УЕФА-ның Афиныда өткен кезектен тыс Конгрессінде жаңа президент сайланды. Екі кандидат арасындағы сайлауда Александер Чеферинді 55 ұлттық қауымдастықтың (федерацияның) 42-ісі қолдап, дауыс берген. Ал екінші үміткер Михаэл ван Прааг (Нидерланды) 13 дауыс қана жинаған.
Сөйтіп, Александер Чеферин УЕФА-ның жетінші президенті болып сайланып, автоматты түрде ФИФА-ның вице-президенті болып шыға келді.
Жалпы, УЕФА 1954 жылы құрылған. Содан бері бұл ұйымды басқарып, президент болғандар: Эббе Шварц (Дания), Густав Видеркер (Швейцария), Артемио Франки (Италия), Жак Жорж (Франция), Леннарт Юханссон (Швеция) және Мишель Платини (Франция).
Чеферин 1967 жылы 13 қазанда Люблянеде туған. Осы қаладағы университетте заң маманы мамандығы бойынша жоғары білім алған. Отбасылық адвокаттық кеңседе жұмыс жасаған. Кәсіпқой спортшылар мен спорттық клубтардың құқықтарын қорғауға мүдделі болған. Кейін әкесінің орнын басып, фирма директоры болыпты.
Чефериннің Словения футболындағы қызметі 2005 жылы басталған. Әуелі "Лития" деген футзал клубының басқармасымен тығыз байланыста болған. Дәл осы жылы "Любляна Лойерс" әуесқой командасының Атқару комитетіне кірген. Ал 2006-20011 жылдары "Олимпия" (Любляне) клубы басқармасының мүшесі болып, тәжірибе жинақтаған.
2011 жылы Словения футболы қауымдастығының президенті болып сайланған. 2015 жылы ақпан айында төрт жылдық мерзімге қайта сайланып, тағы да бекітілген. Әрі 2011 жылдан бері УЕФА-ның Заң комитетінде екінші және үшінші вице-президент қызметін атқарған.
Чеферин словен, ағылшын және итальян тілдерін еркін меңгерген. Үйленген. Үш баласы бар.
Ол Еуропа футболына президенті болып сайланған соң, УЕФА құрамындағы 53 ұлттық қауымдастыққа өзіне үлкен сенім артқандары үшін алғыс білдірді. Содан соң «мен – шоумен емес, командалық ойыншымын, УЕФА-ны жаңа жетістіктерге шығару үшін тың жобаларды жүзеге асыруға дайынмын, басты рөль ұлттық қауымдастықтарда болғанын қалаймын, ендеше, футболды бәріміз бірге дамытып, бірге қорғайық», – деді.