Вернуться к списку статей

“Астана” неге ұтылдың “Қайраттан” – айтшы себебін...

Футбол
2K
Игорь Шитов Бауыржан Исламханды тоқтата алмады. Фото: fckairat.kz
Кеше «Астана» футбол клубы Қазақстан премьер-лигасының ХХVІ туры аясындағы матчта «Қайраттан» ойсырай ұтылып қалды. Бүгін соның себеп-салдарларын жіктеп көрсек деп едік.

1. “Қайратпен” қырық пышақ болудың қажеті жоқ

«Астана» чемпионат соңында «Қайратпен» тайталасып, қырық-пышақ болғысы келмейді. Себебі Алматы клубын жеңу үшін көп күш-жігер жұмсау керек. Ал оның қажеті қанша? Ойыншыларын босқа зорықтырып қайтеді? Баз-біреулері жарақат алып қалса ше? Онсыз да жарақатына байланысты қатардан шығып қалған футбошылары аз емес.

«Астана» бәрін сырттай саралап-таразылап отыр. «Қайраттан» 10 ұпай айырмасымен ұзап кетіп, чемпион болғанда, мүйіз шыға ма? Жоқ, әрине. Бір-екі ұпаймен-ақ озық шығып, бірінші орынды “уысынан” шығармай, чемпиондық атақты жеңіп алса, болды емес пе?!

Тек алғашқы алтылықтағы қалған төрт командадан ұтылмаса, болды. Ең бастысы – басқа ойындарда ұпай жоғалтпау!

2. Ендігі меже – Еуропа лигасының 1/16 финалы

«Астана» үшін енді ең бастысы – Еуропа лигасында нәтижелі ойын өрнегін көрсету. Реті келсе, өз тобында кемі екінші орынға ие болып, 1/16 финалына шығу. Яғни қазақ футболының тағы бір соны жетістігіне бірінші болып қол жеткізу.

«Астана» – қазақ футболы тарихында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан команда. Енді Еурокубок додасының топтық кезеңінен өткен бірінші клуб болғысы келеді.

Сондықтан, кешегі «Қайратпен» өткен ойында жеңіске жету мақсат тұтылмаған сияқты. Әрине, ойсырай ұтылу да жоспарларында болмаған шығар. Негізі, жасыл алаңға «тең түссек те, жетіп жатыр» деген оймен шыққандай...

3. “Астана” “Қайратты” өштестіріп алғысы келмейді...  

«Астана» «Қайратты» қатты ызаландырғысы келмейтіндей. Сырт көзге кейде солай көрінеді. Мәселен, биылғы маусым басындағы суперкубок додасында ұтылды.

Дәл сол кезде «Астананың» «Қайратқа» шамасы жетер еді. Алматы клубы көктемде спорттық бабында емес болатын. Басқасы басқа, бірақ іле-шала «Тараз» бен «Ақжайықтан» ұтылған. Сол кездегі ойыны сын көтермейтін.

Білмеймін, әйтеуір «Астана» “жаралы” да, ызалы «Қайратты» өшіктіріп алғысы келмейтіндей. Өйткені шамына тие берсе, Алматы клубының құрамын тағы да күшейте түсуі мүмкін. Оған команда қожайынының шамасы жетеді. Сондықтан басты бәсекелесін құрамын одан әрі күшейте түсуге итермелегісі жоқ секілді. 

4. Ұлттық құрамалар ойындары – “Астананың” уайымы  

Елорда клубын шынымен де ұлттық құрамалардың жолдастық кездесулері мен ресми матчтары титықтатты. Тамыздың аяғы мен қыркүйектің басында «Астананың» бірнеше ойыншысы өз елдерінің ұлттық құрамалары сапында өнер көрсетіп қайтты.

Бас бапкер Станимир Стойловтың сөздеріне сүйенсек, біздің чемпионымыздың 13 ойыншысы өз елдерінің намысын қорғауға аттанған. Негізгі құрам сапындағы үш-ақ ойыншысы қарамағында қалған.

Ал «Қайраттың» бес-алты ойыншысы ғана Қазақстан ұлттық құрамасы сапына шақыртылды. «Астананың» легионерлері сияқты Еуропа мен Африкаға барған жоқ. Тек Талғар – Бішкек – Астана бағытымен шектелді.

«Астана» Қазақстан құрамасы көктемде Әзірбайжанды жеңіп, Грузиямен тең түсіп келгенде, «Ақтөбені» өз алаңында әзер жеңген (1:0). Содан кейін “боладысымен” біраз дау-дамайға ұласқан Қытай футболшыларымен өткен ойыннан соң да «Жетісуды» әупірімен ұтқан (1:0).

Ал «Қайрат» өз ойыншыларын Қытайға жібермей де қойған. Қазақстан құрамасы сапының өзінде, Қырғызстан және Польша құрамаларымен өткен соңғы екі ойында «Астананың» 5-6 ойыншысы, ал «Қайраттың» 3-4 футболшысы жасыл алаңға шықты.

5. Логвиненко болмаса, Постниковті еске аламыз

Юрий Логвиенко алаңға шықпап еді, «Астананың» орталық қорғанысы сыр беріп, берекесі кетті. Бас бапкер оның орнына Сергей Малыйды емес, Беларусь құрамасының ойыншысы Игорь Шитовты шығарған. Бірақ ол «Қайраттың» шабуылшыларын "тұсаулап ұстай” алмады.

Шитов әу баста БАТЭ сапында орталық қорғаныс шебінде ойнаған екен. Десек те, кешегідей маңызды матчтарда сенім арту қауіптілеу сияқты. Осы ретте, есімізге еріксіз Евгений Постников түседі.

Әрине, ешкім де қазір ашықтан-ашық айта (мойындай) қоймас. Әйтсе де, Шитовті Постниковке айырбастау соншалықты пайдалы, тиімді бола қойған жоқ сықылды...        

6. “Астанада” шабуыл үйлестіруші жоқ  

«Астанадағы» күрмеуі күрделі мәселенің бірі, шабуылды үйлестіріп, тамаша пастар беріп, реті келсе өзі де гол соғып отыратын ойыншы жоқ. Мәселен, кеше ойын тағдырын Бауыржан Исламхан шешті деуге болады.

Төрт гол да «Қайраттың» капитанының шеберлігінің арқасында соғылды. Бір голды өзі соғып, қалған үшеуінде теңбіл допты ұрымтал жердегі серіктестерінің аяғына салып берді.

Елорда клубы маусым басынан бері осындай ойыншы таппай жүр. Көктемде келген Бесарт Абдурахими мен Аруна Лукман сенім үдесінен шыға алмады. Бауыржан Жолшиев кеткелі қашан...

Осы шепке жазғы трансфер кезінде алынған Азат Нұрғалиев басында клуб басшылары мен бапкерлерін қуантып, үш ойында төрт гол соққан. Бірақ Еурокубок додалары мен соңғы ойындарда сенімді ақтай алар емес...

Алим Ибраими әлі де спорттық бабына келе де, өзінің қабілетін толық көрсете де алар емес. Оның үстіне, жарақат алып қалып, қатардан шығып қалды.

Бәлкім, қорғанысқа тірек болар шепке Рохер Каньяспен бірге Асхат Тағыбергенді шығарып, Неманья Максимовичті алға шығару керек пе екен? Оны енді Станимир Стойлов өзі шешеді. Біздікі құр – сырттай "тон пішу" ғана...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика