Бірден айта кетейік, бүгінгі екі ойынның бірі ертеңге ауыстырылды. Көкшетаудағы «Оқжетпес» пен «Ақтөбе» арасындағы матч ауа-райының қолайсыздығынан 12 қыркүйекте, яғни дүйсенбі күні өтетін болды. Матч инспекторы Кәсіпқой футбол лигасымен ақылдаса отырып, екі команданың келісімімен бұл ойынды бір күнге кейін шегеріпті. Әрі Көкшеде емес, елодадағы «Астана-Арена» стадионында өтетін болып шешіліпті.
Ал Павлодардағы матчта қонақтар жеңіске жетті. Осы матчтың алдында «Ертістің» негізгі қақпашысы Давид Лорияның маусым соңына дейін қатардан шығып қалғаны белгілі болды. Арқасы ауырып, ота жасатпаса болмайтын болыпты. Енді Израильге барып, медициналық тексерістен өтеді екен.
Онсыз да кежегесі кейін тартып, үшінші орыннан айырылып қалуға айналған «Ертіске» бұл “жығылғанға – жұдырық” іспетті болғандай. Маусым соңында капитаннан айырылу оңай ма, тәйірі?..
«Ертіс» – «Ордабасы» матчының тағдыры бірінші таймның аяғында шешілді. Әуелі қонақтар пенальти ұру құқығына ие болып, бірінші таймның аяғында есеп ашты. Ал ойынның бірінші жартысының негізгі уақытына қосылған қосымша минуттарда тағы бір гол соғып, есепті еселей түсті.
Сол қанаттан Мардан Төлебектің шірене тепкен добын қақпашы Антон Цирин қағып ала алмай, кері қайтарған. Бірақ допты сол тұста жалғыз тұрған Александр Гейнрих бар пәрменімен теуіп, қақпа торын бүлк еткізді.
Пенальтиді де осы Гейнрих мүлтіксіз орындаған болатын. Өзбек шабуылшысы қыркүйектің басында мергендігімен көзге түсіп жүр. Өз елінің сапында екі ойында алаңға шығып, біреуінде гол соғып, екіншісінде нәтижелі пас берген болатын. Енді, міне Ертіс жағасында дубль жасап отыр.
«Ертіс» екінші таймда есепті қысқартумен ғана шектелді. Бұл гол да 11-метрлік айып соқысынан кейін соғылды. Бірақ Роман Мұртазаев пенальтиді сәтті орындай алмады. Ышқына тепкен добын Алмат Бекбаев қас шеберлік танытып, кері тойтарған. Алайда кері серпілген допқа өзгелерден Мұртазаевтың өзі бұрын жетіп, басымен қақапға дөп түсірді.
«Ертіс» қанша тырысса да, гол соға алмай қойды. Әрі алаңға жарақатынан толық айықпаған Гетериевті шығара алмады. Димитар Димитров екінші таймда тың кұш қоса алмай, пұшайман болды.
«Ордабасы» болса, қола жүлдеге қарай адымдап келеді. Өткен турда «Қайратты» жеңген, бұл жолы «Ертісті» сүріндірді. Үшінші орынға дейін бір-ақ ұпай қалды...
«Ертіс» – «Ордабасы» – 1:2
Голдар: Гейнрих, 41-пенальтиден (0:1). Гейнрих, 45+3 (0:2). Мұртазаев, 70 (1:2).
70-минутта Мұртазаев пенальти соға алмады.
«Ертіс»: Цирин, Ахметов, Фрейдгеймас, Керла, Есімов, Алиев (Аяғанов, 46), Йирсак, Фонсека, Мұртазаев, Фернандес, Ли.
Ордабасы: Бекбаев, Төлебек, Абдулин, Трайкович, Симчевич, Смаков (Ерланов, 82), Диакате, Гогуа (Әшірбеков, 75), Гейнрих (Бейсенов, 63), Тұңғышбаев, Касалица.
Төрешілер: Гороховодацкий (Алматы), Айжігітов (Қызылорда), Ходин (Атырау).