Вернуться к списку статей

“Астана” мен “Ертіс” түзде жеңіске жетті

Футбол
2K
“Ертіс” үшінші орынға қайта көтерілді. «Оқжетпес» – «Ертіс» – 1:4. Фото: okzhetpes.kz
Бүгін Қазақстан премьер-лигасында ХХVІІІ турдың ойындары жалғасып, «Астана» түзде «Ордабасы» командасын ұтса, «Ертіс» Көкшеде «Оқжетпесті» ойсырата жеңді.

“Астана” “Ордабасы” командасын төртінші рет ұтты

Шымкентте «Ордабасы» мен «Астана» кездесіп, қонақтар жалқы доппен жеңіске жетті. Жалғыз голды бірінші таймның аяғында Джуниор Кабананга соқты. Мұжықовтың ойынға бұрыштан қосқан добын Деспотович басымен қақпаның оң жақ бұрышына қарай сілкіп тастады. Ал Конго шабуылшысы әуелеп ұшқан доппен қоса қақпа ішінен бір-ақ шықты...  

Жалпы, биыл екеуі ел чемпионаты аясында төрт рет кездесті. Төртеуінде де «Астана басым түсті. Ел біріншілігінің алғашқы кезеңінде Шымкентте де, елордада да 3:1 есебімен үстем түссе, екінші кезеңнің бірінші айналымында 2:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Бұл жолы ойын тағдырын жалғыз гол соқты.

Соңғы жиырма минутты алаң иелері он ойыншымен ғана өткізді. 70-минута Самат Смақов төрешімен сөзге келіп қалып, екі рет қатарынан ескерту алып, алаңнан қуылды. Жалпы, бұл матчта «Ордабасы» жарақат алып қалған кейбір ойыншыларына алаңа шығара алмады.

«Ордабасы» – «Астана» – 0:1

Гол: Кабананга, 44.

70-минутта Смақов («О») алаңнан қуылды (екінші ескерту).

«Ордабасы»: Бекбаев, Төлебек, Трайкович, Чатто, Абдулин, Смақов, Диакате, Симчевич, Әшірбеков (Адырбеков, 54), Гогуа (Гейнрих 60), Тұңғышбаев (Ирисметов, 81).

«Астана»: Эрич, Бейсебеков, Аничич, Шитов, Шомко, Каньяс, Максимович, Мұжықов, Нұрғалиев, Деспотович (Нөсербаев, 65), Кабананга (Тағыберген, 82).


“Ертіс” үшінші орынға қайта көтерілді

«Ордабасы» өз алаңында сүрініп, «Ертіс» Көкшетауда «Оқжетпесті» ойсырата жеңіп, үшінші орынға қайта көтерілді. Қанша уақыт үшінші орында тұрады? Оны алдағы ойындар көрсетеді.

«Ертіс» әрі «Оқжетпестен» есесін қайтарды. Екінші кезеңнің бірінші айналымында 0:2 есебімен ұтылып қалған. Өз алаңында есе жіберіп алған болатын. Енді ірі есеппен ұтып, көңіл-күйлері орындарына түскендей болды. Себебі, павлодарлықтар соңғы бес ойында үй демей, түз демей ұтылып қалған болатын.

Айта кеткеніміз жөн болар, «Оқжетпес» клубының орталық қорғаушыларының екеуі де жарақат алып, қатардан шығып қалыпты. Ал бүгін осы шепте ойнаған қорғаушылары сенімді ақтай алмады. Әсіресе, Куксиннің аяғындағы допты Муртазаевқа беріп қойып, «Ертістің» үшінші голды соққаны осы сөздерімзге дәлел бола алады...

Жалпы, «Оқжетпес» екінші кезеңде тұрақты ойын үлгісін көрсете алмай келеді. Соңғы турларда тіпті жанкүйерлерін жасытып та жүр. Кейде өз деңгейлерінен төмен ойнап, бас бапкері де айтарға сөз таппай қалады...      

«Оқжетпес» – «Ертіс» – 1:4

Голдар: Фонсека, 17 (0:1). Хайруллин, 37-пенальтиден (1:1). Муртазаев, 52 (1:2). Муртазаев, 55 (1:3). Гетериев, 76 (1:4).

59-минутта Хайруллин алаңнан қуылды.

«Оқжетпес»: Стаменкович, Чичулин (Ристович, 83), Куксин, Кислицын, Мангуткин, Волков, Жұмаханов, Юрин (Қожамберді, 64), Хайруллин, Молдақараев, Каналес (Нганбе, 72).

«Ертіс»: Цирин, Ахметов, Фрейдгеймас, Керла, Сартаков, Йирсак, Фонсека (Фаль, 83), Григалашвили, Алиев, Гетериев (Аяғанов, 86), Муртазаев (Фернендес, 85).


“Атырау” екінші кезеңде алғаш рет жеңіске жетті

«Атырау» ел чемпионатының екінші кезеңінде алғаш рет жеңіске жетті. Үздік алтылықтағы бастапқы бес ойынында тек екі рет тең түсіп, үш рет ұтылып қалған-ды. Бүгін «Тараздан» бір доп айырмасымен басым түсті.

Жалғыз голды Александру-Паул Куртеян соқты. Максим Федин сол қанатта бір қорғаушыны алдап өтіп, допты көлбеулете бере қойды. Румын футболшысы шірене теуіп, қақпа торын бүлк еткізді.  

«Атырау» – «Тараз» – 1:0

Гол: Куртеян, 63.

«Атырау»: Нарзикулов, Чуреев, Дамчевски, Ламанж, Эсатов (Федин, 58), Эссаме, Сапаров, Шабалин (Мулдаров, 90+3), Куртеян (Шарпар, 85), Аржанов, Трытко.

«Тараз»: Григоренко, Д.Евстигнеев, Воротников, Мера, Григорьев, Яковлев (Алиев, 55), Эргашев, Пищур (Бауыржан, 86), Сүлей, Мане, Тәжімбетов.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика