Вернуться к списку статей

Польша құрамасының бас бапкері Адам Навалка – Қазақстаннан мұндай ойынды күткен жоқ едік

Футбол
3K
Польша ұлттық құрамасының бас бапкері Адам Навалка
Қазақстан – Польша матчынан кейінгі қонақтардың бас бапкері Адам Навалканың баспасөз мәслихаты тек поляк тілінде бізге түсінікті тілге тәржімаланбады. Гәп аудармашы ұсынбаған ұйымдастырушы тарап, яғни Қазақстан футбол федерациясында екен. Ал поляктар орыс тілін білмейді, білсе де әдейі сөйлемейді. Амал жоқ, Адамның әр сөзіне шұқшиып, артынша ғаламторды ақтаруымызға тура келді.

– Бірінші таймда ойын тізгіні біздің қолымызда болды. Тіпті, 2:0 есебімен ұтып жатып та, үшінші және төртінші голдарды соғатын мүмкіндіктеріміз болды. Үзілістен кейін алаң иелерінің ойыны мүлдем өзгеріп шыға келді. Шыны керек, қазақстандықтардан мұндайды күтпеген де едік.

Қақпамызға кірген бірінші гол біз үшін күтпеген «сый» болды. Шыны керек, ақылға сыймайтын нәрсе. Бірінші таймда бізге қарсы ешнәрсе көрсете алмаған команда үзілістен кейін мүлдем құлпырып шыға келеді деп мүлдеп ойламаған едік. Екінші голдан кейін қазақстандықтар өздерінің мәнеріне салып, қорғаныс арқылы ойнай бастады.

Орталық шептегі ойыншыларымыз қателесті. Екі гол да сол жақтан келді. Егер осы шептегі ойыншыларымыз мұқият болғанда мұндайға жол бермес едік.

Матч алдында жігіттерге «хаостық ойынға жол бермеңдер, ақылға салып ойнаңдар» деп ескерткенмін. Хаостың алғашқы белгілері бірінші таймның соңында-ақ біліне бастады. Бірақ бұл бізге сабақ болмады. Екінші таймдағы екі қателігіміз екі ұпайымыздан айырды.

Енді бізге қазір елге барған соң осы кездесудің әр минутын саралап, сараптап, қорытынды шығаруымыз қажет. Бұл ойынды тезірек ұмытып, келесі кездесуге дайындалуымыз керек.

Өкінішке қарай, келесі кездесуімізге дейін әлі бір айдан астам уақыт бар. Негізі, бүгінгі ойыннан кейін көп созбай келесі матчты да өткізіп тастағанымыз дұрыс болар еді. Бүгінгі жеңілістен кейін жігіттер бірден желпініп ойнар еді.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика