“Астана” түзде “Ертісті” қосалқы құрамымен жеңді
«Астана» бірден үш додада, яғни Еуропа лигасында, ел чемпионаты мен кубогында бақ сынап жатқандықтан Павлодардағы матчта қосалқы құрамдағы футболшыларына сенім артты.
Рас, ойынның алғашқы минутынан бастап алаңға анда-санда негізгі құрамда ойнап жүретін төрт-бес футболшысы шыққан. Бірақ екінші таймда Станимир Стойлов олардың үшеуін жас футболшыларымен алмастырып жіберді.
Жарақатынан толық айығып кетпеген Нөсербаев қана бұл матчты бастан-аяқ ойнап шықты демесек, қалған ойыншылары негізінен Еурокубок додалары тұрмақ, Қазақстан премьер-лигасында шыңдалмаған жастар болатын.
Әйтсе де, «Астана» жастарымен-ақ «Ертісті» тізе бүктірді. Десек те, екі голды да елорда клубының тәжірибелі футболшылары соқты. Біріншісінде, Сергей Малый допты алға қарай құстай ұшқан А.Тағыбергенге әуелете асырды. Асхат қорғаушыны алдап өтіп, қақпашыны да қапы қалдырды.
Екіншісінде, Азат Нұрғалиев сол қапталмен алға ентелеп, алаң иелерінің қорғаушылары мен қақпашысын сеңдей соғыстырып, Т.Нөсербаевқа бере қойды. Таңат бұл мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ.
Негізі, бұған дейін Роман Мұртазаев пәрменді соққысымен таразы басын теңестірген болатын. Үш гол да бірінші таймда соғылып, екінші тайм «Ертіс» футболшыларының қақпаға доп енгізе алмау «сынымен» аяқталды.
Иә, алаң иелері екінші таймда бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберіп, Мокиннің қақпасын нысанаға алмай, пұшайман болды. Тіпті, пенальтиден гол соға алмай, жігерлері құм болды.
Ойынның негізгі уақытына қосылған қосымша минуттарда «Ертіс» 11 метрлік айып соққысын орындау құқығына ие болған-ды. «Астана» қорғаушылары Елдос Ахметовті қағып кетіп, ойын ережесін бұзған. Алайда алаң иелері бұл мүмкіндікті де жүзеге асыра алмады. Пенальтиді әдеттегідей Мұртазаев немесе басқалары емес, Фаль орындап, Мокиннен айласын асыра алмады.
Сөйтіп, Қазақстан премьер-лигасының соңғы турларында жеңілістен кһз ашпай жүрген «Ертіс» ел кубогы жолында да жеңіліске ұшырады. Енді қараша айының басындағы қарымта кездесуде есе қайтаруға тырысып көреді. Бұлай дейтін себебіміз, «Астананың» бас бапкері жауапты матчта да алаңға қосалқы құрамдағы жастарын шығаратындығын меңзеп отыр.
«Ертіс» – «Астана» – 1:2
Голдар: Тағыберген, 23 (0:1). Мұртазаев, 33 (1:1). Нөсербаев, 37 (1:2).
90+4-минутта Фаль пенальтисоға алмады.
«Ертіс»: Цирин, Ахметов, Фрейдгеймас (Фаль, 83), Йирсак, Керла, Аяғанов (Сартаков, 46), Фонсека, Фернандес, Гетериев, Мұртазаев, Ли (Григалашвили, 46).
«Астана»: Мокин, Жүнісов, Шитов (Жақыпбаев, 46), Малый (Зайнетдинов, 46), Наджарян, Күлбеков, Тағыберген (Сәулет, 58), Қалабаев, Алиев, Нұрғалиев, Нөсербаев.
Бәрі де Атырауда шешіледі
«Қайрат» өз алаңында «Атырауды» бір доп айырмасымен ғана ұтты. Қонақтары бұл ойында шабуылы жойқын ала иелеріне төтеп берді-ақ. Әсіресе қақпашысы Жасур Нарзикулов бұл ойында ерекше көзге түсті.
Ол «Қайрат» футболшыларының бірнеше соққыларына тосқауыл бола білді. Алматылықтардың тепкен доптарын тойтарды да, қағып алды да, бауырына басып қалды да.
Жалпы, бұл ойында «Атырау» гол соғудан гөрі өз қақпасына доп жібермеуді көбірек ойлады. «Қайраттың» көсіле сілтеуіне жол бермей, бапкерлерінің тактикасын берік ұстанды.
Әйтсе де, алаң иелері бір гол соқты. Исламбек Қуаттың қуатты соққысын атыраулықтар тойтара алмады. Енді финалға қайсысының шығатыны 5 қараша күні Атырауда өтетін қарымта матчта шешіледі.
«Қайрат» – «Атырау» – 1:0
Гол: Қуат, 72.
«Қайрат»: Покатилов, Қуат, Маркович, Ампоста, Сүйімбаев, Тимощук, Бакаев, Аршавин (Тұрысбек, 88), Исламхан, Исаэль (Тавамба, 63), Гоу (Асеведо, 79).
«Атырау»: Нарзикулов, Чуреев, Дамчевски, Ламанж, Эсатов, Эссаме, Сапаров, Федин (Шабалин, 75), Куртеян (Маров, 90+1), Шарпар, Трытко (Аржанов 58).