Вернуться к списку статей

“Тобыл” басымдық танытып, “Астана” жеңді-ау әйтеуір

Футбол
1K
«Тобыл» – «Тараз» – 3:1. Фото: fc-tobol.kz
Қазақстан премьер-лигасының ХХVІІ туры Қостанай мен Ақтөбедегі екі ойынмен тәмамдалды. Біреуінде «Тобыл» басым түссе, екіншісінде «Астана» жеңіске жетті.

“Тобыл” “Таразды” соңғы орында қалдырды

Ойын басталған бетте қонақтар есеп ашып, алға шықты. Андрей Яковлев Қостанай клубының айып алаңы ішінде емін-еркін қимылдап, екі қорғаушыны алдап кетіп, қақпашыны да қапы қалдырды.

Бұл гол «Тобыл» ойыншыларын намыстарын жанып өткендей болды. Алаң иелері шабуылды үдетті. Алайда гол соға алмай, біраз қара терге түсті. Тек бірінші таймның аяғына қарай ғана таразы басын теңестірудің сәті түсті.

Денис Главина алға ентелеп, «Тараздың» қоғаушылары “кімге пас берер екен” деп, оның әр қимылын аңдып жүргенде, алыстан шірене теуіп, теңбіл допты доғаша иіп, қақпа ішіне “қондырды”.

Екінші таймда «Тараздың» бас бапкері алаңға тың екі ойыншысын шығарып, командасының ойын өрнегіне тактикалық өзгерістер енгізді. Бірақ, сонда да, «Тобылдың» қарқынына төтеп беру мүмкін болмады. Көп ұзамай алаң иелері алға шықты.

Тағы да сол Главина атойлап алға шауып, қонақтар ойын ережесін бұзуға мәжбүр болды. Олар хорват қыранын шалып құлатты. Ал Шимкович пенальтиді мүлтіксіз орындап, алаң иелері алға шықты.

Ойын аяғында «Тараздың» қорғаушылары қателесіп, Тимур Досмағамбетов допты Асильдаровтың аяғына салып берді. Ойынға екінші таймда қосылған шабуылшы өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ.

Осы голдан кейін қонақтардың ұнжырғалары түсіп кетті. Себебі олар енді есепті теңестіре де алмайтын еді. Уақыт түгесіліп, матч аяқталуға айналған. Яғни «Тараз» кеше ғана алдын орап кеткен «Ақжайықты» бұл турда қуып жете алмайды. Кем дегенде, келесі турға дейін соңғы орында тұрады...

«Тобыл» – «Тараз» – 3:1

Голдар: Яковлев, 2 (0:1). Главина, 39 (1:1). Шимкович, 53-пенальтиден (2:1). Асильдаров, 88 (3:1).

«Тобыл»: Логиновский, Мирошниченко, Дмитренко, Яворский (Мухутдинов, 61), Гурман, Жулпа, Главина, Деак, Шимкович, Савич (Асильдаров, 61), Хижниченко (Досмағамбетов, 83).

«Тараз»: Григоренко, Киров, Воротников, Григорьев, Данилюк (Д.Евстигнеев 72), Яковлев, Эргашев (Мера 46), Пищур, Таубай (Сүлей, 46), Тәжімбетов, Мане.

“Астана” “Ақтөбені” әупіріммен жеңді

«Астана» соңғы ойындарда өрнекті ойын үлгісін көрсете алмай жүр. Еурокубоктар додасындағы маңызды ойындары мен арлы-берлі сапар шегу титықтатып жібергендей. 

Әйтеуір ойыншылары шиыршық атып тұрған жоқ. Өткен турда «Қайраттан» оңбай ұтылып қалса, Никосияда қолда тұрған жеңісті уыстарынна шығарып алды. Екі матчта да қимылдары сылбыр, жылдамдықтары баяу болды...

Бүгін оларға жеңіс ауадай қажет еді. Егер бүгін сүрінсе, өкшесін басқан «Қайраттың» ерекше қанаттанып кетері анық. Сондықтан ұпай айырмасын сақтау керек болатын.

Алайда бүгінгі жеңіс оңайлықпен келмеді. Рас, матч басында гол соғып алып, көңіл-күйлері көтеріліп қалды. Қорғаушылар көз жазып қалып, жалғыз қалдырып кеткен Кабананга сол аяғымен қақпаны асықпай “көздеп”, есеп ашты.

Алайда екінші таймның ортасына қарай «Астана» қорғаушылары тағы да қателесті. Сорокин де қақпаның оң жақ бағанасы жанында жападан-жалғыз қалыпты. Алдында да, жан-жағында да ешкім жоқ. Мұндайда гол соқпау мүмкін емес. Осылай есеп теңесті.

Бұдан кейін «Астана» тайлы-таяғымен шабуылға көшті. Бірақ біразға дейін гол соға алмай, діңкелері құрыды. Әйтеуір тыраштаны жүріп, матч соңында жеңіс голын соқты. Аничич басымен допты қақпаға енгізіп, «астана» қоржынына үш ұпай салды.

«Ақтөбе» – «Астана» – 1:2

Голдар: Кабананга, 11 (0:1). Сорокин, 66 (1:1). Аничич, 87 (1:2).

«Ақтөбе»: Отарбаев, Қайыров, Куаджа, Сорокин, Цвейба, Ситдиков, Давлатов, Кәкімов (Крюков, 83), Шестаков (Бойчук, 90+1), Бочаров (Николич, 89), Жалмұқан.

«Астана»: Эрич, Бейсебеков, Аничич, Малый, Шомко, Каньяс, Максимович, Тағыберген, Твумаси (Шитов, 70), Деспотович, Кабананга (Күлбеков, 90+1). 

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика