Вернуться к списку статей

Қазақстан-U19 құрамасы үш ойында өз қақпасына 14 гол жіберді

Футбол
2K
Қытайда «Төрт ұлт» турнирі деп аталатын жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнир аяқталып, Қазақстан-U19 құрамасы үш ойында да ірі есеппен ұтылды.

Серік Әбдуәлиев жаттықтыратын жасөспірімдер арасындағы құрамамыз «Төрт ұлт» турнирінде қарсыластарының үшеуінен де ұтылды. Мексика таланттарынан 0:6 есебімен, ал Қытай қырандарынан 0:3 есебімен ойсырай ұтылғанын кеше жаздық.

Бұдан кейін Иран жеткіншектерімен кездесті. Бұл ойында есепті Бақтияр Зайнутдинов ашып қуантқан болатын. Себебі бұл біздің бозбалаларымыздың осы турнирдегі алғашқы голы еді.

Алайда, көп ұзамай, Иран жеткіншектері есепті теңестіріп, ал бірінші тайм біткенше алға да шықты. Екінші таймда тағы үш гол соғып, басымдық танытты. Есеп – 1:5

Сөйтіп Қазақстан-U19 құрамасы «Төрт ұлт» турнирінде “көштен” қалды. Үш ойында да ойсырай ұтылып, жігерімізді құм қылды. Осы турнирде өз қақпасына 14 гол жіберіп алып, бір-ақ гол соқты.

Үш ойында – 14 гол. Тым көп сияқты. Дәл осы құрамамыз 6-11 қазан аралығында Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде бақ сынайды. Қарсыластары – Ресей, Бельгия және Финляндия жеткіншектері. Олар да осылай төпелемесе етті...

Бапкерлер құрамы «Төрт ұлт» турниріндегі жеңілістерінен сабақ алып, қорытынды шығарады, қателіктерін саралайды деп сенеміз.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика