Вернуться к списку статей

Сергей Малый – Алға Қазақстан! Менің елім!

Футбол
3K
Сергей Малый Роберт Левандовскиді
Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы өзінің Instagram-дағы жеке парақшасына патриоттық сөздер жазып, көпшілікті тебірентті.

Кеше түнде Қазақстан ұлттық құрамасының сапында ел намысын қорғап, Польша құрамасының әйгілі шабуылшыларына төтеп берген Сергей Малый бүгін Instagram-дағы жеке парақшасына патриоттық сөздер жазды.

Сергей Малый Польша құрамасының Роберт Левандовски бастаған, Германия, Италия, Англия, Франция чемпионаттарында ойнайтын жұлдыздарына дес бермей, 2:2 есебімен тең түскен ұлттық құрамамыз сапында бастан-аяқ ойнаған болатын.

Ол матч алдындағы Қазақстан құрамасының суретін өзінің жеке парақшасына салып, астына «Алға Қазақстан! Менің елім! Ал кімнің не ойлайтыны мені толғандырмайды» деп жазды.

Одан кейін матч барысында өзінің әйгілі «Бавария» клубының сұрмергені Роберт Левандовскидің жолын бөгеп, өткізбеген бір фотосын салып, «Тістесіп ойнаймыз (Өліспей, беріспейміз)» деген сөздер жазып қойыпты.

Естеріңізге сала кетейік, негізі Сергей Малый – Украина тумасы. 1990 жылы 5 маусымда Луганскіде дүниеге келген. Бірақ 2013 жылдан бері Қазақстанда ойнайды. Біздің елдің азаматтығын алған.

«Шахтер», «Ордабасы», «Ертіс» және «Астана» клубтарының сапында өнер көрсетті. Қазір – елорда клубы сапында.

2014 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетіп келеді. Содан бері 16 ойын өткізіп, Қазақ елінің намысын қорғады.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика