“Қайраттың” есесі кетіп-ақ жүр...
Бүгін «Қайрат» өз алаңында «Ордабасы» командасын қабылдады. Басқа басқа, бірақ Алматы клубының биыл оңтүстікқазақстандықтарға есесі кетіп-ақ жүр. Бұған дейін үш рет кездесіп, Шымкенттегі екі ойында да ұтылып (0:1 және 1:2), өз алаңында тең түскен (2:2).
Сондықтан бүгін қалайда жеңуге тырысты. Әрі енді ұпай жоғалтса, сағымдай бұлдыраған саф алтыннан да үмітін үзуі мүмкін еді. Алайда бүгін де «Қайраттың» азуы «Ордабасы» командасына батпай-ақ қойды. Бүгін де жеңе алмай, пұшайман болды.
Екі гол да әдемі соғылды
Ойын басталған бетте алматылықтар атойлап алға шапты. Шабуылды үдетіп, қонақтарын қыспаққа ала түсті. Құйында орап соғып, 19-минутта бір гол соқты да. Исламбек Қуат допты Жерар Гоуге бере қойып, Кот-д'Ивуар шабуылшысы екі шетіндегі қорғаушыларды да, қақпашыны да бір ғана соққысымен қапы қалдырды.
Алайда бұл гол қонақтардың сағын сындыра алмады. Керісінше, «Ордабасы» қарсы шабуылдарын жиілетті. 35-минутта Еркебұлан Тұңғышбаев оң қанттан әуелеп ұшып келе жатқан допқа атылып, басымен қақпа ішіне “қадады”. «Қайраттың» қорғаушылары да, қақпашысы да сан соғып қала берді...
Бірінші тайм осылай тең есеппен аяқталды.
Бекбаевтың бенефисі
Екінші таймда «Қайрат» тайлы-таяғымен алға қарай лап қойды. Қонақтарын айып алаңына ысырып тастап, шымкентіктердің қақпасын нысанаға алумен болды. Бірақ «Ордабасының» қақпашысы Алмат Бекбаев қас шеберлік танытып, олардың соққыларының бәрін тойтарумен болды.
Әрі оңтүстікқазақстандықтардың қорғаушылары да жанкештілік танытып, алаң иелеріне допты тепкізбеуге тырысты. Тіпті доптың жолына кесе-көлденең тосқауыл болып, алматылықтардың бірнеше соққыларын кері қайтарды.
Алматы клубы алаңға тың ойыншыларын қосып, ұстараның жүзіндей лыпылдаған Исаэль мен екі аяғын тең басқан Тавамбаны шығарса да, Бекбаевтан ешқайсысы айласын асыра алмай діңкеледі.
Қонақтар да қарап қалмай, аракідік қарсы шабуылдарымен «Қайраттың» қорғанысын піспектеп отырды. Бірді-екілі қауіпті соққыларымен алаң иелерінің және Алматы жанкүйерлерінің зәрелерін ұшырды да...
“Қайрат” “Ордабасыны” жеңе алмай, 10 ұпайдан қағылды
Төреші ойынның негізгі уақытына бақандай алты минут қосты. Бірақ бұл да «Қайраттың» бір гол соғуына жетпеді. Алаң иелері қалай тырысса да, қап қапталмен шабуылдаса да, Бекбаевтың қақпасына доп енгізе алмай, қара терге түсті.
Сонымен, ойын 1:1 есебімен аяқталды. «Қайрат» «Ордабасы» командасымен өткен төрт ойында 10 ұпайдан қағылды. Бар болғаны екі-ақ ұпай еншіледі. Енді чемпиондық атақ мен алтын жүлдеден үмітін мүлде үзе ме, жоқ әлде «Астана» екеуара кездесуде ұтылып, тағы да мүмкіндік бере ме?..
«Қайрат» – «Ордабасы» – 1:1
Голдар: Гоу, 19 (1:0). Тұңғышбаев, 35 (1:1).
«Қайрат»: Покатилов, Қуат, Маркович, Ампоста, Сүйімбаев, Тимощук (Тұрысбек, 90), Бакаев, Асеведо (Исаэль, 56), Аршавин (Тавамба, 76), Исламхан, Гоу.
«Ордабасы»: Бекбаев, Төлебек, Трайкович, Абдулин, Қожабаев (Бейсенов 67), Диакате, Чатто, Симчевич, Гейнрих, Гогуа (Касалица, 67; Мұхтаров, 79), Тұңғышбаев.