Вернуться к списку статей

Байсейітовтің қылмысы әшкереленді, енді мұнымен ҚФФ немесе УЕФА мен ФИФА айналысады

Футбол
2K
Қылмыс әшкере болды. Енді жауапты органдардан жауап күтеміз
– Айғақ тауып бердік. Енді Қазақстан футбол федерациясының реакциясын күтеміз. Егер сол күйі үнсіз қалып, еш әрекетке бармаса, онда біз бұл материалдарды УЕФА және ФИФА-ға өткіземіз.

«Ордабасы» футбол клубының бас бапкері Бақтияр Байсейітов пен «Ақтөбе» футбол клубының директоры Дмитрий Васильевтің қылмыстары әшкереленді. Кеше «телефондағы әңгімеге» байланысты Алматыда баспасөз мәслихаты өтіп, «Фэйр плей» спорттық қоғамдастығы фонограмалық сараптаманың қорытындысын жариялады.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан екі апта бұрын ғаламторды шулатқан телефон жазбасында Байсейітов пен Васильевтің дауыстарына ұқсас екі еркек «Ақтөбе» мен «Ордабасы» ойынындағы есепті даулап, бірі екіншісіне «неліктен алдын ала келіскендей бізге жеңілмедің» деген сынды кінәрат тағып жатты. Ел футболында дүрбелең тудырып, шу шығарған бұл жазбаға Елбасы немересі Айсұлтан Назарбаев та үн қатып, кінәлілер анықталуы керек деп мәлімдеді. Ал «Фэйр плей» спорттық қоғамдастығы әлгі «кейіпкерлерді» фонографиялық сараптаудан өтуге шақырған. Тек Байсейітов қана келісім берді. Васильев сол күйі жауап берген жоқ.


Кеше баспасөз мәслихатына «Ақтөбе» футбол клубының директоры да келіпті. Өз өзіне демалыс жариялап алған ба, әлде «Ақтөбеде» бүгін жұмыс жоқ па, әйтеуір Алматыда жүргеніне жол болсын. Орта тұсында сөз алып, әңгіме ауанын мүлдем басқа арнаға бұрған ол мәслихаттың шырқын бұзды. Дегенмен, «Фэйр плей» мүшелері бар шындықты айтып үлгерді. «Телефон жазбасындағы» әңгіме шынымен де Байсейітов пен Васильевке тиесілі екен. Бұл бұлтармас айғақ. Енді мұнымен тиісті органдар айналысып, кінәлілерге жазаларын берулері қажет.


Ал баспасөз мәслихатынан кейін «Фэйр плей» спорттық қоғамдастығының үйлестірушісі, футбол заңгері Құттыбек Ысқақовпен телефон арқылы сөйлестік.

– Біз фонографиялық зерттеу орталығына әлгі «телефон жазбасындағы» әңгімені және «Ордабасы» футбол клубының ресми сайтынан алынған Байсейітовтің басқа бейнесұхбатының жазбасын ұсынғанбыз. Сарапшылар екеуі бір адамның дауысы деген шешім шығарып берді. Енді қорытындысын өзіңіз шығара беріңіз.

– «Ақтөбе» футбол клубының директоры Дмитрий Васильевтің дауысын тексерткен жоқсыздар ма?

– Жоқ, өйткені ол келісімін бермеді. Сөйте тұра кеше баспасөз мәслихатына келіп, журналистермен сұхбатымыздың шырқын бұзды. Бізді әбден балағаттап, қоғамдастығымызды қорлады. Оның неліктен Ақтөбе қаласында емес, Алматыда жүргенін түсіне алмадым. Кеше де «даусыңызды сараптаудан өткізуге келісесіз бе?» деп сұрадық. Тағы да бас тартты.

– Сонда дауыс кімнің тарапынан жазылған?

– Фонографиялық зерттеу орталығы "кімнің дауысы қатты шығып тұр, сол жағынан жазылған" деген қорытынды жасап берді. Яғни, Байсейітов тарапынан. Ол арнайы бөлме дайындаған да, телефонның дауысын қатты шығарып, диктафонды қосып қойған. Сондай-ақ, фонографиялық зерттеу орталығы ғаламторды шулатқан "телефон жазбасында" үшінші адамның дауысын да анықтаған. Ол Байсейітовпен бірге болған екен. Мұқият зерттеу барысында үшінші адамның сыбдырларын естіген. Жалпы, әлгі "телефон жазбасы" ешқандай монтажға ұшырамаған. Тек амандасқаннан кейін небәрі екі секунды ғана қиылып түсіп қалған екен.   

– Ал әлгі дауыс зерттеу орталығының шешіміне қаншалықты сенуге болады?

– Біз Санкт-Петербург қаласындағы фонографиялық зерттеу орталығының көмегіне жүгіндік. Ресейде ғана емес, Еуропадағы еңселі орталықтардың бірі. Бұлардың клиенттері Ресей ішкі әскерлері. Кезінде «Курск» сүңгуір кемесінің апатының салдарын зерттеген. Оларға сенбеу мүмкін емес.  

– Енді ары қарай не болады? Кінәлілер жазасын алады ма?

– Біз ең бастысы анықтап бердік. Енді ары қарай тәртіп сақшы органдары, құқық қорғау органдары айналысулары керек. Егер бізден материалдар сұраса, біз қажетті құжаттарды ұсынуға дайынбыз. Өткенде Қазақстан футбол федерациясының Сараптау комиссисиясы «Дәлелсіз жазалауға құқығымыз жоқ» деп жатыр еді ғой. Айғақ тауып бердік. Енді олардың реакциясын күтеміз. Егер сол күйі үнсіз қалып, еш әрекетке бармаса, онда біз бұл материалдарды УЕФА және ФИФА-ға өткіземіз.


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика