Вернуться к списку статей

Румыния құрамасы біздің футболшылардан емес... стадионымыздан сескенетін сияқты

Футбол
2K
Румыния футболшылары жасанды желекте дайындалып, әрқайсысы бірнеше бутсыдан әкелді... Фото: frf.ro
Кеше кешқұрым Қазақстан және Румыния құрамалары Астанаға ұшып келді. Екі құрама да қонақ үйге орналасып, ертеңгі матчқа дайындықтарын бастап кетті.

Қазақстан ұлттық құрамасы кеше Қаратау (Crna Gora) елінен тікелей рейспен ұшып келді. Бүгін жаттығу жұмыстарын жүргізеді. Өкініштісі, ертеңгі матчта жасыл алаңға команда капитаны Бауыржан Исламхан шыға алмайды. Өйткені ол Польша және Қаратау құрамаларымен өткен ойындарда ескерту алды...

Сондай-ақ кеше кешкісін Румыния футболшылары да қазақ топырағына табан тіреді. Олар Rixos President қонақ үйіне оррналасыпты. Неміс маманы Кристоф Даум жаттықтыратын румындар да бүгін жаттығу жұмысын өткізіп, «Астана-Арена» стадионының жасыл желегінде доп теуіп көреді.

Осы ретте айта кетерлігі, Арменияда Румыния құрамасының үш футболшысы (Марин, Кипчу, Станку) жарақат алып қалыпты. Олардың алаңға шығатын-шықпайтындары екіталай көрінеді. Бүгін белгілі болатын да шығар.

Ол ол ма...Румыния құрамасына бәрінен де «Астана-Арена» стадионының жасанды желегі күрмеуі күрделі мәселе болып отырған сияқты. Естуімізше, олардың футболшылары өздерімен бірге бірнеше бутсыдан алып келген. 

Қайсысы ыңғайлы болатындықтарын жаттығу кезінде тексеріп көрмек сияқты. Әрі Қазақстанда жеңіліп қалмас үшін өз елдерінде синтетикалық төсеме үстінде жаттығып, дайындықтарын ерте бастағандары да белгілі.

Олар тіпті кейбір шетелдік мамандардың «Астана-Арена» стадионындағы ескі желек төселіп жатқандығы, сонымен қатар ондағы резеңке түйіршіктердің жаман ауруларға, оның ішінде қазақ атын атамайтын дертке апарып соғуы мүмкін деген пікірлеріне иланып, секем алатындай...

Сонымен қатар, олар Қазақстан астанасында жауын-шашынды күндер басталғанынан да хабардар. Осыған орай, «Астана-Арена» стадионының төбесін жауып тастап, “іші қапырық бола ма” деп те қобалжитын көрінеді. Қысқасы, олар біздің құрамадан емес, стадионымыздан сескенетін, қаймығатын, именетін сияқты.

Естеріңізе сала кетейік, 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы «E» тобының екінші турында Румыния жеңіске жетті. Нақтырақ айтқанда, Арарат аңғарында Армения құрамасын 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Ал Қазақстан ұлттық құрамасы Подгорицада Қаратау (Crna Gora) елі футболшыларынан тура осындай есеппен оңбай ұтылып қалған болатын (0:5).

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика