаңа климатқа бейімделіп үлгерді ме?

– Жоқ, әлі үйренісе алмай жүрміз.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика