Вернуться к списку статей

Роберт Левандовски – Қазақстанның бірде-бір ойыншысын білмеймін, маған мұның қажеті де жоқ

Футбол
2K
Роберт Левандовски Қазақстан - Польша матчы туралы
Матчтан кейін польшалық баспасөзге сұхбат беріп, «Астана-Аренадағы» ойынды өз бетінше қорытындылаған поляктардың капитаны Роберт Левандовски Қазақстан сапынан ешкімді танымайтындығын айтыпты.

Естеріңізге сала кетейік, ойын барысында Роберт Левандовски қорғаушымыз Елдос Ахметовты шынтақпен ұрып құлатып, ернін қан-жоса қылса, одан кейін өзінен допты алып қойған Бауыржан Исламханды құшақтап қылқындырды.

– Бәрі біздің бақылауымызда болған. Екі гол соқтық, екі рет доп қақпа маңдайшасынан қайтты. Қарсыласымыз не істерін білмей жатты, - деп бастады «Бавария» футбол клубының шабуылшысы. – Бірақ, екінші тайм басталды да, жағдай күрт өзгерді. Қазақтар бізді қысып тастады да, мұндайды күтпеген біз абдырап қалдық. Ойын тізгінін қайтадан өз қолымызға алуға тырысқан едік, бірақ бірнәрсе жетіспеді. Екі ұпай жоғалтып алғанымыз өкінішті. Мұндай ойында қалайда жеңіске жетуіміз керек еді. Дегенмен, біздің топта тең есептер көп болады деп ойлаймын.

– Польша құрамасы үшін мұндай нәтиженің де пайдасы бар шығар?..

– Астанада біз бірінші минут болсын, 88-минут болсын, алаңда аянып қалмай, барымызды салуымыз қажет екеніне тағы бір рет көз жеткіздік. Мейлі 2:0 есебімен ұтып жатайық, мейлі таблода 3:0 нәтижесін көрсетіп тұрсын, бәрібір жүз пайызға барыңды салу керексің. Бүгінгі есеп үстімізден мұздай су қуып жібергендей әсер етті. Алайда, алда әлі ойындар көп. Қазақстанмен болған ойынның нәтижесі турнир кестесіндегі орнымызға кесірін тигізбейді деген үміттемін. Біз әлі де өз күшімізге сенімдіміз.

– Еуропа чемпионатындағы ерліктеріңізден кейін енді Польша құрамасына қарсы барлық құрама осылай барын салып ойнайтын шығар?

– Бізге, құдды бір, біреу әлем чемпионатынан орын дайындап қойғандай, ол жақта жүлделі орындардан дәмеміз бардай дандайсып жүруге болмайды. Бұған дейінгі іріктеу кезеңдерінде қалай ойнасақ, бұл жолы да солай көсілуіміз керек. Өздеріңіз көрдіңіздер ғой, қарсыластар бізге ұпайды оңайлықпен бере салмайды. Сондай кезде жұлып алатындай дәрежеге жетуіміз қажет.

– Жалпы, Қазақстанмен болған ойын қаншалықты қиын болды?

– Қиын болды деп айта алмас едім. Дегенмен, олар есепті сақтап қалу үшін өте дөрекі ойнап, бізді жиі құлата берді. Негізі, әр ойында осылай болады. Ешкімнен жақсылық күтпейміз. Ешкім бізге қарсы кездесулерде өздерін аяп қалмайды.

– Қарсыласыңызды қылқындырып, сары қағаз алдыңыз. Бұл дзюдодағы тәсіл ме?

– Тек дзюдодағы тәсіл емес.

– Қазақстанмен болған матчқа қандай баға берер едіңіз?

– Ойынның нәтижесіне қараңызшы, бізге әр матчта барымызды сала ойнауымыз қажет. Біз бәріміз осы ойында жіберген олқылықтарды алдағы кездесулерде толтыруға тырысамыз. Қайта келесі екі матчымыздың өз жерімізде өтетіні жақсы болған. Варшавада Дания және Армения құамаларын ұтуға тырысамыз.

– Қазақстан құрамасының тым болмаса бір ойыншысын білесіз бе?

– Маған оның қажеті жоқ.


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика