Вернуться к списку статей

Сербияда – “қазақ ертегісі”, Колумбияда – “парсы ертегісі”...

Футбол
2K
Иран футзалшылары айбынды Бразилия құрамасынан басым түсті. Фото: fifa.com
Футзалдан Колумбияда өтіп жатқан ХІІІ әлем чемпионатында “қазақ ертегісі” ерте аяқталды. Есесіне, Иран футзалшылары бес дүркін әлем чемпиондарын үйлеріне қайтарып, “парсы ертегісі” басталды...

Бүгін түнде ХІІІ әлем чемпионатында 1/8 финалының үш ойыны өткен. Оның бірінде, бұған дейін жазғанымыздай, Қазақстан ұлттық құрамасы Испания футзалшыларынан ұтылып қалды (2:5). Ал Португалия құрамасы Коста-Рика жігіттерінен 4:0 есебімен басым түсті.

Үшінші ойын ұзаққа созылды. Бразилия – Иран матчында жеңімпаз ойынның негізгі уақытында да (3:3), қосымша экстра-таймдарында да (1:1) анықталған жоқ. Сөйтіп пенальтиге жүгінуге тура келді. Ал пенальти тебу сайысында Парсы елі жігіттерінің бақтары жанды (3:2).

Сөйтіп, ширек финалға көпшілік күткендей бес дүркін әлем чемпиондары емес, 11 дүркін Азия чемпиондары, яғни Иран құрамасы шықты. Бұл – спорт мамандары мен жанкүйерлері ойламаған тосын нәтиже! Себебі футзал әлемінде Бразилиядан әйгілі де, айбынды құрама жоқ болатын...

Топтық кезеңде Бразилия «D» төрттігінде қарсыластарының бәрін ұтып, бірінші орын алса, Иран «F» тобында төрт ұпаймен үшінші орынға ие болған-ды. Испаниядан ұтылып (1:5), Мароккодан басым түсіп (5:3), Әзірбайжанмен тең түскен болатын (3:3).

Бір қызығы, дәл осы әлем чемпионаты қарсаңында Таиланда халықаралық турнир өтіп, Қазақстан ұлттық құрамасы Иран футзалшыларымен кездесіп, 3:3 есебімен тең түскен-ді. Әттең, біздің құраманың сапында сол матчтағыдай Серік Жаманқұлов пен Эвертон болғанда, Сербиядағы “қазақ ертегісі” Колумбияда жалғасын табар ма еді?!



Иран – Бразилия – 4:4 (пенальтиден – 3:2)

Голдар: Тайеби, 14. Каземи, 31. Хассанзаде, 37, Кешаварз, 48 – Фалькао, 9; 13; 48. Диугеньо, 29.

Иран құрамасы енді, ширек финалда Парагвай футзалшыларымен кездеседі. Бір қызығы, Парагвай жігіттері де осы әлем чемпионатының 1/8-финалында пенальтидің арқасында келесі кезеңге өткен болатын. Нақтырақ айтқанда, осыдан бір күн бұрын алаң иелері Колумбия құрамасымен 0:0 есебімен тең түсіп, пенальти тебу сайысында 3:2 есебімен жеңіске жеткен...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика