“Астана” клубындағы “тәрбие сабағы”
Осыдан бірер күн бұрын ғана «Оқжетпес» тәжірибелі төрт футболшысын құрамынан аластатқан болатын. Себеп – өздеріне деген талаптың күрт төмендеп кетуі. Бірақ бүгін «Астанамен» кездескенде сол төртеуінің орны ойсырап тұрғандай болды...
Бір қызығы, «Астана» клубында да “тәрбие сабақтары” немесе тәртіпке шақыру шаларалары қолданылған болатын. Бірақ елорда командасының бас бапкері Станимир Стойлов пен клуб басшылары ешкімді де “қуған” жоқ. Ешқандай да еңбек келісімі бұзылған жоқ.
Олар өздеріне деген талапты төмендетіп алып, сенім үдесінен шыға алмаған футболшыларын қосалқы құрам орындығында “тұсаулап” ұстады. Мәселен, ұстараның жүзіндей лыпылдаған жылпың футболшысын, атап айтқанда, Патрик Твумасиді Еуропа лигасы аясындағы матчта алаңға шығармай қойды. Көрерменде атын атап, қиқу салса да, елең қылмады.
Сондай-ақ, соңғы ойындарда гол соғу былай тұрсын, шабуыл өтіне май “құйып”, ойын өрнегін өршіте алмай кейбір ойыншыларының да алаңға шығулары сиреп кеткен еді. Бұл ретте, ең әуелі Азат Нұрғалиевті атап өтуге болады.
Айрықша атап өтерлігі, бұл ойында біраз үзілістен кейін Юрий Логвиненко алаңға оралды. Ол бірінші таймның аяғында Шитовты алмастырып, көрермендер қошаметіне бөленді.
Шомконың үш пасы мен Твумасидің екі голы
Твумаси өзінің деңгейі жоғары ойыншы екендігін екінші минутта-ақ дәлелдеді. Дмитрий Шомконың сол қапталдан асырған добын сол аяғымен қақпа ішіне “сүңгітті”.
Екінші таймда Шомконың сол қапталдан тепкен добына Азат Нұрғалиев аяғын қоя қойып, бағытын өзгертіп, қақпа торында тулатты. «Оқжетпес» қорғаушылары пас берген қорғаушыға да, дедек қаққан допқа да, гол соққан шабуылшыға да бөгет бола алмады.
Ойынның аяғында Шомко тағы да допты сол қапталдан әуеле теуіп, Твумаси оны басымен қақпаға дәл түсірді. Қонақтардың қақпашысы да, қорғаушылары да тағы да көз жазып қалды.
Осы үш голдың арасында басқа да қауіпті сәттер болды. Тек қана «Астана» футболшыларының ғана емес, «Оқжетпес» ойыншыларының да тамаша мүмкіндіктері болды. Бірақ елорда клубының басқа жігіттері мен қонақтардың шабуылшыларына гол соғудың сәті түспеді.
Алтын медаль «Астананың» алақанында...
Сөйтіп, «Астана» құрамы селдіреп қалған «Оқжетпесті» қалпақпен ұрып алмаса да, қиналмай ұтты. Әрі ұпай қорын молайтып, өкшесін басып, ізіне түскен «Қайраттан» ұзай түсті.
Дәл қазір «Астана» «Қайраттан» алты ұпай озық тұр. Бір кездесуі кейінге шегерілген. Яғни 26 қазанда дәл осы «Оқжетпеспен» түзде өтетін “ойдағы” ойында жеңіске жетсе, ұпай айырмасы тоғыз болады. Ал биылғы ел чемпионатының аяқталуына небәрі үш-ақ тур қалды.
Бұл дегеніміз, «Астана» енді қалған ойындарының үшеуінде ұтылып қалмаса, болды... биыл да чемпион болады. Әрине, бәрі де 16 қазан күні Алматыда өтетін келесі турда, яғни екеуара матчта шешілуі мүмкін. Бірақ астаналықтар бұл ойында ұтылып қалып, қалған үш кездесуінде жеңіске жетсе, «Қайрат» бәрібір жете алмайды. Неде болса, әліптің артын бағайық.
«Астана» – «Оқжетпес» – 3:0
Голдар: Твумаси, 2. Нұрғалиев, 56. Твумаси, 89.
«Астана»: Эрич, Бейсебеков, Аничич, Шитов (Логвиненко, 39), Шомко, Каньяс, Максимович (Тағыберген, 69), Твумаси, Мұжықов, Нұрғалиев, Нөсербаев (Кабананга, 81).
«Оқжетпес»: Стаменкович, Қожамберді (Әбілғазы, 76), Куксин, Волков, Мангуткин, Еоне, Нганбе, Жұмаханов (Ристович, 81), Юрин, Молдақараев, Каналес.