Вернуться к списку статей

Қырғызстан “қалпақпен” ұрып алатын құрама емес екен...

Футбол
2K
Қырғызстан – Қазақстан – 2:0. Фото: sport.kg
Бүгін Қазақстан ұлттық құрамасы Бішкекте Қырғызстан футболшыларымен кездесіп, 0:2 есебімен ұтылып қалды.

Жоспар жүзеге аспады

Қазақстан ұлттық құрамасы бұған дейін Қырғызстан құрамасымен жеті рет кездескен болатын. Бес рет жеңіп, екі рет те түскен-ді. Доп айырмасы – 18:4. Алматыда өткен соңғы екі матчта 5:2 (01.06.2012) және 7:1 (05.09.2014) есептерімен үстемдік танытқанбыз.

Жасырып не керек, осы жолы да жеңіске жетіп, әлем чемпионатының електік додасын көтеріңкі көңіл-күймен бастағымыз келді. Айыр қалпақты көршілерімізді жеңіп, қуат алып, Польша құрамасына дейінгі ойында бір желпініп қалғымыз келді.

Алайда, іс жүзінде олай болып шықпады. Қырғыз бауырларымыздың футболшыларын «қалпақпен» ұрып ала алмадық. Ұтқаныңыз не, тіпті жеңіліп қалып, аптығымыз су сепкендей басылды.

Бішкекте – жарылыс, Мәскеуде – өрт...

Қырғызстандағы әріптестеріміздің сөздеріне сенсек, бүгін бұл ойынның өтпей қалуы да мүмкін болыпты. Өйткені бүгін таңертең Бішкектегі Қытай елшілігі алдында келеңсіз оқиға жүзеге асып, дипломатиялық уәкілдіктің қақпасын Mitsubishi Delica автокөлігі барып соғып, жарылған. Жанкешті лаңкес жарылыс кезінде көз жұмған...

Осы оқиғадан кейін бұл матчтың өтпей қалуы да мүмкін болған сияқты. Алайда сәл кейінірек Қырғызстан футбол федерациясы “матч 20:00-ден 22:00-ге дейін Дөлен Омурзаков атындағы стадионда өтеді” деп ресми мәлімдеме жасаған көрінеді.

Сондай-ақ бұл ойында Қырғызстан құрамасының ойыншылары 27 тамызда Мәскеудегі өртте қаза тапқан қырғыз қыздары мен әйелдерін еске алып, аза тұту мақсатында білектеріне қара таспа байлап шықты...

Құрама сапы

Бұл ойында біздің құрама сапында біраз өзгерістер жүзеге асты. Қақпаны Давид Лория қорғады. Жарақат алып қалған Юрий Логвиненконың орнына Виктор Дмитренко шығып, Сергей Малыймен бірге қорғаныстың орталық шебінде ойнады.

Қорғанысымыздың оң қапталында Елдос Ахметов ойнап, оның алдында тағы бір қорғаушы Абзал Бейсебеков ойқастады. Әрі екеуі аракідік орындарын ауыстырып та отырды.

Қорғаушы Ғафуржан Сүйімбаевқа сол қаптал бастан-аяқ толықтай сеніп тапсырылғандай болды. Өйткені Исламбек Қуат көбінесе ортаға қарай ойысып жүрді.

Қорғанысқа тірек болар шепте Самат Смақов ойнап, негізінен оған Мақсат Байжанов көмектесіп жүрді. Ал Исламбек Қуат олардан ілгері шепте өнер көрсетті.

Бауыржан Исламхан алғы шепте емін-еркін көсіле шауып, тіпті Ғафуржанға да көмектесіп жүрды. Ал шабуылымыздың ұштығы рөлін Сергей Хижниченко атқарды.

Бірінші тайм

Қырғыздар бұл ойынға бұған дейінгі бес жеңілістерінің есесін қайтаруға бекініп шыққандай болды. Аяқтарын тартпай, айылдарын жимай, қайсарлық танытты.    

Біздің құраманың ойындары үйлеспей қойды. Әсіресе, бір-біріне пас беруде жаңылыспаған ойыншымыз жоқ сияқты. Жаза басып, допты қарсыластарымыздың аяқтарына салып беру... шектен тыс көп болды.

Бірінші гол да осындай қателіктерімізден кейін соғылды. Команда капитаны жаза басып, допты қарсыластарымызға беріп қойды. Қырғыз футболшысы алға ұмтылды. Дмитриенко оның жолын кесіп, доп оның арқасына тиіп, алаң сыртына шығып кетті. Бұрыштама соққысы...

Ал доп бұрыштан ойынға қосылғанда, біздің қақпаны алды астан-кестен болып, бәрі де асып-састы. Кері қайтқан допты қырғыздардың капитаны, Ресейдің «Енисей» (Красноярск) клубының қорғаушысы Валерий Кичин алыстан шірене теуіп, қақпа торын жырта жаздады... Гол!

Екінші тайм

Осылай бірінші тайм аяқталды. Екінші таймда біздің құрама сапында алаңға үш жаңа ойыншы шықты. Қақпаға Стас Покатилов тұрды. Бірінші таймда көзге түспеген шабуылшымыздың орнына Жасұлан Молдақараев шықты. Ал Исламханды Азат Нұрғалиев алмастырды.

Әрине, біздің құрама есепті теңестіруге тырысты. Бірақ қырғыздар оған көне қоймады. Жан алып, жан берді. Тайталасып, беріспеді. Біздің жігіттер “ә десе, мә деуге” дайын, тура. Табан тіресе шайқасты. Десек те, екінші таймда біздің футболшылардың жылдамдықтары әлдеқайда жоғары болды.

Секундтар осылай сырғып, уақыт жылжып өте берді. Біздің құрама Қырғызстан құрамасының қорғанысын бұзып өте алар емес. Бас бапкеріміз Талғат Байсуфинов тағы да тың ойыншыларды қосып, қарекет жасауда.

Уақыт өткен сайын, біздің ойыншыларда асығу, асып-сасу байқала бастады. Ойындары мандымай қойды. Сөйтіп жүргенде, қырғыздар қапысын тауып, тағы бір гол соғып кетті. Тағы да допты өзіміз қырғыз футболшысының аяғына салып бердік. Тағы да алыстан... Бұл жолы доп доғаша иіліп, қорғаушыларымызды да, қақпашымызды да қапы қалдырды.

Біздің футболшылардың есепті қысқартуға тырысқан қимыл-әрекеттерінен де ештеңе шықпады. Тіпті қырғыздар үшінші голды соғып кете жаздап, жүрегіміз аузымызға тығылды...

Сонымен ойын бітті. Ұтылдық. Тіпті сөзден де тұтылдық... 

Қырғызстан – Қазақстан – 2:0

Голдар: Кичин, 44. Мурзаев, 81.

Қырғызстан: Кашуба, Кичин, Тэго, Майер, Байматов, Шамшиев (Сидоренко, 63), Мурзаев (Алимов, 89), Исраилов (Абдурахманов, 87), Дуйшобеков (Сыдыков, 72), Бернхардт (Мусабеков, 84), Люкс (Кайрат Жыргалбекуулу, 76).

Қазақстан: Лория (Покатилов, 46), Ахметов, Малый, Дмитренко (Кислицын, 57), Сүйімбаев (Шомко, 65), Бейсебеков, Смақов (Тағыберген, 60), Байжанов (Мұртазаев, 76), Қуат, Исламхан (Нұрғалиев, 46), Хижниченко (Молдақараев, 46).

Бас төреші: Чарымурат Курбанов (Түркіменстан)

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика