«Ақтөбенің» ресейлік легионері Егор Сорокин биылдыққа екінші рет даудың ортасында қалды. Сәуір айында Алматыда өткен матчта «Қайрат» қорғаушысы Жарко Марковичті бүйірінен ұрып, етпетінен түсірген Сорокин бұл жолы Ақтөбеде өткен ойында Аслан Дарабаевты теуіп, кезекті рет қызбалығын көрсетіп алды.
Егор Сорокиннің мінезін ашып көрсету үшін Алматыдағы кездесуді тағы бір рет еске алғанның артықтығы жоқ шығар. Ойынның 80-минуты болатын. «Қайраттың» айып алаңында алаң иелерінің қорғаушысы Жарко Марковичпен бетпе-бет келіп қалған «Ақтөбенің» 80-ші нөмірлі ойыншысы
Қарсыласын ҚАСАҚАНА бүйірден ұрып құлатты. Артынан бейнеқайталаудан мұқият қарап көрген едік, Маркович БАЙҚАУСЫЗДА Сорокиннің аяғын басып кеткен екен. Бас төреші Игорь Алешин екі ойыншыны да кешірді.
Егор Сорокиннің Жарко Марковичті бүйірден ұрып құлатуы
Дегенмен, бұл іс Қазақстан футбол федерациясының Тәртіптік-бақылау комитетінде қарастырылып, ТБК мүшелері алғашқы отырыста-ақ Сорокинді бірнеше ойыннан аластату туралы шешім қабылдаған. Бірақ араға «Ақтөбе» директоры Дмитрий Васильев түсіпті. Тіпті, ҚФФ президенті Ерлан Қожағапанов та өршеленіп, өзіне қарсы шыққандарды «қызметінен кетіремін» деп қорқытқан. Мұны бізге Тәртіптік-бақылау комитетінің сол кездегі мүшелері айтып берді. Ақыры Сорокинге ешнәрсе болған жоқ. Ал ТБК мүшелері өз еріктерімен қызметтерінен кетті.
Иә, сол жағдайдан кейін Сорокинге тыныш жүрсе артық етпес еді. Оның үстіне, команда капитаны ұстамды болуы қажет деген түсінік бар. Керісінше, әріптестерін сабырға шақырып, командасын алға сүйрей білуі тиіс. Егордың біз лидерлік қасиеттеріне шүбә келтірмейміз. Шынымен де, жас та болса да, көшбасшылық мінезі бар. Өткен турда «Астана» қақпасынан саңылау тауып, өзінің кәсіпқой футболдағы алғашқы голын да соқты.
Алайда, көктемдегі дау «ақтөбелік» қорғаушыға сабақ болмапты. «Ақтөбе» – «Қайрат» арасында өткен соңғы турдың соңғы минутында тағы да төбелескіштік талантын танытты. Аслан Дарабаевпен допқа талас кезінде екеуі де құлап, «қайраттық» жартылай қорғаушының аяғы рефлексті түрде көтеріліп, Сорокиннің кеудесіне тиіп кетеді. Сол-ақ екен, орнынан атып тұрған Егор әлі тұрып үлгермеген Асланды теуіп қалады. Онымен қоймай, кеудесінен итеріп жібереді. Бас төреші Анатолий Вишниченко екеуіне де ескерту қағазын көрсетті.
Егор Сорокин мен Аслан Дарабаевтың текетіресі (Қайрат нұсқасы)
Бұл эпизодтың бейнеүзіндісін алдымен «Қайраттың» ресми сайты көрсетті. Бірақ камера алысырақ тұрғанға ма, анық аңғармадық. Алайда, артынша «Ақтөбе» ұсынған бейнеүзіндіде бәрі тамаша көрініп тұр. Жерде жатқан Асланның аяғы автоматты түрде көтерілген. Кім біледі, бәлкім Сорокин қарсыласының бұл әрекетін қасастық деп қабылдаған шығар. Дегенмен, «қайраттық» ойыншыны тебуге хақысы жоқ еді. Бас төреші де бәрін көріп тұр. Егер ол Дарабаев тарапынан агрессиялық әрекет байқаған болса, Сорокиннің «көмегінсіз-ақ» жазалар еді.
Егор Сорокин мен Аслан Дарабаевтың текетіресі (Ақтөбе нұсқасы)
Қазақта «Шаңыраққа қара!» деген тамаша сөз бар. Бұл дегеніміз, «қанша қонақжай болсақ та, мейман екенсің, өз орныңды біліп жүр» деген сөз. Сондықтан, ресейлік легионер әлін көрсетпес бұрын алдымен «шаңыраққа қарап», артын ойлағаны абзал. Оның үстіне, алаңда футболшылардан блек, ойын тәртібін бақылап отыратын төреші бар. Шешімді қабылдайтын да аузында ысқырығы, қалтасында қағазы бар арбитр. Ендеше, бұл жағдайды Тәртіптік-бақылау комитеті бей-жай қалдырмай, Сорокиннің «тергеусіз сотына» жауабын беруі тиіс деп есептейміз.