Әдетте бас бапкерлер матчтан кейін тек ойын жайлы айтуға тырысып, қарсылас командадағы әріптесін қанша жерден жақтырмай тұрса да, ол жайлы жаман сөз айтпауға тырысады. Алайда, Ақтөбеде орын алған бассыздық әбден қитығына тиген секілді, ойыннан кейін «Астананың» бас бапкері Станимир Стойлов баспасөз мәслихатында ағынан жарыла сөйлеп, «Ақтөбенің» бас директоры Дмитрий Васильев пен бас бапкері Юрий Уткульбаевқа өкпе-назын төкті.
– Кипрдегі ауыр матчтан кейін, сондай-ақ ұзақ жол жүрістің кесірінен бүгінгі ойын бізге қиын болды. Алаңға шаршап шыққандарына қарамастан жігіттердің соңына дейін айқасқандарына ризамын. «Ақтөбе» де барын салды. Бірақ біздің шеберлігіміз басым болып, жеңісті жұлып алдық, - деп бастады баспасөз мәслихатын 1:2 есебімен аяқталған «Ақтөбе» – «Астана» кездесуінен кейін Станимир Стойлов.
– Матч басында әріптесіңіз Юрий Уткульбаев сіздің қолыңызды алған жоқ. Бұл жайлы не дейсіз?
– Бұл жаттықтырушының қайдан келгенін білмеймін. Дегенмен, «Астананың» бапкерлері қол алысуға лайық емес деп есептейтін болса, бәлкім ол «Реал Мадридтен» келген шығар. Екі күн бұрын «ағаш адам» Васильев келіп, бізге ертегісін айтқан еді. Ол бізге автобус та, жаттығу алаңын да бермеді. Өзін Қазақстан футболын дамытып жатырмын деп есептеп жүр. Ал «Ақтөбе» үшін не жақсылық істеді? Бұрын олар еліміздегі ең әдемі ойнайтын команда болатын. Ең жоғарғы орындарға таласып жүрді. Біз соңғы екі жыл бойына еурокубок турнирлеріне қатысып, Қазақстан футболы үшін көп нәрсе жасадық. Ал бұл адам келе салып, бізге футбол ойнауға үйреткісі келеді. Егер Федерация дұрыс жұмыс істеген болса, ол мұнда мүлдем жұмыс істемес еді. Қазір оның ғаламторда тарап кеткен телефон жазбасына бүкіл Еуропа күліп жүр. Мұндай ауылбай феодалдардың қалай футболда жүретінін түсінбеймін. Ал жаттықтырушысы Уткульбаев болса Васильевтің құлы. Ол Қазақстан футболына еш абырой әкелмейді. Жалпы, мұндай адамдар Қазақстан футболында жүрмеулері керек.
– Сонда матч алдында Васильев не істеп қойды?
– Регламентте бәрі көрсетілгеніне байланысты ол бізге автобус та, жаттығу үшін алаң да берген жоқ. Тіпті, хаттамаға енбей қалған футболшыларымыз үшін билет те бермеді. Қалай болған күнде де бірінші кезекте адамгершілік жоғары тұруы тиіс. Бірақ ол өзіне ешнәрсе болмайтынын, өзіне қарсы ешқандай шара қолданылмайтынын жақсы біледі. Сол үшін осындай бассыздық әрекеттерге барып отыр. Мұндай адамдар футболда жүрмеулері керек. Әлгі телефон жазбасынан кейін оны отырғызып тастау керек еді, ал ол әлі жұмысын жалғастырып жүр. Ақтөбенің стадионына қараңыздаршы, бұрын мұнда әр матчта көрермен лық толып отыратын. Қазір жартысы ғана толады. Егер бұлай жалғаса берсе, трибунада үш-ақ адам қалады. Бұрын «Ақтөбе» еліміздегі ең үздік команда болатын, ал қазір...
– Қазір «Астананың» қосалқы құрамында кіл жастар қалды. Шабуылшы Алексей Щеткинді қалай жіберіп қойдыңыздар?
– Біз Щеткинді жіберген жоқпыз. Васильев пен Марко (Трабукки «Астананы» 30 маусым мен 30 тамыз аралығында басқарған италиялық маман – автор) оны бізден ұрлап алды. Бұған дейін «Ақтөбе» бізден екі рет Щеткинді сұраған. Екеуінде де біздің басшылық қарсы болды. Бірақ Марко келді де, менен сұрамастан Щеткинді «Ақтөбеге» бере салды. Футболда бұлай жасауға болмайды. Щеткин бізбен қоштасуға келгенде бәріміз төбемізден біреу қойып қалғандай тұрып қалдық.
– Ал бүгін Щеткиннің «Астанаға» қарсы алаңға шықпайтынын білдіңіз бе?
– Жоқ, білген жоқпын. Мен өзі шешуі тиіс деп айтқанмын. Дәл осындай жағдай «Ертіске» жалға берген кезімізде Малыймен болған. Бірақ бұл бас бапкердің бас қатыратын нәрсесі емес. Біздің жұмысымыз команданы дайындау. Ал Уткульбаев – Васильевтің құлы. Соның бұйрығымен маған қолын бергісі келмеді. Футбол – цирк емес қой. Ол жанкүйерлерге қуаныш сыйлауы қажет.
– Бүгінгі ойынға көңіліңіз тола ма?
– Иә, ойынға да, ойын нәтижесіне де көңілім толады. Дегенмен, «Ақтөбе» де соңына дейін барын сала ойнады.
– Бір гол соғып алға шығып алғаннан кейін сіздің командаңыз қорғанысқа жантайып жатып алды. Қарсыласқа ойын тізгінін беріп қою сіздің жоспарыңыз ба еді?
– Жоқ, «Ақтөбе» жақсы ойнап, бізді қорғанысқа қысып тастады. «Апоэлмен» болған ойыннан кейін біздің жігіттер алаңға шаршаңқы шықты. Бірақ таразы басын теңестіруге мүмкіндік беріп қойғаннан кейін біз жігерлік танытып, жеңісті жұлып алдық. Ал «Ақтөбе» 20-25 минутты тамаша өткізді. Сол сәтте гол соға алды.
– «Астана» өткен турда «Қайраттан» ұтылды. Еурокубоктың ойынына жақсырақ дайындалу үшін ойынды алматылықтарға әдейі беріп қойдыңыздар ма?
– Жоқ, ол ойында бізге тепе-теңдік жетіспеді. 13 ойыншымыз тек соңғы сәтте ғана командаға қосылып, матчқа дұрыс дайындалып үлгермей қалдық.
– Юрий Логвиненко жарақатынан қашан айығады?
– Алдағы сәрсенбі ел кубогының жартылай финалы. Сол матчта болмаса да келесі кездесуде алаңға шығуға дайын болады. Юра – «Ақтөбе» тәрбиелеген керемет футболшы. Алдағы уақытта командада осындай ойыншылар ойнаулары тиіс.
– «Астананың» кестесі тығыз. Команданы 12 күнде 5 кездесу күтіп тұр. Ел чемпионаты мен еурокубоктық турнирде сәтті өнер көрсету үшін ел кубогын құрбан етпейсіздер ме?
– Біз тек ел чемпионаты мен еурокубок үшін ғана емес, ел кубогы үшін де таласамыз. Дегенмен, біз ойыншыларды алмастырып тұруға дайынбыз. Бәлкім Павлодарда алаңға аз шығып жүрген ойыншыларға мүмкіндік беріп көретін шығармыз. Біздің командада Қазақстан ұлттық құрамасының 10-нан астам ойыншысы өнер көрсетеді. Бұл да құрметке лайық көрсеткіш.
– Өткен жылы «Қайратты» жеңу үшін «Атлетикомен» болған ойынды құрбан еткен едіңіз. Биыл да сондай жағдай қайталануы мүмкін бе?
– Биыл «Қайратпен» болатын матчтың алдында бізді ұлттық құрама кездесуі күтіп тұр. Тағы 13 ойыншымыз өз құрамаларына кетеді. Дегенмен, бір ойынды сәтте өткізу үшін басқа матчты құрбан ету керек болса, біз солай жасаймыз. Бірақ бұл жайлы әлі бас қатырып жүрген жоқпын. Әзірге жағдайымыз жақсы. Жақында қатарға Логвиненко қосылады. 20 күннен кейін Агим Ибраими жаттығуға кіріседі. Сол кезде бізге сәл де болса оңайырақ болады.