Вернуться к списку статей

Әміржан Мұқанов – Біздің әуесқойлар Еуропаның кәсіпқой футболшыларын тізе бүктірді

Футбол
1K
Әміржан Мұқанов - шағын футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері
Жақында шағын футболдан Қазақстан құрамасы Венгрияда өткен Еуропа чемпионатында топ жарды. Жерлестерімізді мажарлар еліне бастап барған ұлттық құрамамыздың бұрынғы бас бапкері Әміржан Мұқановпен сұхбаттасып, сол сапар жайында сұраған едік.

– Әміржан аға, Венгрияда өткен әуесқойлар арасындағы Еуропа чемпионатынан алған әсеріңізбен бөліссеңіз.

– Мұндай турнирге бірінші рет қатысуым. Өзім футзал маманымын ғой. Шағын футболға көп жолай бермеймін. Қазақстан құрамасының атынан бұл додаға түсуге елорданың "Есіл" командасы құқық алыпты. Команда басшылығынан ұсыныс түскенде біраз уақыт ойланып жүрдім. Өйткені, мұндай дайындық, ойын мүлдем басқа. 6х6 жүйесі бойынша ойнайсың. Оның үстіне, паркетте емес, жасыл алаңда және 4 өлшемді емес, бесінші өлшемдегі допты тептік. Мың ойланып, толғанған соң келісімімді бердім. Венгриядағы турнир тамаша өтті. Еуропаның ең мықты командалары келген екен. Ұйымдастырылу жағы да керемет болды. Жасанды жасыл алаңның сапасы Қазақстандағы стадиондарыңды он орайды. Көрермен көп. Алаң қожайындарының ойындары кезінде стадион лық толып кетіп жатты.

– Венгрияға барарда чемпион атанымз деп ойладыңыздар ма? Алдарыңызда нендей мақсат болып еді?

– Мажарстанға жақсы дайындалып бардық. Елде бір айдай жаттығу жасағанбыз. Ол жаққа да ерте жетіп алдық. Ауа-райына, басқа да жағдайларға бейімделу керек болды. Бірақ бірден ойындарға кірісіп кету оңай болған жоқ. Топтық кезеңнің ойындары ауыр тиді. Дегенмен, топтық кезеңнен кейін жігіттер бұған қанағаттанбай, одан әрмен де жеңіске жеткілері келді. Шыны керек, чемпиондықты жігерліктерінің арқасында жеңіп алды.


Еуропа чемпионы атанған "Есіл" командасы

– Командаңыздың дені әуесқой ойыншылары. Бұрын-соңды кәсіпқой деңгейде атой салып, биіктерді бағындырған ешқайсысы жоқ. Өзіңіз жаттықтыратын Қарағандының «Тұлпарынан» ойыншылар тартуды ойлаған жоқсыз ба? Қанша дегенмен кәсіпқой футзалшылар ғой...

– «Тұлпар» сапындағы бірді-екілі ойыншыны командаға қоссам деп ойлағанмын. Бірақ «Есіл» басшылығы ойыншыларды өздері жасақтап қойыпты. «Осы жігіттерді дайындап барасың» дегеннен кейін көндім. Бір жағынан «Тұлпардың» мықтылары қазір Қазақстан ұлттық құрамасының сапында әлем чемпионатына дайындалып жатыр.

– Ал басқа елдердің командалары сапынан таныс кәсіпқой футболшыларды байқаған жоқсыз ба?

– Көптеген командалар өз елдеріндегі кәсіпқой деңгейдегі ойыншыларын алып келген. Хорватия, Венгрия сынды кейбір құрамалардың қатарында ұлттық құрамаларының ойыншылары да жүр. Англия, Германия сапында кәсіпқой футзалшылар ойнады. Ал Ресей үлкен футболдағы ойыншыларын алып келіпті. Мысалға кезінде Ресей ұлттық құрамасында ойнаған Евгений Алдонинді байқап қалдым.

– Жалпы, чемпионаттың жүлде қоры қандай болды?

– Жүлде қоры болған жоқ. Бірақ ұйымдастырылу деңгейіне аузымызды ашып қайттық. Үйренетін нәрселер өте көп екен.


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика