Вернуться к списку статей

“Төрт ұлт” турнирінде тас-талқан болып ұтылып жатыр бозбалаларымыз

Футбол
1K
Қазақстан – Мексика – 0:6. Фото: kff.kz
Қытайда халықаралық турнирге қатысып жатқан Қазақстан-U19 құрамасы екі ойын өткізіп, екеуінде де күйрей ұтылды. Жалпы есеп – 0:9.

19 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Қытайда «Төрт ұлт» турниріне қатысып, қазан айында өтетін Еуропа чемпионатының електік додасына дайындалып жатыр.

Өкінішке қарай, көрші елдегі турнирде Қазақстан-U19 құрамасы лайықты деңгейде өнер көрсете алар емес. Әуелі Мексика таланттарымен кездесіп, 0:6 есебімен оңбай ұтылды.

Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты «Мексика жастары біздің бозбалаларымыздан бір жас үлкен екен» деп ақпарат таратты. Қалай десек те, алты доп айырмасымен күйрей ұтылып қалғандары толғантады...

Серік Әбдуәлиев жаттықтыратын құрамамыз бұдан кейін Қытай жасөспірімдерімен кездескен. Алайда бұл ойында да Қазақстан-U19 құрамасы сенім үдесінен шыға алмады. Тіпті, тағы да бірде-бір гол соға алмай ұтылды. Есеп – 0:3.

Бүгін 19 жасқа дейінгі бозбалаларымыз Иранның жас таланттарымен кездеседі. Бұл елдің жас талантары да осал команда емес. Қалай болар екен, үшінші рет ойсырай ұтылып қалмас па екенбіз...

Ал Қазақстан-U19 құрамасының аға жаттықтырушысы Серік Әбдуәлиев «Осы турнирге қатысып жатқанымызға қуанамыз. Қарсыластарымыз – өте азулы құрамалар. Бұл біздің футболшылар үшін үлкен тәжірибе болмақ», – деп бұл жеңілістердің де пайдасы бар екендігін меңзепті.

Осы турнирдегі ойындардан қорытынды шығарып, Еуропа чемпионатының електік додасында нәтижелі ойын өрнегін көрсетсе, онда жөн...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика