Вернуться к списку статей

“Домбыраның” құлақ күйін келтіре алмадық немесе “Мысыр хикаясы”

Футбол
2K
Мысырлық Абдельрахман Элашвал (ортада) Италия қақпасына үш гол соқты. Фото: fifa.com
Футзалдан Колумбияда өтіп жатқан ХІІІ әлем чемпионатының 1/8-финалы тосын нәтижелерге толы болды. Кешегі “парсы ертегісінен” кейін бүгін таңда “мысыр хикаясы” басталды...

Бүгін таңертең ХІІІ әлем чемпионатында 1/8 финалының қалған үш ойыны өтті. Бір қызығы, үш матчта да жеңімпаз эксра-таймдарда анықталды. Оның бірінде «E» тобында Қазақстан құрамасының алдын орап кеткен Аргентина футзалшылары Украина жігіттерін 1:0 есебімен әзер ұтты. Жалқы гол екінші бес минуттық қосымша таймның соңында (49-минутта) соғылды.

Ал Әзірбайжан мен Таиланд арасындағы шектен тыс тартысты матчта 21 гол соғылып, екі қақпаға доп “борады”. Ойынның негізгі уақыты 7:7 есебімен тең аяқталған. Экстра-таймдарда тағы жеті гол соғылды. Соның алтауын әзірбайжандықтар соғып, тай таланттары бір доппен ғана жауап берді. Жалпы есеп – 13:8. Сөйтіп Каспий теңізінің арғы жағындағы екінші көршіміз ширек финалға шықты...

Италия мен Египет арасындағы матчтың да негізгі уақыты тең аяқталды. Екінші экстра-таймның соңғы минуттарында Мысыр елі футзалшылары бір гол соғып, азулы еуропалықтарды әлем чемпионатынна тыс қалдырды. Сөйтіп екі дүркін Еуропа чемпиондары және төрт рет жүлдегерлері атанған, әлем чемпионатының бір рет күміс және екі мәрте қола медальдарын жеңіп алған италияндықтар бұл жолы үйлеріне құр қол қайтты.


Мысыр футзалшылары. Фото: fifa.com

Сөйтіп, ширек финалға Иран, Египет, Әзірбайжан секілді елдердің намыс отына шоқтай қарылған жанкешті жігіттері шықты. Әттең, Қазақстан құрамасының жолы болмай, сәл ғана сәттілік, бармақтай ғана бақ жетіспеді. Әйтпесе, біздің футзалшыларымыз да доп додасы көрігін қыздырып, жүлдеге таласа алатын еді.

Құрама сапындағы қайсар қырандарымыз “екі шекті домбырамен” “жеті шекті гитараға” төтеп берді-ақ. Тіпті домбыраның “күмбірі” гитараның “сыңғырынан” әсерлі болды. Өкінішке қарай, ойын аяғында бір ойыншысы алаңнан қуылып, кем құрамда ойнаған Испания қақапасына гол соға алмай, пұшайман болды. Сөйтіп, матч соңында “домбыраның” құлақ күйін келтіре алмай, жеңіліске ұшырады.

Енді 1/8 финалындағы ойындар нәтижесі мен ширек финалда додаға түсетін жұптарға көңіл аударыңыздар:

1/8-финалы

Ресей – Вьетнам – 7:0
Колумбия – Парагвай – 0:0 (пенальтиден – 2:3)
Бразилия – Иран – 4:4 (пенальтиден – 2:3)
Испания – Қазақстан – 5:2
Португалия – Коста-Рика – 4:0
Аргентина – Украина – 1:0 (экстра таймда)
Таиланд – Әзірбайжан – 8:13 (экстра таймда)
Италия – Египет – 3:4 (экстра таймда)

Ширек финал

Испания – Ресей – 24 қыркүйек
Иран – Парагвай – 24 қыркүйек
Аргентина – Египет – 25 қыркүйек
Португалия – Әзірбайжан – 25 қыркүйек

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика