Бүгін елордада Қазақстан чемпионатының ең үздік клубтары кездесіп, көш басындағы «Астана» мен алтыннан әлі де үмітін үзе қоймаған «Қайрат» додаға түсті. Ойын басталмай тұрып-ақ «Астананың» құрамына қарап таң қалдық. Юрий Логвиненко әлі жоқ. Орталық қорғаныс шебінде Аничичпен бірге Малый емес, Шитов шыққан...
Сонымен ойын басталды. «Астана» жігіттерінің қимылдары – сылбыр. Шабан ойынмен шабуылы жойқын командаға төтеп беру мүмкін бе? Жоқ, әрине. Аяқтарын “санап” басып жүріп, алаңның ортасында доптан айырылып қалды...
Оң қанатан алға ентелеген Бауыржан Исламхан допты айып алаңының ішінде жападан-жалғыз тұрған Асеведоға ысыра салды. Герсон қақпаның оң бұрышын дәл көздеді. Эрич те допты тойтара алмай, қапы қалды.
Осы голдан кейін «Астана» еңсесін тіктеп, мұқият ойнауға тырысты. Бірнеше шабуыл ұйымдастырып, «Қайраттың» қақпасын нысанаға алып көрді. Бірақ соққыларының дені қақпадан қиыс кетіп, таразы басын теңестіре алмады.
Осылай бірінші тайм аяқталды. Ойынның екінші жартысында «Астана» тағы да шабуылдап, қонақтарын өз қақпасына қарай тықсыра түсті. Кезекті бір шабуылдарының бірінде допты Покатилов қағып алды да, бірден алдыға лақтырды.
Алаң иелері ойын басындағыдай “бүлкіл қағып”, бір-біріне сеніп жүргенде, «Қайрат» жылдам шабуыл ұйымдастырып, алға ұмтылды. «Астананың» екі қорғаушысын төртеулеп тықсырып, тағы бір гол соқты. Сол қанатта ойнақ салған Бауыржан Исламхан қорғаушы Шитовты да, қақпашы Эричті де сан соқтырып кетті.
«Астана» қайтадан шабуылға шығып, алда жүр. Бір мезетте допты ойынға бұрыштан қосу құқына ие болды. Басым көпшілігі алға кетті. Бірақ «Қайрат» ойыншылары допты кері тойтарып, тағы да жылдам шабуыл ұйымдастырды.
Бұл жолы екі қорғаушыны үшеулеп қыспаққа алды. Исламхан ортамен құстай ұшып, допты сол жағындағы Гоудың аяғына салып берді. Жерар шірене теуіп, үшінші голды соқты.
«Астананың» бас бапкері істің насырға шауып бара жатқандығын сезіп, екі ойыншысын алмастырды. Солардың бірі, атап айтқанда, Деспотович айып алаңының сыртынан кілт бұрыла теуіп, есепті қысқартты.
Алайда, бұл гол да «Астана» футболшыларын қанаттандыра алмады. Олар қорғаныста тағы да қателесіп, абайсызда допты Исламханның аяғына салып берді...
Мұндайды Бауыржан мүлт жібере қойсын ба? «Астана» қорғаушыларын бір-екі қимылымен-ақ шым-шытырық шатыстырып, оң жағындағы Аршавинге тамаша мүмкіндік жасап берді.
«Шайнап берген асты жұта салу» қиын болсын ба, алаңға содан жеті минут бұрын ғана шыққан Аршавин төртінші голды соғып, қуанышқа кенелді. Бұл гол осы ойынның нүктесі іспетті болды. Себебі «Астана» енді гол соғу емес, өз қақпасына доп жіберіп алмауды ойлауға көшті...
Сонымен «Қайрат» жеңіске жетті. Бұл ел біріншілігінің аяғы қызықты болатындығын білдіреді. «Астана» бүгінгідей селсоқ қимылдап, қалай болса солай ойнайтын болса, алтынға қарыс қадам жете алмай, сүрінуі де мүмкін.
«Астана» – «Қайрат» – 1:4
Голдар: Асеведо, 5 (0:1). Исламхан, 62 (0:2). Гоу, 68 (0:3). Деспотович, 71 (1:3). Аршавин, 76 (1:4).
"Астана": Эрич, Бейсебеков, Аничич, Шитов, Шомко, Каньяс, Максимович, Твумаси (Деспотович, 69), Мұжықов (Тағыберген, 85), Нұрғалиев (Нөсербаев, 64), Кабананга.
"Қайрат": Покатилов, Қуат, Маркович, Ампоста, Сүйімбаев, Бакаев, Тимощук, Исаэль (Аршавин, 67), Исламхан (Тұрысбек, 80), Асеведо (Рудосельский, 86), Гоу.