Вернуться к списку статей

Қазақстан құрамасын жеңген Аргентина әлем чемпионы атанды

Футбол
2K
Аргентина құрамасы – футзалдан ХІІІ әлем чемпионы. Фото: fifa.com
Бүгін таңертең футзалдан ХІІІ әлем чемпионаты аяқталды. Финалда Аргентина құрамасы Ресей футзалшыларын ұтып, тұңғыш рет әлем чемпионы атанды.

“Парсы ертегісі” қола жүлдемен тәмамдалды

Әуелі Иран және Португалия құрамалары қола жүлдені сарапқа салды. Тартысты өткен ойынның бірінші таймында есеп ашылған жоқ. Екінші тайм басталған бетте Португалия құрамасы құйындай орап соғып, Кардинал 19 секундтың ішінде екі гол соқты.

Содан Иран жігіттері тайлы-таяғымен алға қарай лап қойды. Португалия футзалшылары оларды тоқтату үшін ойын ережесін жиі бұзуға мәжбүр болды. Ойын аяғында тіпті ереже бұзу шектеуінен асып кетіп, қарсыластары 10-метрлік пенальти (немесе дабл-пенальти) тебу мүмкіндігіне ие болды...

Бес минуттан кейін Парсы құрамасы есепті қысқартты. Ал матчтың аяқталуына төрт минут қалғанда дабл-пенальтиден таразы басын теңестірді. Айтпақшы, 25-минутта екі команда сапынан бір ойыншыдан алаңнан да қуылды...

Сөйтіп, ойынның негізгі уақыты тең аяқталып (2:2), жеңімпаз бірден пенальти арқылы анықталды. Себебі әлем чемпионатының регламенті бойынша үшінші орын үшін өтетін ойында экстра-таймдар қарастырылмаған.

Ал пенальти тебу сайысында Иран футзалшыларының бағы жанды. Есеп – 4:3. Осы ретте айта кетейік, пенальтиді әр командадан алты ойыншыдан орындады. Жеңісті голды 10-метрлік пенальтиден есепті теңестірген Мехди Джавид соқты.

Сөйтіп, Иран құрамасы тұңғыш рет әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Рас, 1992 жылы да Парсы футзалшылары жартылай финалға дейін жетіп, 3-орынды сарапқа салу құқығына қол жеткізген. Бірақ Испания құрамасынан ұтылып қалып (6:9), төртінші орынды қанағат тұтқан болатын.  

Иран – Португалия – 2:2

Голдар: Кардинал, 20:29 (0:1). Кардинал, 20:48 (0:2). Каземи, 25:29 (1:2). Джавид, 35:39-дабл-пенальтиден (2:2).

Пенальти: Кардинал (0:1). Хасанзаде (1:1). Бриту (1:1). Тахери (1:1). Рикардиньо (1:2). Тайеби (2:2). Коэльо (2:3). Каземи (3:3). Андрэ (3:3). Ахмади (3:3). Матуш (3:3). Джавид (4:3).



Аргентина – үшінші чемпион

Бұған дейін тек Бразилия мен Испания футзалшылары әлем чемпионы болып келген-ді. Бес рет оңтүстікамерикалықтар үстемдік танытса, еуропалықтар екі мәрте топ жарған болатын. Сегізінші бүкіләлемдік додада Аргентина құрамасының бағы жанды.

Әлем чемпионатын Қазақстан құрамасымен өткен шиеленісті матчпен бастап, біздің футзалшылардан тактикалық тұрғыда басым түсіп, 1:0 есебімен жеңген Аргентинаның жанкешті жігіттері алтынмен апталды. Олар ХІІІ әлем чемпионатында ешбір командадан ұтылған жоқ.

Аргентина – Ресей матчы да шиеленісті өтті. Есепті ресейліктер ашқанымен, оңтүстікамерикалықтар бірден таразы басын теңестіріп, бірінші таймның аяғына дейін тағы бір гол соғып, алға шықты (екінші голды дабл-пенальтиден соқты).

Екінші тайм басталған бетте Ресей құрамасының бразилиялық легионері Эдер Лима есепті теңестірген, бірақ Аргентина жігіттері екі голмен жауап берді. Осыдан кейін ресейліктер бес ойыншымен шабуылдауға көшті.

Ойының аяғына қарай Аргентина жігіттері қарсыластырының қарауылсыз қалған қақпасына допты дөп түсіріп, есеп айырмасын үш допқа ұлғайтты. Олар осыдан кейін сәл босаңсып қалғандай болды. Ал Ресей құрамасы осыны пайдаланып, көп ұзамай екі гол соғып, есепті қысқартты. Соңғысын ойын аяғында дабл-пенальтиден соқты.

Бірақ бұдан әріге олардың шамалары жетпеді. Уақыт та аз қалған еді. Әрі Аргентина жігіттері де бәрін есептеп, пайымдап отырды. Футбол “тілімен” айтқанда, ойын тізгінін уыстарынан шығарған жоқ.

Аргентина – Ресей – 5:4

Голдар: Эдер Лима, 15:23 (0:1). Вапораки, 15:49 (1:1). Куццолино, 19:34-дабл-пенальтиден (2:1). Эдер Лима, 21:18 (2:2). Бранди, 21:35 (3:2). Бранди, 22:33 (4:2). Вапораки, 38:19 (5:2). Лысков, 38:56 (5:3). Эдер Лима, 39:41-дабл-пенальтиден (5:4).



Ширек финал

Ресей – Иран – 4:3

Аргентина – Португалия – 5:2

ІІІ орын үшін

Иран – Португалия – 2:2 (пенальтиден – 4:3)

Финал

Аргентина – Ресей – 5:4

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика