Вернуться к списку статей

Сейілдә Байшақов – 66 жаста!

Футбол
2K
Сейілдә Байшақов – 66 жаста. Фото: kff.kz
Бүгін қазақ футболының көрнекті тұлғаларының бірі, әйгілі қорғаушы, бүгінде танымал спорт қайраткері Сейілдә Икрамұлы Байшақов 66 жасқа толды.

Сейілда Икрамұлы Байшақов 1950 жылы 28 тамызда Жамбыл қаласында туған. Әкесі, марқұм Икрам Берікбайұлы Байшақов Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Жамбыл футбол мектебінің түлегі. Спорттық мектепті бітірген соң облыс біріншілігінде екі жылдай ойнайды. 17 жасында жергілікті «Алатау» командасына шақыртылады. Көп ұзамай «Қайраттың» жаттықтырушылары көріп қалып, оны атақты Александр Севидовтың өзі Алматыға шақырады.

«Қайрат» (Алматы) сапында 1971-81 жылдар аралығында өнер көрсеткен. КСРО чемпионаттарында 296 ойын өткізіп, 11 гол соққан. Оның ішінде Кеңес Одағы чемпионаттарының жоғарғы тобында 225 матч өткізіп, жеті голдың авторы атанған.

1974-81 жылдар аралығында «Қайраттың» капитаны болды. Халықаралық теміржолшылар спорттық одағы кубогының иегері (1971). 1977 жылы КСРО құрамасында екі ресми ойын өткізген. 1978 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойындарына қатысқан. 70-жылдардағы «Қайраттың» ең үздік ойыншыларының бірі.

Кейіннен шағын футболдан ҚР федерациясының президенті болды. Бүгінде – Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті. КСРО спорт шебері, Қазақстанның еңбегі сіңірген жаттықтырушысы.

Біз қазақ футболының ардагері һәм мақтанышы Сейілдә ағамызды бүгінгі туған күнімен құттықтаймыз. Ұзақ өмір, зор денсаулық тілейміз.

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика