Вернуться к списку статей

Станимир Стойлов – Твумаси сияқты мен де ойнай аламын, сондықтан оны алаңға шығарған жоқпын

Футбол
2K
Станимир Стойлов –
«Астана» – «Янг Бойз» кездесуінен кейін журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізген алаң иелерінің бас бапкері Станимир Стойлов ойын туралы өз ойын білдіріп, неліктен алаңға Патрик Твумасиді шығармағанын айтты.

– Өте қызықты ойын болды, - деп бастады Станимир Стойлов. – Футболшылардың жеңіске деген жігерліктеріне өздеріңіз де көз жеткізген шығарсыздар?! Біз негізінен қапталдағы ойыншыларымыздың әуелете асырған пастарына шабуылшыларымыз бірінші болып жетіп, гол соғатын шығармыз деп күткенбіз. Бірақ соңғы шепте бізге дәлдік жетіспеді.

– Ойыншы алмастыруды тек ойын соңында ғана, матчтың аяқталуына небәрі 10 минут қалғанда бастадыңыз. Оған дейін ойын барысына көңіліңіз толып жатты ма?

– Иә, біз жаман ойнаған жоқпыз. Алаңдағы ойыншылардың барлығы барын сала өнер көрсетіп жатты. Тек дәлдік жетіспеді. Мен бұл кездесуде екі шабуылшыны пайдаланып көргім келген. Тактика жаман болған жоқ. Бірақ, гол ғана жетіспей тұрды.

– Патрик Твумасиді алаңға сол күйі шығармауыңыздың себебі неде?

– Бізге бүгін екі шабуылшымен өнер көрсету маңызды болды. Тағы бір шабуылшының қажеті болған жоқ. Сондықтан, Патрикті бұл матчқа шығаруды қажет деп таппадым.

– Твумаси «Астана» бапкерлер алқасымен тіл табыса алмай жүр деген сыбыс бар. Бұл қаншалықты рас?

– Жоқ, бұл өтірік. Командада барлық ойыншылармен жақсы түсінісеміз. Егер футболшылардан кімде-кім маған ұнамаса немесе тіл табыса алмай жүрген болсақ, онда ол ойыншы командада болмас еді.

– Ол осы маусымда «Астана» сапында алаңға шығуға мүмкіндік ала ма?

– Егер жаттығуда барын салып, ойындарда өздерін жақсы жағынан көрсете білсе, онда мен оны қосалқы құрамға қамап қоймаймын. Ал дәл қазіргідей жағдайы жарамайды. Шынын айтқанда, оның қазіргідей ойынын мен де көрсете аламын.

– Қалай ойлайсыз, «Астана» бұл кездесуде бір ұпайға қол жеткізді ме, әлде екі ұпай жоғалтты ма?

– Адам жақсы нәрсеге тез үйренеді. Қазір біз Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі тең есепке қанағаттанбайтындай халге жеттік. Ал бұрын ше? Осының өзін армандайтын едік қой. «Янг Бойз» – Швейцария чемпионатында екінші орын алған өте мықты команда. Бұған дейін Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде Украинаның «Шахтерін» жолдан тайдырған. Иә, біз жеңіс үшін барымызды салдық. Бірақ, «Янг Бойзды» ұту оңай болады деп кім айтты? Десек те, біз бұл ойында екі ұпай жоғалттық.  

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика