Вернуться к списку статей

Бозбалалар құрамасы әуесқой футболшыларды ұтып, “сүйінші” сұрады

Футбол
1K
Қазақстан-U19 құрамасы. Фото: kff.kz
19 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Талғарда «Алматытелеком» деген команданы ойсырата ұтыпты...

Қазақстан-U19 құрамасы Талғарда оқу-жаттығу жиынын өткізіп, Еуропа чемпионатының електік додасына дайындалып жатқан. Серік Әбдуәлиев жаттықтыратын жас жігітеріміз осы жиын барысында «Алматытелеком» деген командамен кездесіп, 5:1 есебімен жеңіске жетіпті.

Бұл ойындағы голдарды Оралхан Өміртаев, Артем Попов, Рауан Орынбасаров, Әбілхан Әбдукарімов жіне Нұрбол Әнуарбеков соғыпты.

Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты кеше түнде осы ақпаратты «U19 құрамасы жеңіске жетті» деген тақырыппен жариялап, «сүйінші» сұрады. Қазақстан чемпионатының премьер-лигасы болмаса да, бірінші және екінші лигаларындағы командалардың бірін жеңсе, бір сәрі...  

Негізі, бұл құрама таяу арада халықаралық маңызды додаларға қатысып, бақ сынайды. Әуелі 9-13 қыркүйек аралығында Қытайда өтетін «Төрт ұлт» турнирінде сынға түседі. Аталмыш доп додасындағы қарсыластары Мексика, Иран, және Қытай бозбалалары болады.

Содан соң, 6-11 қазан аралығында Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде бақ сынайды. Бұл – алдағы құрлық біріншілігінің алғашқы електік сатысы. Біздің бозбалаларымыз 1-топқа түскен. Қарсыластары – Ресей, Бельгия және Финляндия жеткіншектері.

Бірден айтайық, іріктеу турнирінің алғашқы кезеңіндегі 13 топтың ішінде ең қиындауына түстік. Қарсыластарымыз осал емес. Әрі електік сынның ойындары Бельгияда өтеді. Бозбалаларымызға тек сәттілік тілейміз.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика