Вернуться к списку статей

Құрама сапы селдіреп қалды – тағы бір ойыншымыз жарақат алды

Футбол
2K
Эвертон (№20) әлем чемпионатында ойнай алмайды. Фото: afrk.kz
Футзалдан ХІІІ әлем чемпионаты қарсаңында Қазақстан ұлттық құрамасының тағы бір ойыншысы қатардан шығып қалды...

Колумбия ХІІІ әлем чемпионатына әзірленіп, дайындықтарын пысықтап жатқан ұлттық құрамадан тағы да бір жағымсыз жаңалық жетті. Өкінішке қарай, бір негізгі құрамдағы тағы бір белді ойыншымыз қатардан шығып қалыпты. Бұл жолы – Эвертон Рибейро Фонтоура.

Эвертон осы әлем чемпионаты алдында ғана ұлттық құрама сапын күшейту мақсатында тартылған ойыншы еді. Ол да Қазақстан азаматтығын алып, біздің елдің намысын қорғауға бел буған. Тіпті әлем чемпионаты дайындығы барысындағы матчтарда бес ойын өткізіп, үш гол соққан.

Әзірше қандай жарақат алғаны туралы нақты ақпарат жоқ. Бірақ әлем чемпионатына қатыса алмайды екен. Өкінішті-ақ. Осылай, бүкіләлемдік біріншілік басталмай жатып, үздік ойыншыларымыздан айырылып қалып жатырмыз. 

Бұл – Қазақстан құрамасының бүкіләлемдік біріншіліктің дайындығы барысында қатардан шығып қалып отырған үшінші ойыншысы. Тамыздың аяғында Бангкокота өткен халықаралық турнирдің Таиланд футзалшыларымен өткен соңғы матчында екінші қақпашымыз Григорий Шамро жарақат алып қалған болатын.

Ал Колумбияға барған бетте, жаттығу кезінде ұлттық құраманың сұрмергені Серік Жаманқұлов аяғын жарақаттап алып, қатардан шығып қалды. Енді, міне, Эвертон да әлем чемпионатында ойнай алмайтын болып отыр. Екеуі де ең үздік ойыншыларымыз болатын.

Ал кеше Букарамангадағы ұлттық құрама сапына туған елден Александр Гребонос барып қосылды. Ол әлем чемпионатында Серік Жаманқұловтың орнын басуы керек. Әзірше ФИФА-ның ресми түрдегі рұқсатын күтіп, құрама сапында жаттығып жүрген көрінеді.

Енді Эвертонның орнына кім барады екен? Оны алдағы уақытта білетін болармыз. Құрама сапындағы үздік ойыншыларымыздың қатардан шығып, сапы селдірей бастағаны өкінішті-ақ. Бас бапкер жігіттердің ащы терін аламын деп, “зорықтырып” және әлсіретіп алмаса болды. Колумбияға бара салып, футзалшыларымыздың "қаққанда қанын, сыққанда сөлін" алып жатқан жоқ па екен...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика