Вернуться к списку статей

Қазақ додасындағы легионерлер – гол соғып та, үйленіп те үлгерді

Футбол
2K
Гейнрих гол соғып, Аршавин үйленді...
Қазақстан премьер-лигасында ойнайтын легионерлердің біразы өз елдерінің ұлттық құрамалары сапына шақыртылып, кейбіреулері жасыл алаңға шығып, гол соғып та үлгерді. Ал базбіреулері отанына барып, үйленіп те алды...

Шитов Беларусь құрамасымен жеңіске жетті

«Астана» футбол клубының қорғаушысы өз елінің ұлттық құрамасы сапына шақырылып, жолдастық кездесуде алаңға шықты. Нақтырақ айтқанда, Беларусь – Норвегия матчында бастан-аяқ ойнап шықты. Әрі Игорь Шитовтың отандастары түзде, яғни Ослода өткен матчта 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Гейнрих Сирияға гол соқты

«Ордабасы» клубының ойыншысы Александр Гейнрих Өзбекстан ұлттық құрамасы сапына шақырылып, ресми ойында гол соқты. Азияда 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі басталып кеткен.

Өзбекстан құрамасы кеше кешкісін Сирия құрамасымен кездесіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Жалғыз голды қазақ додасындағы, яғни біздің елдің премьер-лигасында өнер көрсететін Гейнрих соқты. Қуанғаны сол, селфилетіп те жіберді.

Ала шапанды көршілеріміз енді, 6 қыркүйек күні түзде, Катар құрамасымен кездеседі. Осы ретте айта кетейік, Өзбекстан құрамасы Азияның үшінші електік сатысында «А» тобына түскен болатын Бұл – алғашқы ойындары.

Максимович Сербияның екі құрамасы сапыннда ойнайды

«Астана» футбол клубының жартылай қорғаушысы Неманья Максимович Сербия футбол одағынан шақырту алған. Аталаған федерацияның ресми сайты жариялаған ақпаратқа сенсек, Максимович бүгін Сербия жастар құрамасы сапында 2017 жылғы Еуропа чемпионатының түзде өтетін електік матчына қатысады. Қарсыластары – Италия таланттары.

Ал 6 қыркүйек күні Сербия ұлттық құрамасы сапында Ирландия футболшыларымен өтетін 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы ресми ойында өз елінің намысын қорғауы керек.

Кабананга Конго Демократиялық Республикасы құрамасы сапында

«Астана» клубының шабуылшысы Джуниор Кабананга Конго Демократиялық Республикасының сапына кеткен. 4 қыркүйек күні осы елдің ұлттық құрамасы 2017 жылғы Африка ұлттары кубогының іріктеу турнирі аясында Орталық Африка Республикасы футболшыларымен кездеседі.

Кабананга өз елінің ұлттық құрамасы сапында бүгінге дейін 11 ойын өткізіп, бір-ақ гол соқты. Әзірше тек Кот д’Ивуар құрамасының қақпасына теңбіл допты дөп түсірді. Осы сапары сәтті болып, ОАР қақпашысын да қапы қалдырады деп ойлаймыз.

Ал Аршавин үйленді...

«Қайрат» футбол клубының ресейлік легионері Андрей Аршавин кеше, Білім күні үйленіп алды. Бұл оның екінші рет отау құруы болғанымен, бірінші рет некеге отыруы екен. Бұрынғы әйелі Юлия Барановскаямен тек азаматтық некеде болған көрінеді.

35 жастағы футболшы бұрынғы әйелімен тоғыз жылдай тұрып, үш бала сүйген. Бірақ екеуі 2012 жылы ажырасқан. Ал кеше 34 жастағы журналист Алиса Казьминамен үйленіп, кішігірім той жасап жібергенге ұқсайды. Бірақ кейбір туыстары мұны білмей де қалғанға ұқсайды.

Аршавиннің қазіргі әйелі Алиса бұған дейін бизнесмен Алексей Казьминмен 10 жылдай отасып, бір ұл, бір қыз сүйген. Андрей екеуінің кездесіп жүргендеріне төрт жылдай болыпты. Алиса кеше күйеуінің тегіне ауысып, Аршавина болыпты.

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика