Вернуться к списку статей

Станимир Стойлов – "Янг Бойз" – Украинаның "Шахтерін" Чемпиондар лигасынан ұшырған мықты ұжым

Футбол
1K
Станимир Стойлов –
«Астана» – «Янг Бойз» кездесуінің қарсаңында алаң иелерінің бас бапкері Станимир Стойлов журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізіп, алдағы кездесуге дайындығы жайлы айтып берді.

– Ертең бізді қызық ойын күтіп тұр деп ойлаймын. Бұл – Еуропа лигасының топтық кезеңі аясындағы алғашқы матчымыз болмақ. Сондықтан, жанкүйерлер бізден жақсы ойын талап ететіні сөзсіз, - деп бастады «Астананың» бас бапкері Станимир Стойлов.

– Қарсылас жайлы біраз мағлұмат жинаған боларсыз. «Янг Бойз» жайында не айтасыз?

– Қарсыласымыз өте қарымды командалардың бірі. Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасында бірінші жыл ойнап жүрген жоқ. Іріктеу кезеңінде Украинаның «Шахтерін» жолдан тайдырған. Мұның өзі көп нәрседен хабар беріп тұрса керек. Бірақ мен үшін ең бастысы – өзімнің командам. Футболшыларым жасыл алаңда жанын сала ойнайды деп сенемін. Өйткені, елорда тұрғындары ғана емес, барша Қазақстан халқы қарап отырғанын олар да түсінеді.

– Жарақат алып қалған Юрий Логвиненко мен Агим Ибраимидің қазіргі жағдайлары қалай? Олар ертеңгі матчқа дайын ба?

– Ибраимидің жаттығуға кіріскеніне көп болған жоқ. Рас, командаға қосылды. Ақырындап доп тебе бастады. Бірақ, алаңға шығуға әлі дайын емес. Ал Логвиненконың жағдайы біршама жақсарып қалды. Командамен бірге жаттығып жүр. Бәлкім, ертең алаңға шығып қалатын да шығар. Алайда, қанша минут ойнайтынын айта алмаймын. Оны ойын жақындаған кезде көре жатармыз.

– Жалпы, ертеңгі ойынға команда қаншалықты дайын?

– Білесіздер ғой, ойын алдында «осынша пайызға дайын, жоқ осыншаға дайын» деп тоқтаусыз айта беруге болады. Дегенмен, Еуропалық деңгейдегі ойындарда кез келген матчқа барынша дайын болуың қажет. Әйтпесе, қателікті ешкім кешірмейді.

– Сырт алаңда «Апоэлден» 1:2 есебімен ұтылғаннан кейін команда сол сәтсіздіктен қандай сабақ алды?

– Бірінші таймда гол соғып алғаннан кейін екінші таймда қорғанысқа қатты жатып алдық. Кішкене допты қақпамыздан алысырақ ұстау қажет еді. Сондай-ақ, 90 минут бойы концентрацияда болуымыз керек. Қазақстан чемпионатында қарсыластар сенің қателігіңді байқамауы мүмкін. Ал Еуропада ешкім сені кешірмейді. Ол жақта футбол қатал.

– Еуропа лигасының бірінші турынан кейін «Янг Бойзды» біздің топтың аутсайдері деп жатқандар бар. Сіз мұнымен келісесіз бе? Жалпы, сіздіңше «Апоэл» мен «Янг Бойздың» қайсысы қарымдырақ?

– Қате түсінік. «Янг Бойздың» сапында Швейцария ұлттық құрамасында, Швейцария жастар құрамасында ойнайтын футболшылар бар. Олар өте агрессивті ойнайды. Допты тартып алудың хас шеберлері. «Апоэлмен» біз түзде ойнадық, швейцариялықтармен әлі кездескен жоқпыз. Әлбетте, видео мен шынайы текетірестің айырмашылығы өте көп. Видеодан қарасаң бәрі басқаша көрінуі мүмкін. Бірақ алаңға шыққанда алдыңнан мүлдем өзгеше команда шыға келеді.

– Ал біздің топтың фавориті – «Олимпиакос» деген пікірмен келісесіз бе?

– Иә, қағаз жүзінде солай. Егер клубтар рейтингіне назар аударар болсақ, біздің топта ең жоғары тұрғаны – «Олимпиакос», одан кейін «Апоэл» және «Янг Бойз». Ал біздің рейтиңгіміз ең төмен. Бізге осыны түзеу керек. Дегенмен, үш командаға қарсы да лайықты өнер көрсетуге болады. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика