ХХІV тур «Ертіс» пен «Оқжетпес» арасындағы матчпен басталды. Алаң иелері бірден атойлап алға шапқандарымен, қонақтар сауатты түрде қорғана біліп, қарсы шабуылдар ұйымдастырып отырды. Бірінші таймның ортасына таман осындай шабуылдарының бірі өте сәтті аяқталды.
Игорь Юрин сол қанатпен алға ентелеп, «Ертістің» қорғанысын бұзып өтті де, допты әуелетіп ортаға қарай асырды. Николас Каналес ышқына атылып, қақпаның келесі бағанасының түбінен тор ішіне сүңгітті. Қақпашы да, қорғушылар да Чили шабуылшысының емін-еркін гол соғуына мүмкіндік беріп қойып, жаза басты.
Әрине, бұдан кейін алаң иелері тым болмаса, есепті теңестіруге тырысып, жиі-жиі шабуылдаумен болды. Бірақ қонақтарының қорғанысынан “тесіп” те, “кесіп” те өте алмай, діңкелері құрыды. Сонымен қатар, кейде өздері қателесіп, кейде «Оқжетпестің» қақпашысынан айлаларын асыра алмай, пұшайман болды.
Мәселен, ойынның аяғына таман Карлос Фонсека допты Шота Григалашвилидің аяғына салып берген. Алайда қақпашымен бетпе-бет шыққан грузин футболшысы асып-сасып, допы қақпадан әлдеқайда биік тепті.
Бұдан кейін «Ертіс» ойыншыларының ұнжырғалары түсіп кетті. Ал «Оқжетпес» болса, осыны пайдаланып, тағы бір гол соқты. Алаң иелері жайбарақат, бейқам тұрған кезде Антон Чичулин допты алға қарай теуіп, Марат Хайруллинді қақпашымен бетпе-бет шығарып жіберді.
Хайруллин Григалашвили сияқты асып-сасқан жоқ. Артындағы қорғаушыдан сытылып кетіп, аяғына атылған қақпашыдан да жалт беріп, допты қақпаға туралап тепті. Бұл гол «Ертісті» есеңгіретті.
Сөйтіп, «Оқжетпес» Павлодар командасын қуып жетті десек те болады. Осы ойынның алдында «Ертіс» 23 ойыннан 41 ұпай, ал Көкше клубы 37 ұпай еншілеп тұрған.
«Ертіс» жеңіске жеткенде, өкшесін басқан «Оқжетпестен» әлдеқайда ұзап кетер еді. Бірақ ұтылып қалып, басты бәсекелесінің ұпай айырмасын мейілінше қысқартуына мүмкіндік беріп қойды. Енді Көкше клубында – 40 ұпай.
Кәм біледі, бәлкім бұл қола жүлде жолындағы маңызды кездесу де ме еді?! Ел чемпионатының басында біразға дейін екінші орында тұрған Павлодар командасы енді үшінші орыннан да айырылып қалмаса етті.
Айтпақшы, бұл ойынның нәтижесі «Ордабасы» командасы үшін де – өте тиімді. Қола жүлде жолындағы бәсекелестік енді қыза түскендей.
«Ертіс» – «Оқжетпес» – 0:2
Голдар: Каналес, 21. Хайруллин, 88.
«Ертіс»: Лория, Есімов, Даутов, Фрейдгеймас, Сартаков (Ли, 83), Йирсак, Фонсека, Григалашвили, Гетериев, Мұртазаев (Фернандес, 65), Фаль.
«Оқжетпес»: Стаменкович, Чичулин, Кислицын, Куксин, Мангуткин, Волков, Еоне, Юрин (Нганбе, 90+3), Хайруллин, Молдақараев (Жұмаханов, 89), Каналес (Бөлешев, 79).