– Станимир, бірінші тайм мен екінші тайм екеуі бір-біріне ұқсамайтын, мүлдем бөлек ойын болды. Себебі неде?
– Қалай десек те, жеңіске біз лайықты болдық қой. Бірінші таймда да гол соғатын мүмкіндіктеріміз көп болды. Бірақ голға айналдыра алмадық. БАТЭ де жақсы ойнады. Үзілістен кейін қарқынды арттырдық та, қатарынан екі гол соқтық. Жалпы, екі тайм бір-біріне ұқсас, екеуінде де біз мықты болдық. Жалпы, ойын ұнады. Дегенмен, бұл бар болғаны бірінші кездесу. Алда әлі жауапты матч бар. Ол бүгінгіден де қиын болады. БАТЭ өз алаңында жеңіске жету үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасайды.
– Байқағанымыздай, БАТЭ-нің шабуылы әлсіз секілді. Борисовте де басты екпінді шабуылға қоясыздар ма, әлде қорғаныс арқылы ойнайсыздар ма?
– Сенесіздер ме, негізгі екпінді шабуылға қояйық, қорғаныс арқылы ойнайық деген терминдерді Қазақстанға келіп естідім. Еуропада бұл екеуін жеке-жеке қарастырмайды. Қорғаныс пен шабуыл – егіз ұғым. Ойын барысында қорғанысты да ұмытпай, шабуылда да ширақ болуың керек. Рас, егер алдыңнан «Барселона» немесе «Реал» шықса, онда әңгімені «қорғаныс арқылы» деп бастауға болады. Ал Борисовте біз өз ойынымыздан айнымаймыз. Сәті түсіп жатса, гол соғуға тырысамыз. Қажет болса, 90 минут бойы қорғанысқа жатып аламыз. Онда тұрған ештеңе жоқ. Өйткені, жауапкершілігі өте зор, әрі маңызды ойын. Бізге Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығу керек.
– Дмитрий Шомко мен Игорь Шитовтың орындарын басқа қорғаушылар басты. Әдетте ортада ойнайтын Юрий Логвиненко сол қапталда ойнады. Ал ортада Марин Аничич пен Сергей Малый жұп құрады. Бұл жаңашылдық туралы не айтасыз?
– Қақпамызға гол жіберген жоқпыз. Демек, қорғанысымыз берік болды. БАТЭ футболшыларында гол соғатын жақсы мүмкіндік те болған жоқ. Сондықтан, олардың ойындарына жоғары бағамды беремін. Дегенмен, тек қорғаныс қана емес, бүгін барлық шеп сауатты ойнады.
– «Астананың» ойыны Азат Нұрғалиев алаңға шыққаннан кейін ғана оңалып, бірден екі гол соқтық. Ол неге қосалқы құрамда алаңға шыққан жоқ? Енді жауапты матчта оған негізгі құрамнан орын табыла ма?
– Келесі матч жайлы әлі ойланған жоқпын. Азат «Селтикке» қарсы ойындарда алаңға бірінші минуттардан бастап шыққан. Бұл жолы Серікжан Мужиковтың жасыл алаңдағы қулығын пайдаланғым келді. Оның үстіне, басқа жігіттерге қарағанда Нұрғалиевтің еурокубоктағы тәжірибесі аздау. Жалпы, қосалқы құрамда ойынды күшейте алатын бір джокердің болғаны жақсы ғой. Мәселен, өткен жолы Агим Ибраими екінші таймда алаңға шықты да, «Селтик» қақпасына әдемі гол соқты. Бүгін де Азат Нұрғалиев алаңға шыға салысымен команданың қарқынын күшейтіп, тамаша голдың авторы атанды. Жалпы, алаңға ойын барысында шыққан футболшылардың барлығы осындай болуы қажет. 90 минут ойнайсың ба, 45 минут па, тіпті 2 минутқа алаңға шықтың ба, ол жағы маңызды емес. Ең бастысы, өзіңе берілген уақытта барыңды сал. Сонда ғана мақсатыңа жетесің. Ал Азатты қосалқы құрамның ойыншысы деп санамаймын. Ол менің басты үміт артарларымның бірі.
– Джуниор Кабананга әуедегі доптарға таластың бәрінде жеңілді. Оның ойыны туралы не айтасыз?
– Егер ол барлық мүмкіндігінде гол соғып, барлық допқа тартыстарды өз пайдасына шешіп жүрген болса, баяғыда-ақ «Реал» немесе «Барселонада» ойнап жүрер еді. Ең бастысы, Джуниор арқаны кеңге салып жүрген жоқ, жасыл алаңда жанын салды. Маңызды гол соқты. Шабуылшы сондай болуы қажет.
– Ақорыстарды ойсырата жеңетін мүмкіндігіміз болды. 2:0 есебіне көңіліңіз толады ма?
– Егер жауапты матчта да жақсы ойнап, Еуропа лигасының топтық кезеңіне өтер болсақ, онда осы есепке көңілім толады. Егер Борисовте мүмкіндігімізді жіберіп алар болсақ, бүгінгі жеңісіміздің құны көк тиын.Өз басым, «Астананы» Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығармай, тыншымаймын.