Вернуться к списку статей

Қазақстан «Достастық кубогында»: 12 + 2 = 7

Футбол
1K
Фото com-cup.com сайтынан
Санкт-Петербургте «Достастық кубогы – 2016» додасы аяқталды. Қазақстан жастар құрамасы аталмыш халықаралық турнирде 7-орынды қанағат тұтты. Айналдырған төрт ойында 12 сары қағаз және 2 қызыл қағаз алып...

Қазақстан жастар құрамасы «А» тобында соңғы орынға табан тіреп, тек 7-8 орындарды сарапқа салу мүкіндігімен шектелген болатын. Қарсыласы «А» тобында жеңілістен көз ашпаған, қоржынына бірде-бір ұпай сала алмаған Тәжікстан жастары еді. Бірақ оның өзіндік себебі де бартын-ды. Тәжікстан жастар құрамасының сапындағы жігіттердің көбісі – өрімдей жас жеткіншектер, жасөспірімдер құрамасының өкілдері.

Әйтсе де, тәжіктің жас таланттары жанкешті екен. Нева жағалауына Қазақстаннан барған ағаларымен табан тіресе тайталасты. Ойынның аяғында шектен тыс шиеленісті бәсекелестік әбден қызып, екі елдің жас футболшылары бір-бірінің жағаларына да жармасты. Бұл кикілжіңнің аяғы төрешінің екі ойыншыны алаңнан қуып, екі ойыншыға ескерту жасап, ажыратып алуымен аяқталды.

Ал тартысты кездесу 3:2 есебімен аяқталды. Біздің құраманың сапынан Абат Айымбетов екі голдың авторы атанса, енді біреуін Әнуар Ағайсин соқты.

Сөйтіп, абырой болғанда, дегеніміз де дұрыс шығар, Қазақстан жастары соңғы ойында жеңіске жетіп, көш соңында қалып қалмай, 7-орынды қанағат тұтты. Негізі жастарымыздың әлеуеті бұл көрсеткіштен де жоғары сияқты еді. Оны жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Серік Әбдуәлиев те тілге тиек етіпті.

Тәжікстан бозбалаларымен өткен ойын аяқталған соң баспасөз жиынында: «3-ші, 4-ші, жоқ дегенде 5-ші орын еді – турнир кестесіндегі біздің орнымыз. Кейбіреулер мен өзімнің атымды шығару үшін осылай айтып отыр дер. Жоқ! Қарамағымдағы жігіттердің қабілеттерін білемін. Сондықтан осылай айтып отырмын», депті Қазақстан жастар құрамасының бапкері.

Дұрыс айтқан. Бірақ неге жастарымыз өз мүкіндіктері мен қабілеттерін толықтай жүзеге асыра алмады?! Жаттықтырушылар құрамы жігіттерімізді жігерлендіре алмады ма, әлде жас футболшыларымыз сенімді ақтап шықпады ма? Жаттықтырушылар тактикалық тұрғыда жаза басты ма, әлде жігіттер жасыл алаңдағы өз міндеттері үстірт қарады ма?..

Есесіне, жас футболшыларымыз өздерін басқа жағынан «көрсетіп» қайтты. Айналдырған төрт ойында 12 сары қағаз және 2 қызыл қағаз алып, қызбалықтарын білдіртіп алды. Түсінбедік, футболшылар ма, әлде ойын ережесін бұзушылар ма?!

Жалпы, мұны арифметметикалық есепке «шаққанда»: 12 + 2 = 7-орын! Бұл есеп те «теңсіздікпен» аяқталып отыр. «Нәтиже» екі есе төмен... 

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика